Кезекте тұрған тұрғындарға тұрғын үй беріледі

Саясат
view 3117
news

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының негізгі бағдарының біріне айналып, Жаңа Қазақстанды құруда аса маңызды міндет атқарып отыр. Өйткені мемлекет тек мемлекеттік органдарынан, әйтпесе билік институттарынан ғана құралмайды. Мемлекет, ол ең бірінші – халық. Сондықтанда тек билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана геосаяси ахуалға бейімделген, тұрғындардың мүддесімен үйлесетін мемлекет орнатуға болады. Қалалық мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбековтің жетекшілігімен өткен 8-шақырылымының кезекті 9-сессиясында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Сессия жұмысына атқарушы және өкілетті билік өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар, ардагерлер, қалада қызмет атқарып жатқан ірі ЖШС өкілдері қатысты.

Бірден назар аударта кетейік, Қосшы қаласы Ақмола облысында көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарында. Шаһар басшысы Гайдар Қабдоллаұлының айтуынша, 2023 жылдың 7 айының қортындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасалған. Бүгінде қалада 3 070 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр.

Халық саны өте жедел қарқынмен өсіп келеді. Алғашқы жарты жылдықта тек ересек тұрғындар саны ғана 5 мың адамға артып, жалпы саны 18 мыңға жеткен. Бұл есепке бала-шағаның саны кірмейді. Осы уақыт ішінде тұрғындар саны 274 адамға көбейген. Ақмола облысы бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіш, бізден кейін осы ретпен көші-қонның оң сальдосы Целиноград ауданында +117 адамды, Көкшетау қаласында +112 адамды құрады. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама? Қазір ресми санақ бойынша халық саны 54 мыңға жеткен. Алайда ресми емес дерекке сенсек, тіпті 100 мыңнан асады деген сыбыс бар. Қаланың сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 158 шақырым, ауызсумен қамтамасыз етілуі – 85%. Өткен жылдан бастап 1 500 абонент қосылған. Суды жалпы тұтыну – тәулігіне 7,5 мың текше метр, қуаты тәулігіне 10 мың текше метр. Коммуналдық қызмет атқарған жұмыстардың нәтижесінде күн сайын екі жарым мың текше метр ауызсуды үнемдеуге қол жетті. Халық тұтынатын су Нижнероманов кен орнында қазылған 29 ұңғымалар арқылы жүзеге асырылады, қазіргі уақытта оның 24-і пайдаланылса, резервте – 5-еуі тұр.

– Қазіргі күні республикалық бюджет есебінен сумен жабдықтау желілері құрылысының 4-інші кезегі жүргізілуде, жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге 128,6 шақырым торап салу көзделген. Былтыр 30 шақырым су желісі тартылған, биыл 50 шақырым су желілері салынады, жобаның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы. Қаражар сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін су құбырын салу жобасы әзірленді. Перспективалы құрылысы бар учаскелерді сумен жабдықтау бойынша жоба әзірленуде. Бұл бесінші кезек. Болашақта су тапшылығын шешу үшін Нижний-Романов кен орнынан су құбырының екінші тізбегін салу нұсқасы жоспарда бар, онда тәулігіне 22 мың текше метр су қоры расталды, – дейді қала басшысы.

Биыл сумен жабдықтау және су ағызу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөліп, оның белгілі бір бөлігі кәріз сорғы станциясына жұмсалған. Оған сегіз кәріз сорғы станциясы жөнделді және тағы  үшеуіне жұмыс жүргізілуде.

– Қазіргі уақытта Қосшы қаласының бас жоспары әзірленуде, онда нөсерлі кәріз схемасы көрініс табатын болады. Бас жоспар бекітілгеннен кейін жобалық сметалық құжаттама әзірлеу басталады. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін жоғарыда аталған жобалар бойынша бюджеттік өтінімдер салалық министрлікке жіберілетін болады. Республикалық бюджеттен уақтылы қаржыландыру кезінде іске асыруды бастау 2024 жылға жоспарланып отыр. Осы іс-шараларды іске асырсақ, қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының толық жобалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Гайдар Қасенов алдағы жоспарларымен бөлісіп.

Қосшылықтар үшін тағы бір өзекті мәселе – электрмен жабдықтау. Қалада құрылыстардың жылдам қарқынмен салынуына байланысты электрмен жабдықтау қажеттілігі күн сайын артып келеді. Қажеттілік – жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 500 учаскені құрады. Осы мәселені шешу үшін электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобалар әзірленуде: төртінші кезекті іске асыру – республикалық бюджет есебінен кешенді жоспарда көзделген. Сондай-ақ электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша бесінші кезектегі жоба жеке инвестициялар есебінен әзірленуде. Қолданыстағы электр желілерінің жалпы қашықтығы – 400 шақырым. «Қыс шанаңды – жаз сайла!» демекші, міне, жаз да аяқталып, қоңыр күз келді. Осыған орай қаланы жылумен жабдықтау, қатты отын қорын жинап алу мәселесі де сөз болды. Қалаға қуаты сағатына 75 гигакалорияға жететін Орталық қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде қолданыстағы жылу энергиясының тапшылығы 5 гккал / сағ құрап отыр. Ағымдағы жылы жылу беру маусымын өткізу үшін облыстық бюджеттен қазандық пен жылу желілерін ағымдағы жөндеуге  және желілерге техникалық тексеру жүргізуге қаражат қарастырылған. Әкімнің айтуынша, Қосшы қаласын газбен жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2020 жылғы 2 шілдеде басталған. Алайда Астана қаласы тек 2023 жылдың 23 мамырында техникалық шарттар мен қосылу нүктесін белгіледі. Қалаға көлемі сағатына 32 мың текше метр газ бөлінді. Қазіргі уақытта қалаішілік желілерінен келетін газ құбырын жобалау жұмыстары аяқталып, жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Тайтөбе ауылын газбен жабдықтау Қосшы қаласы арқылы жүзеге асырылады.

– Шаһарды газбен жабдықтау желісін пайдалана отырып, жеке инвестициялар есебінен газды қазандық салу бойынша жоба әзірленуде. Бұл қазандық жаңа көпсалалы аурухананы, қала мешітін, Сиреневый сад, Табыс құрылтай тұрғын үй алабын, көптеген әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Қалада жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қосшы қаласының көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайды, оның ішінде асфальтбетон жабыны 95,7 шақырым, қиыршық тас-жабыны 32,2 шақырым және топырақ жамылғысы 57,1 шақырым.

– Қазіргі күні Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының жолдарын салу және күрделі жөндеу бойынша 4 жоба қолға алынды. Жалпы, ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен 35 шақырымнан асатын жолдарды салу және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылының жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнатуға және пайдалануға ақша теңге бөлінді,– дейді әкім.

Оның айтуынша, биыл қашықтығы 16,4 шақырым қалаішілік жолдарды салу жобасын әзірленген. «АБК Автодор НС» ЖШС мердігерлік ұйымы бұл жобаны өз қаражаты есебінен іске асыруды бастады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жаңа мектеп-гимназияның және Нұрай тұрғын алабындағы №3 мектептің жанында жүргізілуде. Тайтөбе ауылында 1 ойын алаңын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. «Лесная поляна» тұрғын алабында 5 ойын алаңын орнатуға келісімшарт жасалды. Тағы 3 ойын алаңы бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде. Қала әкімі бұл жұмыстардың орындалуын жеделдетуді орынбасары Әсет Мұқановқа тапсырды. Тұрғындарды еңбекке жұмылдыру бағытында бірталай іс-шаралар атқарылып жатыр.

– Ағымдағы жылы 669 жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына жыл соңына дейін бір мың жаңа жұмыс орнын ашуды жүзеге асыруды тапсырамын,– деді Гайдар Қаболлаұлы.

Сондай-ақ биыл бір ауысымда 100 адамды қамтитын емхананың құрылысы аяқталды. Енді 350 орындық көпбейінді аурухананы жобалау жүргізілуде, қазіргі уақытта жер учаскесі анықталды. Одан бөлек, 2025-2026 жылдары 6 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясын салу бойынша ұсыныс енгізілді. Қазіргі кезде 3 медициналық көмек бригадасы, «Жанұя» отбасылық медицина мекемесінің бір бригадасы, қала емханасының 1 бригадасы қызмет көрсетеді.

– Биыл наурыз айында облыстық бюджет есебінен Қосшы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.Өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Биыл 400 орындық мәдениет үйін салу жобасын әзірледік. Жобаны іске асыру 2024-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарда көзделген,– деп қала басшысы өңірде жүргізіліп жатқан тағы бірқатар нысандарды атап өтті.

Қалада 7 орта білім беру мектебі жұмыс істейді, оның бірі жекеменшік, 31 мектепке дейінгі ұйым бар. Мектептерде білім алушылардың жалпы контингенті 10 809 оқушы. Қаланың мектепке дейінгі ұйымдарында – 3 523 бала және Тайтөбе ауылында 130 бала білім алуда. Жаңа оқу жылында 2 мектептің құрылысы аяқталды, оның біреуі жеке инвестициялар есебінен, нәтижесінде үш ауысымдық оқыту толығымен жойылды. Абай көшесіндегі 1 200 орындық мектепті аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарлануда. Қосшы қаласында 2 мектеп, Тайтөбе ауылында 1 мектеп. Қалада әрқайсысы 280 орынға арналған 3 балабақша құрылысы жүргізілуде, оның 2-і жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Берген Жұмкейұлына бірқатар тапсырмалар берді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету де бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған орай 45 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Бұл үй Қосшы қаласының кезекте тұрған тұрғындарына «Отбасы банкі» арқылы арзан бағада несие шарттары бойынша берілетін болады. Сондай-ақ проблемалық құрылыс объектілерінің үлескерлерімен жұмыс жүргізілуде.

– Құрметті депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері! Сіздер қалада іске асырылып жатқан жобалар жайында, мәселелердің шешімдері туралы халықты ақпараттандыру жұмыстарына айтарлықтай үлес қосудасыздар. Сіздер азаматтық қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болдыңыздар, сіздер арқылы тиімді диалог орнауда. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы еңбектеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін,– деді Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов сөз соңында.

Сессия аясында депутаттар шаһар әкіміне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған жауап берілді. Қалалық мәслихат депутаты Шоқан Ибраев қала мәслихатының депутаттары Қосшыны дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалайтынын, депутаттық корпус тұрғындармен, атқарушы органдармен және Қоғамдық кеңеспен ынтымақтастықта одан әрі жұмыс жасай беретінін жеткізді. Сессия соңында мәслихаттың Шешімі шықты.

Даулет АСАУ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *