«Білім бәйгесі» – жас ұстаздардың зияткерлік алаңы
Фото: Ресми дереккөзден
Қосшы қаласында жас педагогтердің білімін шыңдап, кәсіби байланысын нығайтуға бағытталған «Білім бәйгесі» зияткерлік квизі өтті.
Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен танымдық сайыс жас ұстаздардың білім деңгейін, логикалық ойлау қабілетін және тапқырлығын сынауға мүмкіндік берді. Зияткерлік кездесудің басты мақсаты – педагогтер арасында өзара тәжірибе алмасуды дамыту, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және білім беру саласындағы жаңашылдыққа деген қызығушылықты арттыру.
«Білім бәйгесі» тек білім додасы ғана емес, сонымен қатар жас мамандардың басын қосып, өзара пікір алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және кәсіби ортада тың серпін алуына жол ашқан тағылымды кездесу болды.
Сайыс барысында қатысушылар өздерінің білімін, шапшаңдығын және бірлесе жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Командалар берілген тапсырмаларды орындау арқылы тапқырлықтарын танытып, білім мен тәжірибенің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша Қосшы қаласының мектеп-гимназиясының «OI-LAA» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынға №3 мектеп-лицейінің «Зейін» командасы тұрақтаса, осы білім ордасының «Позитив» командасы үшінші орынға ие болды.
Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды құттықтап, сайысқа қатысқан барлық командаға белсенділіктері, ерекше идеялары мен жоғары дайындықтары үшін алғыс білдірді.
Сайысқа қатысушылардың бірі мұндай кездесулердің жас мамандар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Осындай зияткерлік сайыстарға қатысу біз үшін өте пайдалы. Бір жағынан, білімімізді сынап, өз мүмкіндігімізді бағамдасақ, екінші жағынан, әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, жаңа идеялар аламыз. Командалық тапсырмалар бірлесе жұмыс істеуге, жылдам шешім қабылдауға және өзара қолдау көрсетуге үйретеді. Алдағы уақытта да осындай танымдық шаралар жиі ұйымдастырылса екен», – деді қатысушы.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл бастама жас педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Білім беру саласы үнемі ізденіс пен жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан жас ұстаздардың басын қосатын мұндай кездесулер олардың кәсіби тәжірибесін байытып қана қоймай, білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу – білімді ұстаздан басталады. Ал білікті ұстаздың қалыптасуына ізденіс, тәжірибе және үздіксіз даму негіз болады.
Пікірлер (0)