Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде Президент Жолдауы талқыланып, шаһардың денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды. Ағымдағы мәселелер бойынша жылыту маусымына дайындық, абаттандыру жобаларының жүзеге асырылуы, электрмен жабдықтау, қоғамдық қауіпсіздік, жол құрылысы, жол қауіпсіздігі пысықталды.
Алғаш болып сөз кезегі берілген Ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегі күні Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ» Жолдауы туралы ой-пікірімен бөлісті. Жолдауда мемлекет дамуының бағыт-бағдары бағамдалып, жаңа міндеттер жүктелді. Маңызды құжатта ел экономикасын өркендетудің жаңа моделі ұсынылды.
– Биылғы Жолдаудың мәні мен мазмұны экономика, саясат және идеология салаларын бір-бірінен бөлмей реформалауға негізделген стратегиялық бағытты жүйелі түрде іске асыруға негізделеді. «Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс» деп басталатын Жолдауда ел экономикасын дамытудың алдағы стратегиясы белгіленді,– деді Айнагүл Көңбайқызы.
Баяндамашының айтуынша, бұдан бөлек Президент бастамалары экономиканың бірқатар саласының жаңа ережелерін ұсынған. Соның арқасында атқарушы билік жүйесі, орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, салықтық ынталандырудың, нормативтік-құқықтық реттеудің, инвесторлармен өзара іс-қимылдың жаңа шаралары енілген. Жолдау экономикалық мәселелерді шешуге бағытталса да, онда әлеуметтік сипаттағы маңызды бастамалар аз емес. Атап айтқанда, жалақыны көтеру, жұмыспен қамту, балалар қауіпсіздігі, білім алудағы теңдік сияқты бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері қамтылған. Бұл құжатта көптеген бағыттарды қамтитын және әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірыңғай жүйесін құрайтын жүзден астам түрлі идеялар мен ұсыныстар айтылды. Жолдауда әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналғанын жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланудың маңызы, жастарға қолдау көрсету, креативті индустрияны дамыту – өте өзекті мәселелердің бірі екені сөз етілді.
Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту керектігін, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу – өте қажетті шешімдердің бірі екенін айтты.
– Хәкім Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасы – әділетті мемлекет пен біртұтас қоғамның берік негізі. Сол себепті мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдарын егіз құндылық ретінде атап өтуінің өзіндік мәні зор,– дейді Ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Жолдауда, сондай-ақ, инвестиция тарту бойынша нақты шаралар көрсетілген. Осы ретте өңдеу өнеркәсібіне серпін беру үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салықтан босатылатынын баса айтылды.
Реформалардың маңызды бағыттарының бірі – салық және бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру. Бұл ретте Парламент Үкіметпен бірлесіп, елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тетіктерді пысықтайды.
– Жолдауда негізгі нарықтарды демонополизациялау, мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігі де айтылды, бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің жандануына оң әсерін тигізері сөзсіз. Демографиялық үдерістерді ескере отырып, Мемлекет басшысы «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін маңызды қадам,– деп сөзін жалғастырды А.Көңбайқызы.
Сондай-ақ Президентіміз Жолдауда өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Айнагүл Көңбайқызы сөзі соңында Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша Қосшы қаласында өтетін іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты. Ол 2023 жылғы 8 қыркүйек пен 29 желтоқсан аралығында барлық мектептер мен балабақша ұжымдарында, кәсіпорындар мен мемлекеттік коммуналдық мекемелердің ұжымдарында өтеді. Бұл шараларға зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары қатысады. Жоспарға сәйкес оған барлығы 17 ұжымдық кездесу өткізіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ аппараттық кеңесте Қосшы қаласы денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі жөнінде №1 қалалық емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсел Білісбекова баяндама жасады. Айта кетейік, өңір тұрғындарына №1 емханадан басқа, «Жанұя» ЖШС, Тайтөбе және Кызылсуат ФАП-ы медициналық қызмет көрсетеді. Әсел Левқызының айтуынша, №1 емхана күнделікті 100 адамды қабылдауға қабілетті және 5 төсек - орынмен қамтылған. Емдеу мекемесіне 12 440 адам тіркелген. Мұнда 112 адам жұмыс істейді, оның 36-сы дәрігер, 38-і орта және 8-і кіші медициналық қызметкерлер, шаруашылық жұмысындағылар саны – 30 адам.
–Емхананың 10 жалпы тәжірибе дәрігері учаскесі бар, оның әрқайсы 900-1 600 тұрғынға қызмет көрсетеді. Науқастарға сәйкесінше нақты салалық мамандар ем-дом жасайды. Сонымен қатар учаскелік медбике, мектеп медбикесі, салалық медбикелер, ерлерді қабылдау кабинетінің фельдшері, дәргерге дейін қарау кабинетінің фельдшері, лаборанттар жұмысқа қабылданды. Дегенмен, әлі де нақты мамандар тапшылығы сезіледі. Қазіргі күні бізге 7 дәрігер, 4 орта буын медицина қызметкерлері жетіспейді. Емхананың медициналық жабдықтармен қамтылуы және компьютерлік техникамен жасақталуы – 50%, – деді Ә. Білісбекова.
Тұтастай алғанда, 2023 жылдың сәуір, мамыр және маусым айларында 500 науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бүгінде диспансерлік есепте түрлі асқынған ауру түрлері бойынша 636 науқас тұр. Онкологиялық дертке 11 адам шалдыққан, оның 1-еуі бала. «Д» есебіне іліккен мүгедектер саны –134 адам шалдыққан, оның 20-сы балалар. Биыл ЭКО-ға 4 квота бөлініп, толықтай игерілді. Айта кетейік, емханаға үстіміздегі жылдың 2 наурыз күні фармацевтік қызмет көрсетуге, 9 наурыз күні наркотикалық, психотроптық құралдармен және прекурсормен байланысты айналымға лицензия берілді. Одан бөлек, емханада азаматтарды консультативтік-диагностикалық қабылдау жүргізіледі. Сөзінің соңында дәрігерлердің тапшылығы туралы мәселе көтерген Әсел Білісбекова, бұл проблеманы шешудің бір жолы медицина қызметкерлерін баспанамен қамту керектігін айтты.
«Жанұя» емханасының меңгерушісі Бақытгүл Баекееваның да есебі тыңдалды. Мекеме 2018 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. Құрал жабдықпен 97% қамтылған. Қосшы қаласында 2 ғимараты бар.
–Емханамыз бір маусымда 150 адам қабылдауға арналған. ЖТД бөлімі, акушер-гинекология бөлімі, күндізгі бөлім, 3-кезең оңалту бөлімі, КДУ бөлімі, лаборатория бар. Дәрігерге дейінгі қаралу бөлмесі, әйелдерді және ер адамдарды қарау бөлмесі, емшара жасайтын бөлме, физкабинет, егу бөлмесі және фильтр бөлмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар емханада ЭКГ, холтер, СМАД , фундус камера, офтальмологиялық қондырғы, саңылаулы шам, аудиосмарт(аудиоскрининг балаларға арналған) аппараттыры бар. 2020 жылы жылжымалы флюкар автомашина сатып алдық,– дейді Бақытгүл Райымбекқызы.
2023 жылдың 1 сәуіріне дейін емханада 27 аймақ бойынша 33 545 адам тіркелген еді. Алайда қаламызда жаңадан мемлекеттік емхананың ашылуына байланысты оған сәуір айында «Жанұядан» 7 765 адам, мамыр айында 3 975 адам ауыстырылды. Сондай-ақ қалалық емхана ашылғалы 130 жүкті әйел тізіммен берілді.
Қазіргі таңда «Жанұя» емханасына 23 897 адам тіркеуде тұр. Диспансерлік есепте 3 770 науқас тұр: қант диабетімен –330, 4-уі бала, ИМ – 17, ОНМК- 54, АГ – 1240, БСК -3070. Мүгедектер саны – 253. Емханада күндізгі бөлімде 8 айда 826 пациент, күндізгі бөлімде 3 кезең бойынша оңалту орталығында 113 пациент емін алды. Иммунопрофилактика жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Тек диаскентест пайызы төмен, себебі диаскентест кеш алынған. Жалпы, егуге 46 ата-ана қарсы болыпты. Қауіпті ісік ауруымен есепке тұрған науқас саны – 20, оның 13-і жаңадан есепке алынғаны, соның 10-ы енді басталып келе жатқан 1-2 сатыдағы, 3 науқастың кеселі 3-4 кезеңге көшкен. Жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі қарау 97,9% орындалды. 1 жасқа дейінгі балаларды қадағалау 89%, мүмкіншілігі шектеулі балаларды оңалту орталығымен қамту 53,3%
–Денсаулық министрлігімен Ақмола облыс әкімінің халықтың денсаулығын жақсарту саласындағы жасаған мемарандум көрсеткіштері бойынша 5 жасқа дейінгі бала өлімінен ЦП(8,4) 8,9 болып асып кетіп, «қызыл аймақта» тұрмыз. 9 айлық есеп беру кезінде ол көрсеткішіміз өзгереді, жақсы жағына қарай. Қалған көрсеткіштеріміз жақсы,– дейді «Жанұя» емханасының меңгерушісі.
Бақытгүл Баекееваның айтуынша, жаңа ғимаратқа рентген аппарат, стационарлық флюро аппарат және мамограф аппаратын алу жоспарланған.
Жиын соңында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов жылыту маусымына дайындық, балалар алаңының құрылысы, заңсыз сауда-саттық, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелеріне қатысты жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырма беріп, олардың орындалуына қатаң қадағалау болатындығын баса айтты.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)