Дауыс беру – Ақмола облысының қоғамдық өміріне азаматтық қатысудың маңызды тетігі
Фото
Бүгін Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Бұл тұрғындар үшін конституциялық құқығын жүзеге асырып қана қоймай, қоғамдық өмірге тікелей араласуға, өңірінің болашағына қатысты көзқарасын білдіруге және өкілді биліктің қалыптасуына үлес қосуға берілген мүмкіндік.
Мәслихаттардың қызметі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешумен байланысты. Олардың қатарында аумақтарды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік сала және басқа да маңызды бағыттар бар. Сондықтан сайлауға саналы түрде қатысу тек учаскеге келіп, дауыс берумен шектелмейді. Ол кандидаттардың бағдарламаларына, ұстанымдары мен ұсыныстарына қызығушылық танытуды да қамтиды.
Азаматтық белсенділік пен жеке таңдаудың маңызы туралы №16 сайлау учаскесінде дауыс берген «Ақмола облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева айтып берді.
Дауыс беру күні ол қаладағы бірнеше сайлау учаскесін аралаған. Өз байқауынша, учаскелердегі ахуал мерекелік сипаттан гөрі іскерлік сипатта болған. Спикер мұны заңды құбылыс деп санайды. Өйткені мәслихат депутаттары қабылдайтын шешімдер тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді.
«Өзін әлеуметтік тұрғыдан кемелденген азамат санайтын әрқайсымыз конституциялық құқығымызды пайдаланып, өз дауысымыз арқылы өңірдегі өзгерістерге ықпал ете аламыз. Себебі өзгерістерге қатысу дегеніміз – өңірдің қалай өмір сүріп жатқанын және болашақта қалай өмір сүргіміз келетінін түсінуге ұмтылу», – деп атап өтті Ирина Терентьева.
Өз таңдауы туралы айта келе, ол алдын ала әлеуметтік желілер арқылы кандидаттар жөніндегі ақпаратпен танысқанын және олармен кездесулерден алған әсерін де ескергенін жеткізді. Оның пікірінше, ақпараттану адамға қоғамдық процестердің сырттай бақылаушысы болып қалмай, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Осылайша, біздің үмітіміз бен көзқарасымыз жай әңгіме күйінде қалмай, нақты әрекетке ұласады. Бір-бірімізге деген сенім артады. Ортақ көзқарас қалыптастыра отырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жауапкершілігін де бірге бөлісуді үйренеміз», – дейді спикер.
Ирина Терентьева дауыс берудің маңызы тек билік өкілдерін таңдаумен шектелмейтінін де атап өтті. Бұл – қоғам өміріне қатыстылығын сезінудің, адамдар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудың да мүмкіндігі.
«Бүгінгі күнді ортақ өміріміздегі бір-бірімізге, соның ішінде өзімізге деген сенімнің көрсеткіштерінің бірі деп қарастыруға болады. Бұл – өзіміз қалыптастырып отырған ортақ үйіміздің негізі саналатын жақындасу мен өзара түсіністікке бастайтын қадам. Ал адам үшін өз үйіндегідей қауіпсіздік сезімінен артық сенімділік жоқ. Біз өз үйіміздеміз, достар!» – деп түйіндеді ол.
Осылайша, дауыс беру азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуының маңызды құралдарының біріне айналады. Әр тұрғын жеке таңдауы арқылы өз ұстанымын білдіріп қана қоймай, өңірдің болашағына деген жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алады.
Пікірлер (0)