«Кедергісіз сайлау»: Ақмола облысында әр азаматқа дауыс беруге жағдай жасалған

Жаңалықтар
view 21
news

Фото

Ақмола облысында мәслихат депутаттарын сайлау кезінде барлық азаматтың өз сайлау құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік беруге ерекше назар аударылған. Әсіресе, жасы ұлғайған тұрғындар мен мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінген.

Сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Мәселен, №40 сайлау учаскесінде көру қабілеті бұзылған М.К. Зейнуллин дауыс берді.

Сайлауға белсенді қатысқан азаматтардың қатарында қазақстандық паражеңіл атлетика спортшысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі World Grand Prix сериясы кезеңдерінің жеңімпазы Әсем Сегізбайқызы Жаңаділова да бар. Ол №482 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Сонымен қатар, 94 жастағы Минегүл Рахматулловна Бойцова №505 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Денсаулық жағдайына, жасына немесе заңда көзделген өзге де себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын тұрғындар алдын ала өтініш беру арқылы өз үйлерінде дауыс бере алады. Бұл жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері көшпелі дауыс беруді ұйымдастырады.

Сондай-ақ Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы №733 сайлау учаскесі мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасауға бағытталған. Учаске төрайымы Күлжан Такишеваның айтуынша, дауыс беру процесі штаттық режимде өтіп, азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасалған.

Мұндай шаралардың барлығы әрбір азаматтың жасына немесе денсаулық жағдайына қарамастан, сайлау процесіне қатысуына мүмкіндік беруге бағытталған. Өйткені сайлау құқығы баршаға ортақ, ал әрбір азаматтың таңдауы маңызды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *