Талғат Теменов. ДИМАШ

Мәдениет
view 47
news

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

Димаш... Қазақ үшін осы есім ерекше ыстық. Бала кезімде әкемнің: «Димекең, Димаш Ахметұлы» – деп айтып отырғанына талай куә болғам. Бүгінде Дінмұхаммед Қонаев – Қазақтың Димашы тарих төрінен, елінің жүрегінен орын алған ұлы Перзенті. Кезінде Қазақтың тағы бір баласы Мұстафа Өзтүрікпен Димаш ағамыздың үйінде болып, қолынан дәм тату мен үшін зор мәртебе болғаны рас. ХХ ғасырда Қазақ үлкен Димашымен мақтанса, ХХІ ғасыр кіші Димашымен шаттанатын болды.

Жалпы кез келген мемлекет өзінің өнімімен, өмірімен, табиғатымен, табиғи байлығымен, оқу-білімімен, ғылымымен, қаруымен, қарымымен мақтанады. Ол – заңдылық. Сондықтан да әр американдық болмаса француздар өз Отанының ұл-қызы болғанына дән риза. Әрине, біз де сол көштен қалғымыз жоқ. Онсыз да майда-шүйдеге мақтанғыш біздердің кеуде соғып қуанғымыз келеді. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді.

Мемлекеттің экономикасы, ел-жұрттың еңсесі әлі көтерілмей жүрген осындай өтпелі кезеңде бізге Құдай Димашты берді. Димаш – қазір бренд. Қанат пен Светаның баласы бүгінде Халқының сүйікті Ұлы болды. «Ұлы» деген сөздің бұрын ескермеген, елемеген өңірін өзіме енді ашып отырмын. «Ұлы» сөзі – баласы, ер баласы, ұрпағы, жалғасы, ертеңгі шаңырақ иесі, ұрпақ жалғасы деген ұғымды білдірсе, екінші пайымдауда «ҰЛЫ» – қайталанбас дарынды, таланты, өзгелерден көш ілгері, елінің қамқоршысы, жоқтаушысы, жанашыры, мақтанышы дегенге саяды.

Көбінде бір үйдің, бір шаңырақтың, бір ата-ананың ұлы болу бар да, елінің, ұлтының Ұлы болу – кез келгеннің маңдайына жазбаған. Міне, біздің Димаш сол Елінің сүйікті Ұлы болды. Бүгінде үш жүз жыл отаршылдық пен отыз жылғы опық жеуден соң Қазақ елін Әлемге танытып жүрген бірден-бір тұлға – ол Димаш. Димаштың арқасында төрткүл дүниедегі қыз-жігіт қазақша ән салған. Қазақстан деген мемлекетті тани бастады. Өз көшесінен басқаны білмейтін миллиондаған жанкүйер қауым Астана мен Ақтөбені картадан іздеп шарқ ұрды.

Димаш концерт беретін қалалар мен шаһарларға билет таппай, ұшаққа орын болмайды. Біздің Ұлдың суретін қолына ұстаған аруларда есеп жоқ. Олар да Димашты айтса, ес болмайды. Сондықтан да әлемде үлкен фан-клуб бар. Ол жай ғана фан-клуб емес – жан-клуб, әншінің жанкүйерлері. Олардың санын ешкім білмейді, өйткені олар да Димаштан басқасын білгісі жоқ. Бұл – өнердің құдіреті. Димаштың еңбегі.

Еңбек екінің бірінде бар шығар. Әркім өз ісінің шебері болғанға не жетсін?! Димашта тек еңбек емес, жастығына қарамай – ақылды. Жалпы, ақыл – Алланың адамға берген ерекше сыйы болар. Осындайда Асқар Тоқпанов айтқан әңгіме еске түседі. Бірде дейді Асекең...

Үлкен бір отырыста бұлбұл әнші Роза Бағланова Бауыржан Момышұлынан:

– Бауке, айтыңызшы, ең мықты, ең атақты әнші болу үшін не керек дейсіз? Дауыс па, сұлулық па, репертуар ма, болмаса таныс-тамыр ма? – дегенде, Баукең дауысы гүрілдеп, көзі аларып, гүрр еткен екен:

– Слушай... – алдымен мынау деп маңдайын, сосын сол кеудесін, соңында ғана тамағын көрсеткен екен.

Аңыз болсын, ақиқат болсын, осы естелікте үлкен философия жатыр. Қай жерде де, қайда да адамға ең керегі – Ақыл. Ал біздің Димашқа Алла ақыл берген. Өйткені ол атасының баласы.

Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев – Мұғалжардың перзенті. Мамандығы инженер болса да, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын, оқығаны да, тоқығаны да мол, өте қарапайым және зерек кісі болған. Қашан көрсең, ізетімен, сыпайылығынан айнымаған, кісілігіне кішілігі жарасқан қарапайым кісі-тін. Назым Хикмет айтпақшы: «Аз да болса айбатты, қораш та болса қайратты» еді. Құдайберген ақсақалдың ең үлкен еңбегі – Қанат пен Светаның өнерде көгеруіне, көктеуіне барын да, нарын да берді. Сондықтан бала Димаш ес білгелі домбыраның үнімен есейіп, ертегіге елтіп өсті. «Ертегіге сенбеген баладан романтик шықпайды» демекші, Димаштың ән-күйге ынтасы осы ата-әженің тәрбиесінен бастау алады.

«Ертегіге сенбеген баладан романтик шықпайды» демекші, Димаштың ән-күйге ынтасы осы ата-әженің тәрбиесінен бастау алады.

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, халыққа танымал болған азамат. Анасы Светлана Айтбаева да – белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Сазген» ансамблінің солисі болған. Өнерлі әке-шешенің ортасында өскен бала қалайша өнерге жақын болмасын?! Сондықтан да Димаштың бойына туа біткен дарын мен ата-анасынан дарыған өнерқұмарлық ұштасып, ерте жастан қалыптасты.

Алғаш рет сахнаға төрт жасында шыққан Димаш, бала күнінен түрлі музыкалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Музыка мектебінде фортепиано класында оқып, академиялық вокалды меңгерді. Оның дауыс ауқымы сирек кездесетін диапазонға ие болды – алты октавадан асады. Бұл – әлемдік сахнада өте сирек кездесетін табиғи ерекшелік.

2017 жылы Қытайдағы «I am a Singer» байқауына қатысуы – Димаштың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Бірнеше ай бойы әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған көрермен оның орындаушылық шеберлігіне тәнті болды. Байқауда екінші орын алғанымен, ол жеңімпаздан да танымал болды. Сол сәттен бастап Димаштың фан-клубтары Азиядан Америкаға дейін құрылды.

Димаштың репертуарында қазақтың халық әндері, классикалық туындылар, заманауи композициялар бар. Ол «Ай, көңілім», «Самалтау», «Любовь уставших лебедей», «SOS d’un terrien en détresse» секілді шығармаларды орындағанда, көрермен тек ән емес, эмоция мен шынайылық сезінеді. Оның сахналық мәдениеті, әрбір детальға мән беруі, тіпті киім үлгісіне дейін – үлкен еңбектің нәтижесі.

Димаштың ең үлкен жетістіктерінің бірі – қазақ тілін, қазақ мәдениетін әлемге танытуы. Ол қай елде өнер көрсетсе де, сахнадан қазақша сөйлеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді ұмытпайды. Әр концертінде домбырамен ән салып, ұлттық аспапты таныстырады. Бұл – шетелдік тыңдарман үшін ерекше әсер, ал қазақ үшін – мақтаныш.

Бүгінде Димаш – Қазақстанның мәдени бренді. Әлемдік жұлдыздармен бірге бір сахнада ән шырқап, халықаралық марапаттар алып жүр. Бірақ соның бәрінде де қарапайымдылығынан айнымайды. Ол – нағыз өз елінің Ұлы. Димашқа дейін біздің әншілердің біразы, әсіресе орысша оқығандар, қазақша ән айтудан ұялатын, қымсынатын, қорланатын. Орысша ән салып, ағылшынша жырлағанда өнер биігіне шықтым дейтін-ді.

Димаштың бір еңбегі – осы “өтірік комплекстің” тас –талқанын шығарды. Қазір дүниенің түкпір –түкпірінде қазақша ән айтып, домбыра тартатындар жеткілікті. Ол аз десеңіз, аты-жөнін, ныспысын Димаш деп, Құдайберген дегендер де баршылық.

Өнер адамына ана тілінде ән салудан артық бақыт жоқ екенін Димаш осылай дәлелдеп берді.

…Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып, айнам, көрген күнім –ай.

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен, айнам, қайран елім…

Әннің авторы әлі күнге белгісіз, толық зерттелмеген. Әзірге халық әні боп жүрген шығарма Димаштың орындауында бізбен қайта қауышқан.

Алыстан, тым жырақтан естілген қасқырдың ұлуына жылаған сәбидің дауысы қосылғандай. Дүние аппақ… Қар басқан төбелер, жаяу жалпылап кетіп бара жатқан жігіттермен қоштасуға жүзі шыдамай үнсіз қалған мелшиген мола төбелер. Аяқ –қолы кісенсіз болғанмен, “еркек тоқты – құрбандық” деп беймәлім ел, белгісіз жерге ауып бара жатқан қазақтың оғландары…

1916 жылғы Ресей империалистік соғысқа араласты. Қазақ елі тек азық –түлік қана емес, адам күшімен де Ақ патшаға көмектесу керек-ті. Онсыз да шұрайлы жердің бәріне “қара шекпенділер” қоныстанғанына әзер шыдаған халық мына жарлыққа шарт сындырды. Ұлт –азаттық көтеріліс бұрқ ете қалды.

Бұл ән – зар, сол кезеңде туған халық трагедиясының бір көрінісі… Әлі күнге толық зерттелмеген, қазақ халқының ерлігі мен өрлігін біздің болашақ тарихшыларымыз бен жазушыларымыз жазары хақ.

ХХ ғасыр адамзат үшін, әсіресе қазаққа оңай болған жоқ. Қаншама боздақтар жат жерде шейіт болды. Қаншама көз жас сайын даланы сарғайтты…

Таңғы сәтте дүниені қара бұлт басқан мезетте со –о –о –о –нннаааауууу көктен үн естілген… Бұл әуенде әлде зар, әлде ышқынған боздақтың көзіндегі мұзға айналған жасын ерітердей тылсым күш бар.

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен, айнам – туған жерім…

Міне, жас жігіттің арманы, мұңы, сары ала сағынышы, сарғаюы… Қара шаңыраққа, туған жерге деген қимастық… Әлгі дауыс боз аспанды тесіп өтіп, бірте-бірте маңайды – жо-жоқ, мынау аппақ дүниені – ағарта берген. Әлде алыстан еміс-еміс естілген, сосын маңайына нұрын шашқан қасиетті Құранның мақамындай ма?.. Немесе ботасын жоғалтқан боз інгеннің боздауы ма?.. Жоқ, жоқ, бұл – ер азаматтың “ах” ұрғаны. Өзі айдауда, қолы байлауда… Басынан бағы тайған батырдың бастырылуы…

“Қаратаудың басынан көш келеді” зарынан кейінгі азанама… Халықтың көз жасы…

Біздің әнші әлемге белгісіз елінің мұңын, халқының зарын осылай тірілткен. Бұны – көз жасы көл болған аналар мен арулардың, кемсеңдеген ақ сақалды қария мен шырылдаған сәбилердің, айдалған, тозған, тоз –тоз боп тарыдай шашылған Алаштың реквиемі дерсің… Моцарттың, Бетховеннің емес, қазақтың қазанамасы… реквиемі. Бұл – еуропалық симфониялық оркестр емес, Димаштың дауысы!

Иә, бір Димаш – бір оркестр… Біздің ұлан өткен өкінішті осылай әнмен өрнектеген. “Samal Tau”… Иә, Самал тау… Бұл әнді Димаштың орындауында естіген сәттен бастап талай адам “осы ән кімнің әні?” деп іздеді. Әннің сөзі мен сазының иесі белгісіз болса да, халық жүрегінен орын алды.

Димаш бұл әнде табиғаттың тынысын, таудың самалын ғана емес, адамның жан самалын да жеткізді. Тау шыңындағы қырау да, етегіндегі самал жел де, алыстағы сағыныш та – бәрі бір арнаға тоғысқандай. Бұл – туған жердің иісі, балалықтың жұпары, алыстан естілген ауылдың даусы.

Ән басталғанда – қоңыр кешкі самал ескендей. Ал шырқай түскенде – жүректі қақ айырған сағыныштың дірілі сезіледі. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұрпақтың, бір халықтың сағынышы.

Димаштың даусы арқылы бұл ән өзін іздеген иесін тапқандай… Тап қазір таудың басында біреу баяу ғана “Самал тау…” деп бастап, артынша дүние дүр сілкінгендей шырқайды. Тыңдаған әр жүрек өз Самал тауын, өз сағынышын, өз мекенін еске алады.

Бізге бұл ән Димаш арқылы қайта оралды. Ол тек ән емес – жүрекке жазылған хат, туған жерге деген үнсіз ант, алыста жүрсе де, еліне деген адалдықтың әуені. Көк жүзінде қыран құс қанатын жайып ұшып барады. Тынысы кең, кеудесін кере дем алады. Мақсаты нақ, межесі айқын.

Төменде көзге түсер төбелер, таулар, жылғалар, жыралар… Ормандар, ой –шұқырлар… Қыран бүркіт маңайына көз тастап, алға самғайды. Асығар емес… Өйткені алда оны тосқан Ұлы істер тұр.

Не дейсіз ғой?.. Ол – құпия. Өмірдің құпиясы. Қыранның құпиясы…

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *