Киносы бар, сыншысы жоқ ұлт

Мәдениет
view 156
news

Фото ашық дереккөзден

Бұл мақалада автор қазақ киносының дамуындағы басты кедергілердің бірі – кәсіби киносыншылар мектебінің қалыптаспағанын сын тезіне алады. Әсия Бағдәулетқызының «Адамды сүй...» атты мақаласынан туындаған ой аясында, бір ғана сапалы сын материалдың халықтың кинотанымына қалай әсер еткені мысалға келтіріледі. Автор орыс, еуропа және парсы өнеріндегі сыншылық дәстүрдің мықты болуын олардың көрерменінің талғамының жоғары болуымен байланыстырады. Сонымен қатар, қазақ көрерменінің киноны терең интеллектуалды өнер ретінде қабылдай алмауының себебін – киносын мен кинотану саласындағы жүйесіздікпен байланыстырады. Шешім ретінде, «Қазақфильм» аясында арнайы киноинститут құрып, Әсия Бағдәулетқызы сынды кәсіби мамандардың жетекшілігімен киносыншылар мектебін қалыптастыру ұсынылады. Мақала киноны өнер ретінде дамыту үшін ең алдымен сапалы сын мен сауатты көрермен қалыптастыру қажет екенін дәлелді түрде алға тартады, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Елзат Ескендірдің әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап. 

«АДАМДЫ СҮЙ...». КИНОСЫНЫ МЕКТЕБІ«АДАМДЫ СҮЙ...». КИНОСЫНЫ МЕКТЕБІ

2014-жылы болу керек. Әсия Бағдәулетқызы Андрей Тарковскийдің «Андрей Рублёв» фильмі жайында «Адамды сүй...» атты керемет мақала жариялады. Мақаладан кейін қаншама адам, оның ішінде көбі қалам ұстап, кітап оқиды деген журналистердің өзі, материалдың мазмұнына ризашылықтарын білдіріп, фильмді көріп, тәнті болғандарын жазып жатты. Осылай, бір ғана мақала бір қауым жұртқа өнердің үлкен кеңістігін ашты. 

Енді ойлаңызшы, Әсия сияқты сауатты 10 киносыншы болғанда және олар үздіксіз сараптамалық материалдар жазып отырғанда халықтың кино талғамы бүгінгіден әлдеқайда биік болар еді ғой. Көркемдігі сапасы жоғары, мазмұны терең дүниелердің өз аудиториясы қалыптасып үлгерер еді. Сол арқылы авторлық, ойлы туындылар европа, қытайдағыдай прокаттың өзінен біршама қаржы табатын жағдайға жететін еді. 

Бірақ, содан бері 10 жылдан аса уақыт өтсе де қазақ киносына сыншылар тобы қалыптаспай қалды.

Мен сол кезде-ақ, Әсияның мақаласының эффектісінен кейін ойланған едім, қазақтың көзі ашық деген әлеуметтік тобының өзі жарық көргеніне бәленше жыл болып, халықараға даңқы кеткен, әлем өнерінен өз орнын ойып алған «Андрей Рублёв» деген киноны көрмек түгілі, оның атын енді естіп жатыр, ал былайғы жұрт бұл фильм тұрмақ, Тарковский деген ұлы режиссердің өмірде болғанынан да хабарсыз шығар деп. Сол жылдары-ақ анық көзім жеткен, қазаққа әдебиет пен театр сіңгенімен кино өнер ретінде әлі күнге сіңбей қалғанына. Қазақ баласы, оның ішінде қазақ тілді әлеумет киноны әсіреқызыл, сауықтық, көргенде қызық болуы тиіс өнер ретінде қарастыратынына. Кино қазақ жұртына салмақты, ойлы, интеллектуалды өнер ретінде әлі күнге жат екендігіне.

Мұның себебін де түйсінгем. Оның бірі және бастысы - қазақта кинотану мектебінің әлсіз болуы. Тек белгілі уақыт аралығында ғана Бауыржан Нөгербек сынды жалқы, жалғыз тұлғалар шыққаны болмаса мектеп ретінде киносыны қалыптаспады. Бірақ, үлкен сын мектебі үшін жалқы, жалғыз болу – өте аз еді. Мектеп болу үшін шоғыр қалыптасу керек-тін. Әрине, сіз айтарсыз, қәзір де бәленше-түгенше деген сыншылар бар ғой деп. Иә, бар. Алайда, олардың көбі кинотанушы деген аты болмаса дер кезінде әр туындыға салмақты сараптама жазып, жариялап, кинода орын алатын әрқандай ситуацияға дер кезінде араласып, бағасын беріп отырмайды. Кинода жолы болмай жүрген кейбір режиссерлер ұнжырғасы түсіп, екі иіні салбырап, салы суға кеткендей депресивті күйде жүреді. Сол сияқты кейбір киносыншыларға қарасаң сондай режиссерден өткен депресивті хәлде. Киносыншы, танушы деген әркез сергек, өткір, әрі өте сауатты болуы керек емес пе еді. Киносыншы мен танушының ең басты қасиеті – сараптамалық мақала жаза алуы тиіс. Жаза алмайтын, тек газет-журналға сұқбат беріп, пікір білдіретін сыншы – ол сауатты сыншы емес. Мүмкін, мүлде. 

Алыс-жақынға ой жіберіп қарайықшы. Мына тұрған орыстың, арыдағы Европаның, оңтүстіктегі парсының өнері неге асқақ, құнды, бағалы?! Олардың асқақтығы мен бағалылығы сол жұрттардың оқырманы мен көрерменінің Құдайдан сапалы боп жаралғандығында емес қой, олардың құны – сыншылық мектептерінің дұрыс қалыптасуында ғана. Сыншысы дұрыс елдің – оқырманы мен көрермені сапалы, саналы. Тіптеп келгенде оқырмен мен көрерменнің талғамын түзейтін автор емес, осы сыншы. Әйтпесе, орыс пен парсы, европа жұрты ғана сапалы автор тудырып, қалғанының тегі қурап кеткен жоқ. Ол жерден шыққан Антониони мен Феллини, Звягинцев пен Дарденндеры бізден де шығады. Тек біздікі өз еліне өгей күйінде өтіп келеді. 

Орысты алайық. XIX-ғасырдағы орыс әдебиетін Белинскийсіз елестету мүмкін бе?! XX- ғасырда да қаншама сыншылары өтті. Орыс әдебиеті сонсымен оқырманына жетті, әлемге тарады. Ал киносы да сыншылардан құры алақан емес. Бүгінгі таңдағы орыс киносын Антон Долин, Андрей Плахов, Наум Клейман, Зинаида Проншенко, Андрей Зельвинский т.б. сыншыларынсыз елестету мүмкін бе?! Бір кино саласының өзінде қаншама сауатты-сауатты сыншы, кинотанушы бар. Әрі олардың бәрі де әлемдік киноның жілігін шағып, майын ішкен кәнігі мамандар. Бәрі дерлік әлемдік үздік кинофестивалдерге арнайы барып, дер уақытында жан-жақты ақпарат таратып, жазып жатады. Әлемдік киноны ресейге, одан бергі бүкіл орыс тілді өңірге прокат жасайтын мықты дистрибьютерлердің өзі жаңа фильм шығысымен алдымен солардың қаламының ұшына қарайды. Олардың қаламы оң баға берсе ол туындылар орыс тілді аудиторияға шығады, нашар десе қалады. Яғни, әлемдік әр фильмнің дер уағында орыс жұртына жетуінің тағдыры – ең алдымен ресей сыншысының қаламының ұшында шешіледі.

Әсіресе, Антон Долиннің атағы халықаралық деңгейде дүрілдеп тұрғаны елге мәлім. Ол кеше ғана өткен Канн фестиваліндегі, негізгі конкурстық фильмдерді бағалайтын қазылар алқасынан тыс, тәуелсіз түрде баға беретін халықаралық деңгейдегі 11 сыншының бірі болды. Таза кассалық бағытта түсіретін, ресей ішіндегі киногерлердің өзі Антон Долин десе айылын жия қояды. Долин, Плахов дегендердің орыс киносының асылы мен жасығын айырып, сараптама жасап, оларды популяризация жасауда сіңіріп жатқан еңбегі ұшан теңіз. Бір Долиннің өзі халықаралық кинодағы ірі есімдер дат Ларс Фон Триер, америкалық Дэвид Линч, ирандық Джафар Панахи жайында бірнеше кітап жазған. Ал басылымдар мен YouTube каналында жасаған бағдарламаларында есеп жоқ. Өзі өте білгір, білімді, шешен сөйлейді. Тыңдасаң тыңдап отыра бересің. Және арнайы шақыртумен дүниежүзі бойынша жүріп, лексия оқиды. Алматыға да бірнеше рет келіп кетті. 

Осындай киносыншы, кинотанушылары бар елдің халқы Тарковский сияқты, Герман, Звягинцев, Серебренников секілді режиссерлерінің туындыларын түсінбей қалуы мүмкін бе?! Киносыншы деген – авторды көрерменге түсіндіріп, көрерменді авторға дайындап отыратын үлкен көпір емес пе. Көпірі үлкен елдің – мәдениеті де берік болатыны содан. 

Жалпы, тек кино саласында ғана емес, орыс өнерінің әр саласының өз сыншылық мектебі берік қалыптасқан. Ең бастысы, бәрі де сергек. Себебі де сол шығар, орыстың, тіпті, жанымыздағы орыс тілді қазақтың қазақ тілді әлеуметке қарағанда талғамы биік болатындығы. 

Сондықтан, қазақ киносын дамытамыз десек, осы бағыттағы ең басты шаруалардың бірі - киносыншылар мен кинотанушыларға қолдау білдіріп, қазақ кино сын мектебін қалыптастыруымыз керек. Бұл мектеп қалыптаспай халықтың талғамы кері кеткені кері кеткен. Киногер сыншының қаламының ұшына қараған, көрермен сыншы не айтар екен деп пікір күткен санатқа көтерілген кезде ғана – саналы көрермен сапалы туындысын өзі іздеп табады. Сол кезде КВН фильмдерге тиым салайық деп қолдан цензураны тірілтіп алмайсың, талғамды көрермен мазмұнды, терең, көркемдігі биік дүниені өзі-ақ айырып алады. 

Ал мектеп қалыптасу үшін европадағыдай киноинститут құрылуы қажет. Киноинститутта ең алдымен осы киносыншлар мен кинотанушылар жұмыс істеуі тиіс. Ол институтты «Қазақфильм» киностудиясының дәл ішінен ашу керек. Оған киностудияның ғимараттары молынан жетеді. Әсия Бағдәулетқызы сияқты сауатты мамандарды институттың бас қызметкері ретінде жұмысқа алу керек. Сол кезде, алдағы 3-5 жылда-ақ сауатты көрерменнің саны артып, нағыз өнерге даңғыл жол ашылып, қазақ киносы әлемдік мәдени кеңістіктегі алыптармен тең дәрежеде иық теңестіре алатын жағдайға жетеді. 

Елдің мәңгілік мәдени мұрасына айналатын өнер жасаудың жолы осы. 

P.S: Бір айта кететін дүние, халықтың көркемдік талғамын тоздырып жіберу үшін телевидениені рейтингпен, киноны кассамен бағаласаң жетіп жатыр екен, содан кейін бұқара жұрт бас-аяғы 5-10 жылда-ақ сарт-сауанға айналып шыға келеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *