Көкшетауда «Отелло» сахналанды

Руханият
view 413
news

Әлемдік театр өнерінде ағылшынның ұлы драматургы У. Шекспирдің алар орны ерекше. Оның қаламынан туған ғажайып туындылары қанша ғасыр өтсе де өз өзектілігін жоғалтпай әлемнің барлық театрларында сахналанып келеді.  Шекспир шығармашылығының 1600-1608 жылдары «трагедиялық» деп аталып кеткен екінші кезеңінде жазылған теңдессіз туындыларының бірі «Отелло» трагедиясы.  Махаббат пен қызғаныш, сенім мен сезік, адалдық пен зұлымдық , адамдық пен аярлық, соғыс пен сергелдең тақырыптарын арқау еткен «Отелло» шығармасын сахналау терең білім мен кемел ойды талап ететін тағылымы мол туынды ретінде танымал.  Әлемдік классиканы игеруде өзіндік сара жолын қалыптастырып руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосып  келе жатқан  театр ордаларының  бірі Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық - драма театры. (Бұған дейін дейін Көкше қазақ театры сахнасында Шекспирдің «Король Лир» (реж.М.Оспанов), «Ричард III» (реж.Қ.Қасымов) , «Ромео және Джульетта» (реж.Д.Жұмабаева) сынды таңдаулы пьесалары жоғары жеңгейде сахналанып көрермен қошеметіне бөленген-ді.)  Шахмет Құсайынов театрында бұл жолы атақты «Отелло» трагедиясы сахналанды.  Қойылымды терең түйсікпен түйсініп, бедерлі бейнелермен әдіптеп, өзіндік режиссерлық көзқарасымен ерекше формада сахналаған қоюшы режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қуандық Қасымовтың еңбегі ерең. Қуандық Қасымов – есімі театр әлемінде қалыптасқан кәнігі режиссер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол –  ойлы, зерделі, зиялы көрермен үшін астары бар, айтары көп қойылым қоюды басты бағдар етіп алған режиссер ретінде бағалы. Оның терең біліммен ұштасқан талапшылдығы мен таланты кез-келген театр ұжымын алға жетелері хақ.  Ш.Құсайынов театрында сахналаған кезекті қойылымы «Отелло» трагедиясы шығармашылық құрамға жаңа тыныспен жұмыс жасауына ықпал етті.  Адуынды режиссердың ерекше трактовкасымен сахналанған қойылым көрерменге ғаламат әсер сыйлады. Қойылым режиссері мен қоюшы суретші Ирина Лунганың тандемі әдемі үндескен. Сахнада басы артық ештеңе жоқ. Бәрі өз орнында. Тып тыйнақтай. Теңіз бетіндегі ақ желкенді әскери кемелер мен  сахна ортасындағы дөңгелек ағаш шеңбер әдемі ойластырылған. Оны шартты түрде Отелло мен Дездемонаның ақ отауы ретінде және қулығына құрық бойламайтын  қара ниетті Ягоның құрған тұзағы ретінде де елестетуге болады. Түн. Аласұрған ақ жал толқындар мазасыз.  Түнерген түн бір сұмдықты толғатып тұрғандай.  Оңашада орайын тауып жолыққан   Дездемонаға деген көңілі суымаған  Родриго  (арт.Ержан Әубәкіров) мен  зұлым Ягоның (арт. Асланбек Шайсултанов) арасындағы  диалог оқиға ауанын аңтадаты. Ержүректігімен көзге түсіп, даңқы шығып атақ дәрежесі өскен   қара нәсілді  мавр  Отеллодан  (арт.Қайрат Мырзаболатов)  кек алуды көздеген Яго (арт.А.Шайсұлтанов) айналасын түрлі айламен үгіттеп  зұлымдық маскасын киеді. Қызғаныш пен күндестіктің кесірінен көз алдын тұман басқан Яго  аянбасқа бекінген. Қойылымдағы түрлі қайшылықтар мен тартысқа өзек болатын жағымсыз кейіпкер, екі жүзді Ягоны ойнаған Асланбек Шайсұлтанов – тың ізденістері мен ерек болмысы арқылы өз кейіпкерін нанымды алып шықты. Асланбек театр өнеріне күллі жан тәнімен берілген адал өнерпаз ретінде қалыптасып келе жатқан жас дарын. Роль дайындауда тынымсыз ізденіс үстінде жүретін актер есебінде  көпке үлгі. Ягоның  аңқау Кассионы (арт.Намыс Мақсатұлы)  алдап-сулап арақ ішкізіп, лаң туғызып жамандыққа азғыруы. Түрлі айла мен Отелло сеніміне кіруі сынды құбылмалы мінез құлықты шебер меңгерген актер Асланбектің шыңдалғанын, кейіпкерін зертеп-зерделегенін көрсетті. Қызғаныш құрбанына айналған, ержүрек Отеллоны ҚР Мәдениет қайраткері, сахна саңлағы  Қайрат Мырзаболатов өз деңгейінде  шебер бейнеледі. Қайрат Мырзаболатов қандай роль болмасын аса жоғары жауапкершілікпен қарайтын сахна мэтрі.  Оның қоңыр даусы мен сахнадағы жарасымды қимыл әрекеті теңдессіз сахна саңылағы екенін аңдатады.  Соғыстағы оқиғаларды тебірене айтуы, Дездемонаға деген ынтық сезімін жеткізуі, қызғаныштан көрсоқырға айналып, сүйгенін ақ төсекте ажал құштыруы  сияқты түрлі көңіл күй ауандарын өте шебер жеткізді. Сыңғыр күлкісімен айналасына ажар беретін, көрікті ару Дездемонаның нәзіктігі мен адалдығын, жастық албырттығы мен алғаусыз сезімін  сенімді сомдаған Әсем Шайсұлтанованың ізденістері қойылымның әрін кіргізді. Әсем атына сай актриса екенін дәлелдеді. Оның сахнадағы әсерлі әрекеті мен әдемі пластикасы,  Отеллоға деген ақ махаббаты әдемі өрілді. Қойылымдағы Венеция дожы ҚР Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай байсалдылығымен, парасат –пайымының тереңдігімен  тәжірибелі актер еккенін аңдатса Дездемонаның әкесі Брабанцио роліндегі ҚР Мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров қуатты дауысы мен отты жанарымен, өр екпінімен көрермен жүрегін баурады. Эмилия ролінде  актриса Ғалия Қорабаева, Бианка ролінде актриса Мақпал Сүлейменова, Родриго ролінде актер Ержан Әубәкіров,  Кассио ролінде актер Намыс Мақсат, Монтано  роліндегі  актер Самат Шаймерденовтер қойылымға өзіндік әр беріп әсерлі бейнелер жасады. Қойылымға мықтап зер салсаңыз оқиға өз айналаңызда өрбіп жатқандай әсер қалдырады.  IY ғасырдан астам уақыт бұрын жазылса да өз құндылығын жоймайтын Шекспир шығармаларын сахналау театр өнерінің өсуіне, актерлердің өресінің биіктеуіне ықпал етері сөзсіз.  Қай қоғамды алсаңыз да тіпті өз айналамызда да  Яго сынды арам пейілді, адам сипатты азған пенделер толып жүр. Спектакльдегі актерлық ансамбль тұтастай дерлік  үндестікпен жұмыс жасап көрерменді 100 минут бойы тырп еткізбей оқиға шеңберінде  ұстады. Бұл шығармашылық құрамның еселі еңбегінің жемісі десек қателеспейміз. Спектакльдің пластикалық шешімдерін кәсіби біліктілікпен зерделеп, әуезді ырғаққа әсерлі биін қойып тынымсыз еңбек еткен, өз ісінің шебері талантты балетмейстер Ғазиза Алимбаеваның еңбегі ұшан теңіз. Кейіпкерлердің киім үлгісі осы заманмен үндесіп сәтті тігілген. Киім үлгісінің суретшісі Маймұра Топанбаеваның ой –қиялынан туындаған киімдер, қойылымның ажарын кіргізді. Театр – ұжымдық өнер. Жұдырықтай жұмылмасаң еңбегің еш кетуі бек мүмкін.  Бір айға жуық уақыт режиссер идеясының  айналасында топтасып бір мақсатта жұмыс жасаған театрдың күллі қызметкерлерінің,  соның ішінде киім тігу цехы,  жарық беру бөлімі, бет әрлеу бөлімі, реквизит бөлімі, құрастыру цехы, әуен бөлімі, әдебиет бөлімі, көркемдік бутафор бөлімдерінің мамандарының  еңбегі ерен.  Көптеген мамандардың селбесуімен көрерменмен қауышатын әр қойылымға қыруар еңбек пен толассыз энергия жұмсалатыны кей сәтте ұмыт қалып жатады. «Отело» шығармасының жоғары деңгейде сахналануына ат салысқан барлық мамандарға шығармашылық шабыт тілейміз. Кез-келген спектакльдің көркемдік деңгейі режиссердың талантынан хабар берері анық.  Көкшетаулық көрерменді айтар ойы ауқымды сапалы қойылыммен қауыштырып, актерлердің жаңа белеске шығуына жол ашқан қоюшы режиссер Қуандық Қасымовқа айтар алғыс шексіз. Шығарманы 1939 жылы шырайын келтіріп  қазақ тіліне ақ өлеңмен аударған қазақтың классик жазушышы Мұхтар Әуезов.  Шұрайлы тіл мен тың теңеулер арқылы Шекспир шығармаларын қазақ халқымен қауыштырған ұлы суреткерге мың тағзым! Ұлы суреткерлер мен ұлы шығармалар жасасын! Жаңа қойылым жақсылыққа жетелесін!

Манарбек Қыдырбай

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *