Көлікке алдын ала төленген ақшаны қалай қайтаруға болады?
Фотосурет: ашық дереккөзден
Ақмола облысының тұрғынымен болған оқиға — өз құқықтарыңды білу мен қорғай білудің қаншалықты маңызды екенін көрсететін жарқын мысал. Уақтылы құқықтық кеңестің арқасында ол автосалон қарсылығына қарамастан, көлікке төлеген алдын ала ақшасын қайтарып алды.
Оқиға барысы
Маусым айында тұтынушы Н. қаласындағы автосалондардың бірінен көлік таңдады. Ұнаған модельді брондау үшін қызметкерлер 250 000 теңге көлемінде алдын ала төлем жасауды ұсынды. Ақша Kaspi мобильді қосымшасы арқылы аударылды, және бұл төлемнің электронды түбіртегі сақталған.
Бірақ біраз уақыт өткен соң тұтынушы алғашқы жарнаның қалған бөлігін жинай алмайтынын түсініп, сатып алудан бас тартуға шешім қабылдайды. Ол автосалонға жүгініп, төленген соманы қайтаруды сұрайды.
Алайда автосалон жауабы нақты болды: ақша қайтарылмайды.
Неліктен бұл бас тарту заңсыз болды
Тұтынушы Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен кеңес сұрағанда, оған төмендегідей түсініктеме берілді:
Егер тараптар арасында жазбаша шарт жасалмаса, брондау сомасы автоматты түрде алдын ала төлем (аванс) болып саналады, яғни кепілақы емес. Ал егер негізгі мәміле жүзеге аспаса, аванс қайтарылуы тиіс.
Кепілақы жағдайында:
- Ол тек негізгі шарт болғанда ғана мүмкін болады;
- Кепілақы туралы келісім міндетті түрде жазбаша түрде жасалуы керек;
- Егер жазбаша түрде болмаса, кепілақы заңсыз деп танылады, ал алынған қаражат қайтарылуы тиіс.
Бұл жағдайда ешқандай шарт та, брондау шарттары жазылған келісім де жасалмаған. Жалғыз дәлел — Kaspi түбіртегі, ал бұл заңды түрде ақшаны ұстап қалуға жеткіліксіз.
Автосалонның ақшаны қайтарудан бас тартуы — Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 862-бабын бұзу болып табылады және бұл негізсіз байыту деп танылуы мүмкін. Яғни автосалон ақшаны заңды негізсіз ұстаған, бұл — заңсыз әрекет.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес, міндетті сотқа дейінгі тәртіп қарастырылған:
1. Тұтынушы сатушыға жазбаша түрде (пошта немесе e-mail арқылы) талап қоюы керек;
2. Сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жауап беруге міндетті;
3. Егер жауап болмаса немесе сатушы ақша қайтарудан бас тартса, тұтынушы тиісті мемлекеттік органдарға немесе Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы шағымдана алады.
Құқықтық көмек алғаннан кейін тұтынушы Н. автосалонға ресми талап жолдады. Нәтижесінде заңды негіздегі мен дәлелдерден кейін автосалон 250 000 теңгені толық көлемде қайтарды.
Пікірлер (0)