Көкшетаулық қос зияткер әлемнің жетекші университеттерінің толық гранттарына ие болды

Жаңалықтар
view 99
news

Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2 оқушысы әлемнің озық оқу орындарынан шақырту алды. 12-сынып оқушылары Абылайхан Мұхамеджанов АҚШ-тың «Lehigh University» грантын иеленсе, Радмир Хабибулин Қытайдың «City University of Hong Kong (CityU)» толық грантына ие болды. «Lehigh University» QS World University Rankings жалпы рейтингі бойынша әлемнің 1400 оқу орнының ішінде 591-орында, 2023 жылғы мәлімет бойынша, АҚШ-тың 190 университетінің ішінде 80-орынға тұрақтаған. CityU университеті – Гонконгтың ең үздік университеттерінің бірі. Ол QS World University Rankings 2023 рейтингінде 54-орында. «Mechanical Engineering» грантына ие болған Абылайхан Мұхамеджанов оқу орнын таңдағанда «Инженерия» бағдарламасына мән бергенін айтады:

— Мен университет таңдағанда инженерия мен кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктеріне баса назар аудардым. Себебі мен бұнымен 8-сыныптан бастап айналысамын. Шақырту күтпеген сәтте келді, қатты қуандым. Мен дәл осы университетте оқитынымды қазірдің өзінде-ақ шешіп қойдым.

«Electrical Engineering» бағдарламасын таңдаған Радмир Хабибуллин де тыңғылықты дайындалған:

— Өтініш жіберерде жақсылап дайындалып, барлығын зерттедім. Құжаттарды, дипломдарымды жинадым, 700 сөзден құралған эссе жаздым. CityU инженерия саласындағы ең озық оқу орнының бірі болғандықтан таңдадым.

Екі оқушы да қазірден бастап өзге елде білім алуға қызу дайындық үстінде. Мектепті тәмамдағанға дейін өздерінің инженерлік қабілеттерін, бағдарламалау дағдыларын арттыруға ниетті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *