Қаланың күнделікті проблемалары қалай шешіліп жатыр?

Қосшы жаңалықтары
view 171
news

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы 14 тамыз күні түрлі сала басшыларының басын қосып, шаһардың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ 30 тамыз – Конституция күніне орай жоспарланып отырған іс-шаралармен егжей-тегжейлі танысты. – Мерекеге орай ұйымдастылатын концерттік бағдарламаны тағы бір пысықтап, өнерпаздардың киетін киімдерін, олардың тамақтануын – бәрін сайлап қою керек, – деді Берген Жұмкейұлы атқарылатын жұмыстарды нақтылай келе. Әкімнің орынбасары мұнан кейін тұрғындарды жұмыспен қамту қалай жүргізіліп жатқанына көңіл аудартты. Халықты жұмыспен қамту ісі күн тәртібінен түспей тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екені сөзсіз. Республика бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын ашу жоспары Қосшыда 43,9% орындалып, бүгінге дейін межелі 777 жұмыс орнының орнына 341 адам еңбекпен қамтылған. Одан бөлек, өз кәсібін жүргізу үшін 10 адам 5 000 000 теңгеден шағын несие алды. Жоспар 100% орындалған. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі аясында «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ жойылып, «Қосшы қаласының мансап орталығы» КММ болып қайта құрылған болатын. Ал жаңа орталықтың жұмыссыздықпен күресте қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсете жатар. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында «Парыз» байқауын жариялаған болатын. Байқау халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғам алдындағы өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және күшейтуге арналған. Берген Жұмкейұлы осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарды нақтылады. Әкімнің орынбасары Қосшы қаласында жұмыспен қамту бағытында Ұлттық жоба бойынша қызмет көрсетіп жатқан жоба әкімшілерімен жекелей кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Барлық кәсіпорындарда Ұжымдық шарт рәсімделуі керектігін ескертті. Сондай-ақ бөлім басшыларына әркім өз саласы бойынша жаңартылған ақпарлар жиынтығын беріп тұру міндеттілігін ескертті.

– Қалада әр аптаның сенбі-жексенбі күндері өткізіліп келе жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесімен бірге алдағы 19-20 тамыздарда мектеп жәрмеңкесін де ұйымдастырамыз. Ол туралы халықты жақсылап хабарландырыңыздар. Жәрмеңкеде оқушылардың құрал-жабдықтары, мектептің керек-жарақтары сатылатын болады. Сауда жасауға лайықты орын да таптық, «Жанұя» емханасының жанындағы көлік тұрағы алаңы өте қолайлы, жақында барып, көріп қайттық,– деді Б.Жұмкейұлы.

Төралқа төрағасы қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен бірге тұрғындардың, әсіресе жастар қауымының рухани дамуын да назардан тыс қалдырмады. Осы тұрғыдан алғанда, кітап оқуды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Оқырманның қызығушылығын арттыру үшін Қосшы қаласының аялдамаларына соңғы шыққан кітаптар туралы баннер пішімінде немесе комитекс әйтпесе QR түрінде көрнекілік ақпарат ілген жөн деп санайды. Ол кісінің сөзіне қарағанда, жақын күндері Лесная поляна мен Республика көшесіндегі екі аялдамадан жаңа көркем әдебиеттердің үлгілерін көретін күн де алыс емес сияқты. Сондай-ақ үкімет қаржысына салынып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс мектепті тілге тиек етті. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтің айтуынша, құрылыс барысы кешеуілдетіп жатқан сияқты. Берген Жұмкейұлы білім ошағы қалай болғанда да оқу жылы қарсаңында ашылуы керектігін кесіп тұрып айтты: – Енді шегінетін ретіміз жоқ. Қазірдің өзінде мектепке қабылданатын 600 оқушының тізімі жасалып, бекітілді. Өтініш білдірушілер әлі көп. Оларға сабақ беретін мұғалімдер саны да жеткілікті болуы тиіс, – деп ескертті. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі күні Қосшыда үш мектеп салынып жатыр, оның екеуінің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Оның бірі – біз сөз етіп отырған Республика көшесіндегі жобалық қуаты 1 200 орындық үкіметтік мектеп те, екіншісі – жеке инвестиция арқылы бой көтерген 1 500 оқушыға арналған білім ордасы. Сондай-ақ Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің (БЖСМ) директоры Нұржан Кәрімжанның айтуынша, 15 қыркүйек күні балаларға арналған тағы бір ғимараттың есігі айқара ашылатын болды.

– Қазіргі кезде спорттық бұйымдарды, балуандар жаттығатын мат, басқа да керек-жарақтарын алып жатырмыз. Әлі спорт залдың қабырғаларына баннер іліп, ішін әспеттеу қажет. 12 жаттықтырушыны жұмысқа қабылдадық. Әзірше спорттың бокс, күрес сияқты көпшіліктің қызығушылығын тудыратын 7-8 түрі жұмыс істейтін болады, кейін секциялар санын көбейтеміз. Бүгінде мектепке бала жинап жатырмыз, – деді Н.Кәрімжан.

Берген Жұмкейұлы БЖСМ-да балаларды шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, т.б ұлттық және интеллектуалдық спорт түрлері де болуы керектігін ескертті. Ал егер оған жаттықтырушылар жетпей жатса, қала мектептерінің мұғалімдерімен келісу қажеттігін айтты. Сонда жергілікті спорт мұғалімдері негізгі жұмысынан бөлек, БЖСМ-де де дәріс беріп, қосымша табыс табуға мүмкіндік алар еді. Бұл екі тарапқа да тиімді: балалар – өздеріне өмірлік азық болатын өнер үйренеді, мұғалімдер – үстеме табыс тауып, отбасының материалдық жағдайын жақсарта түседі. Жиын соңында алда келе жатқан Конститутция күніне орай мерекелік бағдарлама ұйымдастыру, әр сала бойынша үздік деген қызметкерлерді марапаттау, мемлекеттік символдарды насихаттау жайы сөз болды. Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы сондай-ақ ағымдық мәселелер бойынша Ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің, Жастар ресурстық орталығының, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *