Іздеуде жүрген 1391 адам ұсталды: Тоқаев Ішкі істер министріне тапсырма берді
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік жағдай мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, биылғы 10 айда еліміздегі қылмыс саны 5,3 мыңға азайған, ал қылмысты ізін суытпай ашу деңгейі артқан.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес белсенді жүргізіліп жатыр. Алдын алу шараларының нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы қылмыс 8 пайызға, ал кісі өліміне әкелген жағдайлар 26 пайызға азайған.
Сондай-ақ іздеуде жүрген 1391 адам ұсталған, оның ішінде 138-і шетелде қолға түскен.
Жедел іс-шаралар барысында:
-
30 тоннадан астам есірткінің, соның ішінде 1 тоннадан астам синтетикалық заттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды;
-
Ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар 185 топ әшкереленді;
-
Интернет-алаяқтықпен күрес аясында 12 колл-орталық жойылды, оның 7-і шетелде болған;
-
83 миллион фрод-қоңырау мен 4 мың алаяқтық сайт бұғатталды;
-
2,3 млрд теңгенің елден шығуына жол берілмеді.
Министр жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы цифрлық шешімдермен де таныстырды.
Дрондар мен орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 200 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол апатынан қаза болу көрсеткіші 9,4 пайызға, ал мас жүргізушілер кінәсінен болатын қайғылы оқиғалар 24 пайызға азайған.
Сондай-ақ Egov Mobile және банктердің мобильді қосымшаларында іске қосылған «Заң және тәртіп» сервисі арқылы азаматтардан 32 мыңнан астам өтініш түскен.
Ержан Сәденов Мемлекет басшысына экстремизмге қарсы іс-қимыл және көші-қонды бақылау шаралары жөнінде де баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Пікірлер (0)