Осы аптада қандай ауыс-түйіс болды?

Саясат
view 1767
news

Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп жазады janabastau.kz тілшісі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының өкімімен Әлібек Қуантыров Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Әлібек Қуантыров 1983 жылы Атырау қаласында туған. Томск мемлекеттік университетін, Мичиган университетін бітірген, қолданбалы экономика магистрі.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маманның міндетін атқарушы болып бастады.

2005-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 

2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті директорының орынбасары болды.

2013 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

2013-2019 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарды.

2019-2021 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, 2022-2024 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.

Биылғы 1 сәуірде KazEnergy бас директоры болып тағайындалған еді.

Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Сейітқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Ержан Нұраханұлы 1979 жылғы 4 сәуірде дүниеге келген.

2001 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, информатика, есептеуіш техника және басқару саласының қауымдастырылған профессоры.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк штатының университетінде «Ақпаратты қорғау әдістері мен жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын 2002 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Астана қаласындағы қазақстандық филиалында математика пәнінің оқытушысы болып бастаған.

2007-2011 жылдары — аға оқытушы, доцент, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультеті деканының ғылым жөніндегі орынбасары;

2012-2022 жылдары — Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының директоры;

2022 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Іс Басқармасы «Инженерлік-техникалық орталығы» ШЖҚ РМК директоры болып қызмет атқарды.

2023 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

2023 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2006). Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған (2022).

Мемлекет басшысының өкімімен Қуат Сандалов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі цифрландыруды дамыту бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Ол бұған дейін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында түрлі қызметтер атқарып келген болатын.

Сондай-ақ осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 29 шілдедегі «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қызметке тағайындалған не қызметтен босатылған лауазым иелерімен мына сілтеме арқылы таныс бола аласыздар. 

Үкімет қаулысымен Құдайберген Арымбек Энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ол 1987 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы Маңғыстау облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы болып бастады.

2012-2014 жылдары ҚР Мұнай және газ министрлігінің мұнай-газ кешені мемлекеттік инспекциялау комитетіндегі басқармада сарапшы, бас сарапшы қызметтерін атқарды.

2014-2021 жылдары ҚР Энергетика министрлігінде бас сарапшы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болды.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігінде департамент директоры қызметін атқарды.

Энергетика министрінің бұйрығымен Ержан Ертаев ведомствоның Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

1985 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Инновациялық Еуразия университетін бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар аудандық Қазынашылық бөлімінде бастады, жеке құрылымдарда жұмыс істеді.

2009-2013 жылдары — Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетика бөлімінің жетекші маманы, бас маманы.

2013-2014 жылдары — Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі басқармасының бас сарапшысы.

2014-2015 жылдары — Энергетика министрлігінің басқарма басшысы.

2015-2018 жылдары — Энергетика министрлігінің Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша аумақтық департаменттерінің басшысы.

2018 жылдан 2020 жылға дейін Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.

2020-2021 жылдары — Павлодар облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы.

2021-2022 жылдары — «Самұрық — Энерго» басқарма төрағасы аппаратының басшысы.

2022-2023 жылдары — Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС бас директоры.

2023 жылдан қазіргі уақытқа дейін қалалық әкімдіктің атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.

Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Ермек Бейсеуов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары болып Ерік Мейрханов тағайындалды.

Еңбек жолын халықаралық мұнай-газ компаниясында бастаған.

2011 жылдың наурызынан 2012 жылдың мамырына дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызмет етті. 

Соңғы жылдары ҚР Президенті протокол қызметінің инспекторы, қызмет бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

Қызылорда қаласының әкімі қызметіне Нұржан Ахатов тағайындалды.

Н.Ахатов 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген.

Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы облыстық статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы болып бастаған.

2004-2008 жылдары Шиелі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2008-2013 жылдары облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы болған.

2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары, 2015-2022 жылдары «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма төрағасы, «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарды.

2016-2021 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзекті мәселелердің оң шешім табуына атсалысты.

2022 жылдың шілде айынан Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Еркен Жақатай «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

«Автоматика және басқару жүйесі» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық техникалық университетін (1994 ж.), «Қаржы және несие» мамандығы бойынша Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін (2001 ж.) бітірген.

Мемлекеттік (ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі), квазимемлекеттік («Қазына» тұрақты даму қорының «Даму қоры» АҚ, ҚР «Ұлттық медицина холдингі» АҚ, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының сауда өкілдігінде) және жеке секторда 30 жылдан астам басшылық жұмыс өтілі бар.

2021 жылдан бастап тағайындалғанға дейін жеке секторда жұмыс істеді.

Бауыржан Халиолла «Атамекен» өнер ордасына көшкен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры болып тағайындалды.

Бауыржан Ергенұлы 1979 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген.

2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі қызметінен бастаған.

2003-2004 жылдары Сырым аудандық «Қайнар» газетінің бас редакторы, 2010-2012 жылдары республикалық тәуелсіз «Айна» газетінің бас редакторы, 2012-2015 жылдары республикалық «Жайық жұлдызы» журналының бас редакторы болды.

Мәдениет саласында 2015-2016 жылдары Жастар шығармашылығы орталығы директорының жалпы мәселелер бойынша орынбасары, директоры, 2016-2023 жылдары Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, 2023-2024 жылдары «Атамекен» өнер ордасының директоры лауазымын атқарып келді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *