Кедергісіз кеңістік әлемінде
Қосшы жаңалықтары
241
Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы саясатты жетілдіру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы басты парыз. Тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің ауыр соққыларына тап келген әлжуаз жандар үшін мейірім ешқашан артық етпейтіндігі рас. Мүгедектігі бар жандар үнемі қол ұшын созатын мамандар Қосшы қаласының әкімдігі "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінде қызмет етеді. Тек қана алғыс алуға тиіс мамандықтар санаулы десек, соның бірі әрі бірегейі – әлеуметтік қызметкерлер екенін ел білуі қажет.
Қосшы қаласында мүгедектігі бар 196 азамат бар. Оның 54-і балалар. Шаһарда мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж жандарға кедергісіз орта қалыптастырылып, оңалту жұмыстарыда назардан тыс қалмайтындығы қуантады. Қосшыда "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінде жыл басынан бері мүгедектігі бар жандарға 8 бағыт бойынша 160-тан астам қызмет көрсетілген.
"Біздің мекемеде мүгедектігі бар жандарға жалпы 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Атап айтар болсақ: Мүгедектігі бар жандарды протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық-көмекші құралдармен қамтамасыз ету, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарды жеке көмекшінің қызмет көрсетуімен қамтамасыз ету, есту бойынша мүгедектігі бар жандарды ымтау тілі маманының қызметімен қамтамасыз ету, ерекше жандарды арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар ересек және балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Аталған бағыт негізінде қаладағы ерекше жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Біздің мекемеге келіп, бірқатар өтініш, ұсынысын жолдайтын ерекше жандар қатары да көп. Барлығыда назарға алынады деп айта аламын. Біз сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, қажет болған жағдайда тиісті органға да ұсынысты жолдаймыз. Мәселен, осыған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар Қосшы қаласының ішінде әлеуметтік нысандарға бару үшін "инватакси" қызметін қосу туралы ұсынысты жолдаған еді. Осы тұста, мен жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Келер жылдан бастап, қалада "инватакси" қызметі іске қосылады"- деп «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Айгерім Жұмабекова жағымды жаңалықпен бөлісті.
Сала жауаптылары әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау секілді арнаулы әлеуметтік қызметке де көп көңіл бөлуде. Бүгінде, Қосшы қаласында ерекше күтімді қажет ететін 10-ға жуық бала арнайы жартылай стационарда ем-дом қабылдап жүр. Жас қалада мемлекеттің мейіріміне мұқтаж жандарды қолдау және оларды қоғамда бейімдеу жұмысында атқарылып жатқан нәтижелі істер ауыз толтырып айтарлықтай көп. Мұнда тек әлеуметтік қызмет ғана емес, «әлемді мейірім құтқарады» демекші, ерекше қажеттілікті қажет ететін жандардың көңіл-күйін көтеріп, өмірден күдерін үзбеуге ерекше назар аударылып келеді. Алдағы уақытта, Қосшыда мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, балалар үшін мазмұнды шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға арналған жоба қатары артады деп күтілуде. Себебі, өмірдің сынағына қайыспас қайсарлық танытқан жандарды материалдық қолдаумен бірге рухани демеу беру де ерекше маңызға ие,-дейді сала жауаптылары. Айта кетсек, жаңа жыл мерекесі қарсаңында демеушілер есебінен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге сыйлық үлестіріледі деп күтілуде. Бұдан өзге, Қосшыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін "кедергісіз ортаны" қалыптастыру бойынша жол картасын орындау жұмысы да басты назарға алынған. Оған сәйкес, қаладағы нысандардың талапқа сай болуы, мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болуы, ерекше жандарды жұмысқа орналастыру, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру шарасы іске асады. Сала жауаптыларының сөзінше, келер жылдан бастап, шаһардағы әлеуметтік маңызы бар мекемелерге мониторинг жұмысы жүргізіледі. Нәтижесінде, мүгедектігі бар жандарға жағдай жасалмаған нысандардағы кемшіліктер жойылатын болады.
Ел Президентінің Жолдауында айтылғандай, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту міндетіне сәйкес, алдағы уақытта оңалту орталықтарының желісін кеңейту міндеті тұр. Бұл тұрғыда Қосшы қаласындағы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» мамандары ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, бүгінде сала жауаптылары тарапынан мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылданып жатыр",- деді Айгерім Мұратқызы.
Бұдан өзге, Қосшыда мүгедектігі бар жандарға жәрдемақы тағайындау бағытындағы жұмыс та жолға қойылған. Бүгінде жас қаладағы осы санатқа жататындарға мемлекеттен берілетін жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты есептеледі.
Қосшы қаласының тұрғыны, 1-топтағы мүдедектігі бар азамат Айдос Садуақасов сала мамандарының жүйелі жұмысына оң бағасын беріп отыр. Сөзінше, Қосшыда ерекше жандарға кедергісіз қоғам қалыптастыру мақсатында қолға алынған жобалар нәтижелі түрде іске асып келеді. Айдос Сәрсенұлы арнайы ем-дом алу үшін шипажайға жолдама алып беретін әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғыс білдіруде. Ол жас қалаға Сәтпаевтан көшіп келгенін айтып, мүгедектігі бар азаматтарға материалдық және әлеуметтік көмек дер кезінде көрсетілетінін де жеткізді. Сондай - ақ, Қосшы қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Эльмира Мұқанова ерекше жандарды мазалайтын барлық сұраққа жауап беріп отырады,-дейді ол. Арнайы әлеуметтік желі арқылы ашылған топта мүмкіндігі шектеулі жандар тиісті ақпаратты алып отырады екен. Айта кетсек, Айдос Сәрсенұлына бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Ол гемодиализ емшарасын алу үшін, Астана қаласына арнайы көлікпен баратынын айтады. Емшара кезінде қан диализдік аппаратқа жалғанып, сүзгіштен өтеді. Емнің әрбір сеансы 4 сағатты алады екен. Оны аптасына үш рет үзбей қабылдап отыру қажет. Гемодиализ аппараты бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі, терминальді сатыдағы науқастарға осы аппарат арқылы өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Бүгінде Айдос Садуақасов Қосшы қаласында, гемодиализ орталығын ашу ұсынысын жолдап отыр.
«Біздің Қосшы қаласында мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау шарасы артып жатқаны қуантады. Мамандардың барлығына алғыс білдіргім келеді. Қолдан келгенше бізге көмек қолын созады. Біз Қосшыда, яғни қала ішінде қоғамдық көлікте тегін қатынаймыз. Бізге азық-түлік себеттері таратылыпта тұрады. Сол көмек қолын созатын демеушілерді табатында сала мамандары екенін білеміз. Маған шипажайға арнайы жолдаманы уақытылы алып береді. Дер кезінде ем-дом алып жүрмін. Алайда менің мүгедектігі бар азамат ретінде ұсынысым бар еді. Яғни, бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан жандарға арналған гемодиализ орталығын Қосшы қаласынан ашса екен деген тілегім бар. Себебі қазір біз аптасына 3 рет ем алу үшін Астана қаласына қатынап жүрміз» - деп өтінішін жеткізді Айдос Садуақасов.
Айдос Сәрсенұлының айтуынша, Қосшы жас қала болсада, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда мамандар ерең еңбек етіп келеді. Мүгедектігі бар жан тиісті көмектің барлығына қол жеткізіп отыр. Осы тұста ол қала әкімдігі мен арнайы әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғысын білдіруде.
«Әр мереке сайын бізге демеушілер есебінен болсын, көмек қолын созуға асығатын мамандарға тағы алғыс айтамын. Рақмет айтудан жалықпаймын. Сонымен қатар, мен өзім «Алтын орда» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Осыған дейін тұрғын үйде пәтер иелері кооперативі жұмыс істеді. Оның басшысы Құндыз ханым және оның жолдасы Болат мырзағада осы сәтті пайдаланып рақметімді айтқым келеді. Себебі, олар маған сантехникалық көмек керек кезде, дер кезінде келіп, қызметін көрсетіп, тіпті 50 пайыздық жеңілдікті де ұсынатын. Ай сайынғы төлемақыда да жеңілдік берді. Өмірде жақсы адамдардың бар екені мені қуантады. Жақсының жақсылығын айт нұры тассын демекші, барлық сала мамандарының еңбегі үшін айтар алғысым шексіз. Оларға денсаулықтары мықты болсын деген тілек айтқым келеді. Себебі Алланың берген ең үлкен нығметі ол денсаулық екенін ұмытпаған жөн»,- деп ризашылығын білдірді Қосшы қаласының тұрғыны Айдос Садуақасов.
"ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛ" ҚЫЗМЕТІН ҚОЛДАНУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қосшыда әлеуметтік портал қызметін пайдаланушы азаматтар қатары артып келеді. Республика көлемінде іске қосылған бұл жүйе мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады. Айта кетсек, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Қазір бұл порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін медициналық- әлеуметтік мекеме, жеткізуші, жеке көмекшілер, ымдау тілінің қызметі, санаторлық-курорттық емдеу, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген. Қызметті алушылар көмек керек болғанда Қосшыдағы “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне” жүгіне алады. “Айта кетсек, әлеуметтік портал арқылы тапсырыс берген оңалту құралдары 14 күнде және тегін жеткізіледі. Қарапайым тілмен түсіндіріп өтсем,аталған портал интернет-дүкенге ұқсайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарда оңалту құралын делдалсыз еркін таңдау мүмкіндігі бар. Әрі олар сапалысын таңдауына да жағдай жасалған. Олар аталған порталға өзінің жеке ЭЦҚ арқылы кірсе болғаны. Ал егер техникалық оңалту құралының қымбат түрін таңдаған жағдайда, үстіндегі ақшасын өзі төлеп алуына болады. Әсіресе, протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ, кресло-арбалармен қамтамасыз ету қарастырылған. Кейде өз бетінше бұл жүйені қолдана алмайтын ерекше жандар біздің мекемеге келіп, мамандардың қызметіне жүгіне алады”,- деді “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” мемлекеттік мекемесінің бас маманы Айгерім Жұмабекова. Әлеуметтік портал арқылы гигиеналық заттарды алған ІІ - топтағы мүгедектігі бар Қосшы қаласының тұрғыны Жүнісов Мнайдар, жаңа жүйенің ыңғайлы екенін айтады. Өкінішке орай, бұл азамат қол арбаға танылған. Ишемиялық инсульттан соң, бір қолы мен бір аяғы істемей қалған. Мнайдар Бәкірұлы арнайы мүдектігі бар азаматтарға арналған арбаны портал арқылы таңдап алған жанның бірі. “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы бізге, мүгедектігі бар жандарға тиесілі көмектің бәрін көрсетуде. Біз портал арқылы гигиеналық заттарды 1 жылға алып қойдық. Оның ерекшелігі барлығын өзің таңдауға мүмкіндік беріледі екен. Бұл бізге кедергісіз орта қалыптастыруда жасалған жұмыстың бірі деп білемін”.- деді Мнайдар Жүнісов. Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері елімізде мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік портал арқылы 331 мыңнан астам қызмет көрсетілген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 825 медициналық-әлеуметтік мекеме, 279 техникалық оңалту құралын жеткізуші, 25 мыңнан астам жеке көмекші, 650 ым-ишара тілі, 92 шиапажайда емдеу қызметін жеткізуші және 66 кепілдендірілген әлеуметтік пакет жеткізуші тіркелген. Ең бастысы, мүгедектігі бар жандар тұрғылықты жеріне қарамастан қажетті әлеуметтік қызметтерге және техникалық оңалту құралдарына қол жеткізіп отыр. Ал Қосшы қаласында бұл портал көмек пен қолдауға мұқтаж әрбір адамның өмір сүру сапасын арттырудың тиімді құралына айналған.МҮГЕДЕКТІГІ БАР ЖАНДАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ ТӘРТІБІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ
Бүгінде Еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Аталған құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған. «Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды», – делінген бұйрықта. Есте болса, бұрынғы тәртіп бойынша субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Енді, жаңа өзгерістер негізінде мүгедектігі бар жандар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Сондай-ақ, жаңа қағида бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды: – жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды; – жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды; – жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Аталған өзгеріс мақұлданса, мүмкіндігі щектеулі жандардың жалақысын жұмыспен қамту орталықтары субсидиялайды деп күтілуде. Ерекше жандарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі,- дейді мамандар. Қосшы қаласының тұрғыны Ағзам Сансызбаев ІІІ- топтағы мүгедектігі бар азамат. Сөзінше, оның жүрегіне 5 рет ота жасалған. Денсаулығы сыр берседе, Ағзам ағамыздың бойынан екі қолға бір күрек тауып жұмыс істеуді көздеген нағыз ер азаматтық қасиет бар екенін байқадық. Ол қыркүйек айында жұмыс іздеп, Қосшы қаласы “Халықты жұмыспен қамту орталығының” көмегіне жүгінген. “Мен қыркүйек айында жұмыс іздеп жатқанымды мамандарға айтып, өтініш қалдырдым. "Халықты жұмыспен қамту орталығы" мамандарының көмегімен бүгінде күзетші қызметіне орналастым. Ештеңеге қарамастан, адал жолмен еңбек етіп, табыс табудамын. Бұл маған ерекше жігер беретіні шындық. Осындай мүмкіндік берген сала мамандарына алғыс білдіргім келеді. Әзірге мен өзгеде мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып көрмедім. Яғни кәсіп ашуға арналған мемлекеттік қолдау және өзгеде бағдарламаларға жүгініп көрмедім. Өзім мамыр айында Қосшыға көшіп келгенмін. Алдағы уақытта, барлық қызметті пайдаланамын. Деседе, атап өткім келеді, мен алыс сапарға шығарда пойызға билетті 50 пайыздық жеңілдікпен аламын. Бұл да бір көмек түрі деп білемін”,- дейді Ағзам Сансызбаев. Бүгінде Ағзам Сансызбаев өз қызметін атқарып, отбасын асырап жүр. Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтуға арналған арнайы бағдарламаның болғаны бізге үлкен қолдау беріп отыр, - дейді ол. Иә, бүгінде елімізде ерекше жандарға арналған жұмыс түрлерінің тізімі де кеңейіп келеді. Мүгедектігі бар азаматтарға ұсынылатын "кәсіп және мамандықтардың атласы" да әзірленген. Онда 16 мыңнан астам жұмыс тіркелген. Қосшы қаласы әкімдігінің "Халықты жұмыспен қамту орталығының" мамандары жұмыс берушілермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастыруды қолға алған. Ресми дерекке тоқталсақ. Жыл басынан Қосшы қаласы әкімдігінің “Халықты жұмыспен қамту орталығына” мүмкіндігі шектеулі 14 адам жұмыс іздеп жүгінген. Нәтижесінде 10 азамат әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылыпты. Екі қолға бір күрек тапқандардың ішінде - 4 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ал 4 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға қатысты. 2 азамат болса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Қолға алынған жобалар мен жоспарланған шаралар расыменде, мемлекет, сала мамандарының тарапынан жасалып жатқан ауқымды қамқорлықтың көрінісі болып отыр. Алайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды түсіну, әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеумен ғана байланысты емес. Бақыт – разы болғанның қасында деген сөз бар. Осы ретте, олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі қажет. Ол үшін ең бастысы мүгедектігі бар жандарды оңалту мен оларға тең қоғам қалыптастыру маңызды әлеуметтік бағыттың бірі болып саналады. Дәл осы міндеттерді Қосшылық сала мамандары абыроймен атқарып жатқандығы көңіл қуантады.Азиза Өтеулиева
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)