Жалындаған жастық шақ, өріне шық өмірдің

Қосшы жаңалықтары
view 275
news

Бүгінде Қосшыда 14-35 жас аралығында 14 805 жас бар. Жергілікті жастардың түрлі бағыттағы бастамаларын іске асырып, белсенді қалалықтардың басын қосу үшін жастар ресурстық орталығы барынша тырысып бағуда. Ашылғанына көп бола қоймаса да шығармашыл, жанашыр адамдардың бас қосатын орнына айналып үлгерді. Жақында Халықаралық жастар күні жиналып, алғаш рет мерекені табиғат аясында атап өтті. Жастар саясатын дамыту мен жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Осыдан 11 жыл бұрын жастардың ортақ мәселелерін республикалық, жергілікті деңгейде қолға алу үшін Жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады. Қосшы қаласында аталмыш орталық 2021 жылы ашылды. Мұндағы қызметкерлер волонтерлік қызметті дамыту, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру сияқты басқа да маңызды жұмыстарды атқарады. Жастар ресурстық орталығының директоры Ақылбек Данабекұлының айтуынша, арнайы бекітілген іс-шаралар жоспары бар. Айта кету керек, мекере қарсаңында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін ол Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ермек Маржықпаевтың алғыс хатымен марапатталды. Жыл басынан бері өңірімізде түрлі форматтағы 100-ден астам іс-шара өткізілді. Жұмыстардың басым бөлігін әкімдікпен, қалалық бөлімдермен бірлесе жүзеге асырады. Мысалы, шаһар жастарын «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тарту жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл «екі қолға бір күрек» таппай жүргендер үшін табыс табудың бірден бір амалы. Соңғы жылдары NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Жалпы, өңірімізде ұмтылған, талпынған жасқа жағдай жасалуда.

– Жастар қашан да асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз. Сондықтан бүкіл әлемде аталып өтетін мерекені еркін форматта атап өтуді жөн көрдік. Атаулы күнмен қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді, жастармен пікір алмасты. Сондай-ақ қалалық мәслихаттың депутаттары Ирина Осипова-Дюсекеева мен Ақылбек Данабекұлы да бұл күндерін бізбен бірге өткізіп, сұрақтарға жауап берді, – дейді Жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс маманы Гүлфайруз Жамантай.

Халықаралық жастар күніне орай тимбилдинг «TauPark» демалыс орталығында өтті. Оның мақсаты – қатысушылардың әлеуетін дамыту, өзін-өзі қалыптастыру және тиімді уақыт өткізу. Шыдамдылық пен алғырлықты сарапқа салатын ойындар ойнатылды. Команда мүшелерінің сөзіне қарағанда, бұл олардың бір-бірін қолдап, алға ұмтылуға себеп болды. Жиналғандар мерекелік көңіл-күймен ас әзірлеп, киіз үйде ақ дастарқан жайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірде көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзін келтірді. Шын мәнінде президентіміз де жастарға сенім артады. Сол себепті жастар саясатын жаңғыртуға ерекше мән береді. Естеріңізге сала кетейік, биыл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда «жастар үшін» қағидатынан гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие.

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *