Қазанғаповтар отбасына құрмет көрсетілді
– Біз екеуміздің отасып, үй болғанымызға мінекей 44 жыл. Адамның осылай өсіп-өнуі, семьяны сақтап қалуы өзіне байланысты. Ең бірінші мәселе сабырлық керек, ауызбіршілік керек, әр уақытта қандай жағдай болмасын ақылдасып отырып, ортақ шешімге келу керек. Сондай жағдайда ұрыс, ешқандай келіспеушілік деген болмайды, – дейді отағасы Ыбырай Қазанғапов.
ОБЛЫС ӘКІМІ МАРАПАТТАДЫ
Қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандыру мақсатындағы сайыстың Көкшетауда өткен марапатына үздік деп танылған 7 жанұя қатысты. Үлгілі, үздік деп танылған отбасыларға диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Олардың арасында Қосшы қаласының Ыбырай-Бибісара Қазанғаповтар да бар. Елге сыйлы әулет бас жүлдеге 500 000 теңге ақшалай сыйлық сертификатына ие болды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Аймақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасы құндылықтарын нығайту жолына ерекше назар аударғанын атап өтіп, жеңімпаз отбасын марапаттады. Байқаудың бас жүлдесін Қосшы қаласында тұратын Қазанғаповтар отбасы иемденді.
– «Мықты және ұйымшыл отбасылар – гүлденген қоғамның көрсеткіші. Оларды танымал ету және мәртебесін арттыру мақсатында елде көптеген іс-шаралар өткізіледі. Маңыздыларының бірі – «Мерейлі отбасы» дәстүрлі ұлттық байқауы. Данышпанның да ғалымның да ең алғашқы тәлім-тәрбиесі осы үйден басталады, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Жыл сайынғы байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын Біржан сал ауданынан қатысқан Күсеп Сатыбалдиновтың отбасына бұйырды. Екінші орын зеренділік Қуанышбек Әлібайұлының жанұясына берілді. Жүлделі үшінші орынды Қосшы қаласынан Якуб Мәулеттің отбасы иеленді.
Динара НҰРАХМЕТ
Пікірлер (0)