Қосшы қаласында «Тіл шебері – 2026» байқауының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешенінің концерт залында Тілдерді оқыту орталығының мұрындық болуымен 21-35 жас аралығындағы жастар арасында дәстүрлі «Тіл шебері – 2026 жыл» V республикалық байқауының қалалық кезеңі ұйымдастырылды.
Байқау ережесіне сәйкес үш тілді еркін меңгерген жас мамандар: Қосшы қаласы мектептерінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен Тайтөбе ауылындағы білім ордасының информатика пәнінің ұстазы бақ сынасты. Жалпы 9 үміткер өтінім білдіргенімен, құжаттары толық әрі талапқа сай келген 6 қатысушы іріктеліп, додаға түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау – жастардың көптілділік қабілетін, ойды жүйелі жеткізу шеберлігін және кәсіби біліктілігін айқындайтын маңызды алаң. Қатысушылар жоғары деңгейде дайындық танытып, үш тілде еркін сөйлей алатынын дәлелдеді.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Тайтөбе ауыл мектебінің ұстазы Әлішер Мұхамбетжанов иеленді. ІІ орын жас ұстаз Динара Шәріпхановаға бұйырса, ІІІ орынды Арунас Қуандық қанжығасына байлады.
Сондай-ақ қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Анеля Әлімжан «Сөз зергері», Аймира Майрамбаев «Ой жүйрігі», ал Сымбат Әбиева «Үздік аудармашы» атанды.
Байқау барысында әр мектептен келген оқушылар өз ұстаздарын қолдап, әлсін-әлсін қол соғып отырды. Сондай-ақ іс-шарада қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Қазылар алқасының құрамында профориентолог, @jastar.online және @Dauletten_qory директоры, PhD кандидат Жасұлан Бостандықұлы, шетелде білім алу бойынша сарапшы, «Turkiye burslari» стипендиаты Абай Кәлім және «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 20 жылдық тәжірибесі бар English Today тіл мектебінің директоры Айназ Мұқашевна Сабиржанова болды.
Пікірлер (1)
Тамаша. Осындай свңызы бар байқаулар жастардың жолын ашады.