Көлеңкелі экономикамен күрес және ұлттық қауіпсіздік
Фотосурет ашық дереккөз
Қазақ мемлекеті қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі бизнесті ауыздықтау және трансұлттық қылмыстардың жолын кесу мақсатында заңсыз ақша айналымына қарсы тұрақты түрде және кешенді іс-шаралар жүргізіп келеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Қазақстанның ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы құрылған стратегиясы – еліміздің ұзақмерзімді жоспарын айқындайтын және жүйелі іс-қимылдар жиынтығы бекітілген негізгі құжат. Осы құжат елдің қаржылық қауіпсіздігін қорғау және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде де қарастырылады. Аталған жүйе қаржылық операциялар жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдардың, мониторингтік субъектілердің, сондай-ақ ұйымдар мен тұлғалардың арасындағы іс-әрекеттерді үйлестіреді. Осы мақсатта 2020 жылдың соңына қарай Ведомствоаралық кеңес (ВАК) құрылды. Кеңес ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру саласындағы саясатты талқылайтын тұрақты диалог алаңы қызметінде жұмыс істейді. Оның құрамына барлық негізгі мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары кірді, төрағасы болып Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды. Оның жұмысы барысында республика бойынша және халықаралық ауқымдағы ашық-жабық дереккөздерден алынған орасан зор көлемді барлық сандық және сапалық ақпараттар түгелдей сарапқа салынады.
Сараптау кезінде республикалық екінші деңгейлі банктер мен қаржылық операцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға келтірілуі мүмкін қауіп-қатерлер, жалған заңды тұлғалар арқылы қолданылатын алаяқтық айла-тәсілдер, шағын қаржы ұйымдарының ақша жылыстату схемалары ерекше назарға алынады. Сондай-ақ қолма-қол ақшаны трансшекаралық аумақтарға тасымалдау әрекетіне қатысты іс-шаралар қарастырылады.
Аталған жұмыс көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясында жүзеге асырылады. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған бағдарламалар аясында атқарылады. Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жалғыз экономикалық қана емес, тұтастай алғанда мемлекеттік қауіпсіздікті және Тәуелсіздікті қорғау шарты тұрғысынан да қарастырылады.
Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)