Береке, бірлік – амалдың басы

Мәдениет
view 2949
news

Қосшы қаласының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ мамандары ардагерлер мен жастардың басын қосып, «Береке, бірлік – амалдың басы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосу еркін форматта, орталық мамандарының тапсырмаларын орындап, ескі ән мен фильмдерді еске түсірумен қызықты өтті. Ақылдың кенішіне айналған ардагерлер заман талабына сай ағылшын тілін де жетік білетіндігін дәлелдеп, жастарды таңғалдырды. Қазыналы қарттар өз тарапынан өмірден алған сабағы мен өнегелі әңгімелерін айтып, білім мен еңбектің қатардан қалдырмайтындығына тоқталды. Ыбырай Бөлтірікұлы «Өміріміздің бәрі алға ұмтылумен өтіпті. Одан жаман болған ешкім жоқ. Адамды адамнан артық етері тек білім мен еңбегі. Әрекет бізден, берекет Алладан. Адамға қиянат жасап, ақысын жеу деген ең ауыр нәрсе. Осыдан сақ болу маңызды.

Білім алудан жалықпау керек. Жасым жетпістен асса да әлі күнге дейін білімімді толықтырумен келемін. Кең болған адам кем болмайды. Жақсы ортада жүріңіздер. Ортасы жақсы ортайып қалмайды. Бір жерде тоқтап қалмауым керек деген талпыныс мені ардайым биікке жетелеп келеді», деп жастарға ақыл-өсиетін айтып, еңбек етуден жалықпауға шақырды. Ал Ардақты ақсақал Сансызбай Досаев «Қосшыда тұрып жатқаныма 17 жылдай уақыт болыпты. Қаланың дамуы жаман емес. Бүгінгі жиынның тақырыбы жақсы екен. Көп дүние бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар бірлікке байланысты. Ел боламыз десек, ауызбірлігіміз алдыңғы орында болуы керек. Мынадай қылып жастар мен ардагерлердің басын қосып отырған орталыққа рақмет. Үлкеннен ақыл алып, жастардан үйренер тұсымыз көп», деп өз тарапынан білгенімен бөлісті.

Ардагерлерге құрмет, ұрпаққа міндет деп қарайтын жастар ел алдында жүрген абыройлы ата-апаларға ізет танытып, көкейде жүрген сан сауалдарына жауап алды. Орталық басшысы Әлия Қуатжанқызы өз тарапынан ардагерлерге алғысын айтып, «Сіздердің атқарған істеріңіз, берген өнегелеріңіз біздің жадымызда мәңгі сақталмақ. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!» деп ізгі тілегін жеткізді.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *