Қосшы деген қала бар Сарыарқада...

Мәдениет
view 2539
news

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 24 ҚАЗАН КҮНІ ARUZHAN PLAZA МЕЙРАМХАНАСЫНДА АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Сонау ғасырлар қойнауынан бері жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің алтын арқауы – үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі дәлелдеген шындық. Сахараның сан қырлы мәдениетінің бір белесі осы – айтыс. Оның ғылым мен техника дамыған мынау технократтық ХХІ ғасырда да дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны қуантады. Бұл кешегі бабаларымыз бен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғап тұрған рухани сабақтастық. Қазақ – мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен ғана қазақ!

Тарих куә, ұлттық құндылықтарын қорғай алмаған қаншама жұрттар жер бетінен жоғалып, өзінен үстем этностарға жұтылып, сіңісіп кетті. Нобель сыйлығының иегері, саяси көзқарасы үшін көп қудаланып, 27 жылын темір тордың арғы жағында өткізген, сонда да сағы сынбаған, 90 жылдардың ортасында Оңтүстік Африка Республикасының Президенті болған Нельсон Манделадан қалған сөз бар: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес...». Төбе құйқаңды шымырлататын-ақ шындық! Ұлт жанашыры Мұхтар Шахановтың айтуынша, Кеңестер заманында Одақтың құрамында болған 90 этнос ұшты-күйлі жоғалып, 90 түрлі тума мәдениет пен салт-дәстүр ұмытылып, өшті. Осындайда айтыс сияқты текті өнерімізді жандандырып жүрген, қолдау көрсетіп, демеп жебеп келе жатқан ұрпақ барда қазақ ешқашан жоғалмайды деп сеніммен айта аламыз. Айтыс – қазақтың ауызекі әдеби-музыкалық өнерінің көлемді және аса құнды салаларының бірі. Киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал етуді мақсат тұтқан өнер сайысы осымен Қосшы қаласында үшінші жыл қатарынан өтті.   Айтысқа жанашыр болып, демеушілік көрсетіп жүрген аға-апаларымыз да аз емес. Биылғы Республика мерекесіне арналған айтысқа жергілікті кәсіпкерлер, мәдениет жанашырлары – Өтегенова Шолпан Ғажайыпқызы, Кенжалина Салтанат Жұманазарқызы және Кәкімжанов Дидар Бөлтірікұлы демеуші болып, аузымен құс тістеген ақындардың жүлде қорының жүгін көтерісті. Айтыстың аты облыстық болғанымен, оған Астана, Ақтөбе, Көкшетау, Арқалық, Қосшы қалалары мен Ақмола облысының Ерейментау, Целиноград, Қараөткел, Қоянды аудандарынан он ақын қатысты. Олар – Алдабергенов Данияр, Нартай Тілеуқұл, Ерлан Дәулет, Берденбек Мырзабек, Құсайын Дінжан, Нұртілеу Төленбек, Батыржан Кәдірбай, Тоба Өтепбаев, Таңжарық Ержан және Бергенбек Азатбек. Ақындар жеребе арқылы жұптасты. Өнерпаздарға қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей сәттілік тілеп, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Айта кетейік, алғаш болып сахна төріне шыққан ереймендік Ерлан Дәулет мұның алдында ғана Көкшетауда өткен республикалық айтыстан бас жүлде алып, 1 млн теңгені олжалап келген беті. Тәжірибелі айтыскерге өнер жолына енді түскен жас Берденбек Мырзабек тегеуірінде қарсылық көрсете алмады. Ол қарсыласын «ойнап отырып», оңай жеңіп кетті. Екінші жұп Батыржан Кәдірбай Тоба Өтепбаевтың сөз сайысы біршама тартысты өтті. Екі өнерпаз бір-бірін әрі-бері сөзбен түйреп, жанды жерлеріне ши жүгіртіп көрді. Дегенмен жас пері Батыржанның жолы болып, қарсыласынан мойын оздырып кетті. Таңжарық Ержан пен Бергенбек Азатбектің де сайысы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жұптасуда Бергенбек жеңіске жетті. Келесі кезектегі Нартай Тілеуқұл мен Құсайын Дінжанның кездесуі көрерменді қызыққа батырған жақсы айтыс болды. Нартай бауырымыз «бәйгені шаппай бер» дейтін шын жүйрік екен, әдемі әзіл, ұрымтал тәсілмен Дінжанды әбден тығырыққа тіреді. Жеңіс бірауыздан Нартайдың қанжығасында кетті. Алдабергенов Данияр мен Нұртілеу Төленбектің айтысы да көптің көңілінен шықты. Данияр айқын басымдықпен келесі сайысқа жолдама алды. Алғашқы айналым өткен соң, жеңімпаздар қайта жұптасып, енді жүлделі орындарды сарапқа салды. Кіл мықтылар ғана суырылып шығып, өзара бақ пен бап сынасқан өнерпаздар айыстың көрігін бұрынғыдан бетер қыздыра түсті. Данияр мен Батыржанның кездесуінде астаналық ақын ақтөбелік қарсыласынан басым түсті. Нартай мен Тобаның кездесуінде батыстың дүлділі тағы да хас жүйріктігін танытты. Айта кетейік, Ерлан Дәулет жол жүретін болып, жарыстың соңын тоспай, ерте кетуіне тура келді. Сондықтан ол финалдық сынаққа қатыспады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын мен 200 мың теңге Нартай Тілеуқұлға (Ақтөбе), екінші орын және 100 мың теңге Данияр Алдабергеновке (Астана), үшінші орын және 50 мың теңге Тоба Өтепбаевқа (Арқалық) бұйырды. Қалған ақындардың барлығына 20 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді. Жақсы өнер көрсеткен Батыржан Кәдірбай арнайы жүлдені иеленді. Айтыстың демеушілерінің бірі, ARUZHAN PLAZA мейрамханасының директоры өз тарапынан Тоба Өтепбаевтың арнайы жүлде тағайындады. Өнер сайысына ақын, күйші, публицист, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры, «Қарымжы», «Қайран дәурен», «Сауға» кітаптарының авторы Кәдірхан Қизатұлы, ақын, жазушы, «Абай жолы”, “Міржақып. Оян қазақ!”, “Ахмет. Ұлт ұстазы” телехикаяларының сценаристі Ұларбек Нұрғалымұлы және «Jańabastau» қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газетінің редакторы Дәулетқали Асауов төрелік етті. Айтысты ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» атқарушы директоры Еркебұлан Қайназар жүргізді.

Дәулет АСАУ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *