Қырғыз елі Биволдың бұрынғы әйеліне қылмыстық іс қозғады
Фотосурет: Instagram/bivol_kate
Бішкек қаласының Ішкі істер бас басқармасы әйгілі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы зайыбы Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу нұсқасына сәйкес, 21 қазанда жарияланған видеода ол қырғыз халқына қорлайтын сөздер айтқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Кактус» басылымына сілтеме жасап.
Бішкек қаласы ІІББ-нің тергеу қызметі бұл факті бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 330-бабы («Нәсілдік, этникалық, ұлттық, діни немесе аймақаралық өшпенділікті қоздыру») бойынша іс қозғаған.
Аталған бап бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – делінген ІІББ мәліметінде.
25 қазанда Екатерина Биволға сырттай айып тағылып, сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Қазір ол іздеуде жүр.
Айта кетсек, Екатерина Бивол 2023 жылы жазда ажырасқаннан кейін әлеуметтік желілерде бұрынғы күйеуін зорлық-зомбылық, опасыздық жасады және алимент төлемеді деп айыптаған жазбаларды жиі жариялаған.
Бұған дейін Ресейде Екатерина Бивол күйеуі мен оның анасына тіл тигізгені үшін прокуратура тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірақ ол кезде тек ескерту берумен шектелген болатын.
Пікірлер (0)