Ақмолалық зияткерлер тұңғыш жас ғалымдар форумында жүлдегер атанды
Руханият
194
Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте өткен «Shoqan Ecology-2023» жас ғалымдардың экологиялық форумында Көкшетау қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушылары Мадина Абатова мен Расул Мейрам 1-орынға, 9-сынып оқушысы Аружан Жәнібек 2-орынға ие болды. Сондай-ақ Мерей Мурзабаева, Алуа Қыдырбай, Амина Белялова және Чинара Бисенова «Тың жаңалық» номинациясының иегерлері атанды.
Экологиялық форумның қазылар алқасының құрамы экология, биология, мұнай-химия, тау-кен-химия өнеркәсібі, металлургия және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы қазақстандық жетекші ғалымдардан құралды. Олар 100-ден астам жоғары сынып оқушыларының жұмыстарын бағалады. Соның ішінде көкшетаулық зияткерлердің жобалары үздік деп танылды.
Мадина Абатова мен Расул Мейрам «Ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мониторингтеу» жобасын ұсынды. Ол ауыл шаруашылығы алқаптарының ластану ауданын анықтау мақсатында шағын ұшатын аппараттар үшін бағдарлама құру мақсатын көздейді.
Аружан Жәнібек қоршаған ортадағы экология мәселесіне алаңдаулы. «Әсіресе жергілікті Қопа көлінің жай күйі көңіл көншітпейді», — дейді ол. Осы мақсатта «Жергілікті су қоймаларын тазартатын заманауи құрылғы» жобасын әзірлеген. Оның дайындаған құрылғысы өздігінен судың бетіндегі қоқысты тазартады.
Мадина Абатова мен Расул Мейрам жақын арада бағдарламаларын кәсіби камераға қосып, табиғи жағдайда сынауды жоспарласа, Аружан Жәнібек өз құрылғысына GPS-трекер қосып, судың бетінде ғана емес, судың түбінде де қоқыс жинайтын құрылғыны ойлап табуға ниетті.
— Арамшөптерді түсі мен биіктігі бойынша анықтау үшін машиналық көруді қолдана отырып, Python бағдарламалау тілінде бағдарлама жазылған. Камераның жұмысын көрсету үшін біз күздік бидай алқабының жасанды моделін жасадық, — дейді оқушылар.
— Қазіргі таңда бұл мәселемен күресетін көптеген құрылғылар бар. Алайда олар өте қымбат. Сондықтан мен осы мәселені тиімді әрі қолжетімді заттармен шешуді ұсындым. Оның ерекшелігі сарқылмайтын энергия көзінде және мобильді қосымшамен басқарылуында, — дейді Аружан.
Пікірлер (0)