ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ТАРИХЫ ТАМЫРЛАС, ТАҒДЫРЛАС ЕЛДЕРІМІЗДІҢ МАҚСАТ-МҰРАТЫ ДА ОРТАҚ»

Редакция таңдауы
view 259
news

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысын Ташкент халықаралық әуежайында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Екі күндік сапар аясында Өзбекстан Президентімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізу, бірқатар келісімге қол қою жоспарланған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекеттік сапардың мақсаты – ағайынды екі ел арасындағы экономикалық қатынастың аясын мейлінше кеңейту. Президент сапарының аясында Ташкентте қазақ пен өзбектің бизнес форумы өтті. Осы жиында екі тарап 40 құжатқа қол қойды. Ертең Президенттердің қатысуымен өтетін кездесуде тағы миллиардтардың келісімі бекиді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында Ташкент қаласындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. «Янги Узбекистон» саябағында орналасқан монумент былтыр осы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай орнатылған. Ескерткіште өзбек халқының тарихындағы ең маңызды оқиғалар мен белгілі мемлекет қайраткерлерінің, қолбасшылары мен ғалымдарының бейнелері кескінделген. Одан бөлек, екі елдің көшбашылары Төле би кесенесіне зиярат етті. Мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы көрнекті орындардың бірі «Төле би кесенесі» сәулет кешеніне барды. Бұл жерде қазақтың біртуар перзенті Төле би жерленген. Ташкент қаласының территориясында орналасқан кесене XV ғасырдың бірінші жартысында салынған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасы Президентінің Ташкенттегі «Куксарой» резиденциясының құрметті қонақтар аллеясында ағаш екті. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі халықаралық конгресс орталығында өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды. Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті. – Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің Жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат Өзбекстанның одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді. Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады. Президенттер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, машина жасау, логистика, көлік, энергетика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне назар аударылды. Сондай-ақ тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды. Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. «Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды», – деді Президент. Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас. Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Сондай-ақ елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды. Сонымен бірге агро салада алыс-беріс көлемі артып, биыл ет экспорты шамамен 15 мың тоннаға жеткен. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды шетелге сатуға басымдық береді. Осы сапар аясында арнайы ереже бекітіледі. Экспорттың көбін Өзбекстанға бағыттауды көздеп отыр. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның сөзінше, бүгінге дейін Қазақстанның Өзбекстанға салған инвестиция көлемі 560 млн долларға жеткен. Енді елдегі Қазфосфат компаниясы өзбекстандық әріптестерімен бірге келер жылы Ферғана мен Науаи қаласында минералдық тыңайтқыш өндіретін зауыт салады. Айта кетейік, қазақ пен өзбек басшыларының қатынасы саяси әріптестіктен гөрі бауырмалдыққа негізделген. Екі президент тек биылдың өзінде телефонмен 12 рет сөйлескен. Әрісін айтпағанда қыркүйектен бері екі көшбасшы 4 рет кездесті. Бұл жолғысы бесінші жүздесуі. Әрі қазақ президенті сайлаудан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын осы елге арнап отыр.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *