Кіші дәрет сындырып тұрған ұл мүсініне тағы да қазақ шапаны жабылды
Фотосурет: instagram.com/kazakhinbrussels
Брюссельдегі әйгілі дәрет сындырып тұрған ұл (Манекен-Пис) мүсініне тағы да қазақтың шапаны кигізілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне сілтеме жасап.
Елшілік мәліметінше, Республика күніне орай ұйымдастырылған бұл шара «Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени алмасу мен достық байланыстардың символы» екен.
Айта кетсек, Манекен-Пис (Manneken-Pis) нидерланд тілінен «кіші дәрет жасап тұрған бала» деп аударылады. Бұл – Брюссель орталығында орналасқан кішкентай қола мүсін-фонтан және қаланың ең танымал әрі сүйікті нышандарының бірі. Статуя туралы ең алғашқы дерек XV ғасырға жатады. Қазіргі қола нұсқасын мүсінші Жером Дюкенуа жасап, 1619 жылы орнатқан.
Тарихта мүсін бірнеше рет ұрланып, зақымданғандықтан, қазір оның түпнұсқасы Брюссель музейінде сақтаулы, ал алаңда көшірмесі тұр.
Манекен-Писке қатысты бірнеше аңыз бар. Ең белгілісі, Брюссель қоршауда қалған кезде бір кішкентай бала – Юлианске динамиттің фитилін (тұтатылған жібін) кіші дәретімен сөндіріп, қаланы жарылыстан аман алып қалған.
Мүсінге байланысты ең ерекше дәстүрдің бірі – оны әртүрлі ұлттық және мерекелік киімдермен киіндіру. Манекен-Пис апта сайын бірнеше рет жоспар бойынша «киіндіріледі». Киімдерді шетелдік делегациялар, ұйымдар және қайырымдылық қорлары сыйға тартады.
Бұл ретте Манекен-Писке қазақтың шапаны алғаш рет кигізіліп отырған жоқ. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Астана күні қарсаңында да мүсін шапанмен безендірілген болатын.
Пікірлер (0)