Қосшы қаласындағы мемлекетке қайтарылған жер мәселесі
Редакция таңдауы
600
Қосшы қаласы – елорданың іргесіндегі қарқынды өсіп жатқан елді мекен. Халық саны 80 мың адамнан асқан шаһарда мектеп, балабақша, аурухана секілді тұрғындарға қажетті нысандар жетіспеушілігі өзекті болып тұр. Ал қала аумағындағы қолайлы жер учаскелерін иемденіп алған кейбір «латифундистер» ол жерлерді не өздері пайдаланбайды, мемлекеттің әлеуметтік нысандар салуына мүмкіндік бермейді.
Жуырда қала прокуратурасының актісі бойынша құны 65 млн теңгеге бағаланған жер учаскелерінің бірі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бас прокуратура берген мәліметке қарағанда, жер заңнамасының қолданылу барысына талдау жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардың коммерциялық мақсаттағы жерді беруде заң талаптарын өрескел бұзғандығы анықталған. Атап айтқанда, 2016 жылы Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2 гектар жер учаскесін уақытша пайдалану құқығы берілген. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану туралы шарт жасалған. Алайда 2016 жылдан бастап кәсіпорын оны мақсатқа сай пайдаланбай, бос жатып қалған. Ал жоспардағы құжаттарға сай ЖШС ол жерде тұрғын үй кешенін салуы керек болған.
Қала әкімдігінің Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Аслан Таймасовтың айтуынша, бұл жер учаскесі Қосшы елді мекені «қала» мәртебесін алғанға дейін пайдалануға берілген. Алайда тиісті жұмыстар басталмауына байланысты жалдау мерзімі ұзартылып отырған. Қадағалау органы жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады. Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өткен жылдың 7 қарашасында шығарған шешімімен жерді мемлекетке қайтару талабы қанағаттандырылып, биыл 16 ақпанда заңды күшіне енді.
Ақмола облысының жер пайдалану заңдылығын қадағалау инспекциясы бар. Прокуратураның ұсынысымен сол мекеме аталған жер учаскесінің мәселесімен айналысып, жалдау шарттары заңға қайшы деп танып, сотқа талап-арыз ұсынды. Қалалық әкімдік, яғни біз сотқа үшінші мүдделі тарап ретінде қатысып, жеңіп шықтық. Нәтижесінде, жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Алдағы уақытта ол жерге әлеуметтік бағыттағы тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр, – деді Аслан Исағалиұлы.
Бас прокуратураның мәліметінше, кадастрлық құны 65 млн теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және инвестициялық тартымдылығы өте жоғары. Оның дәлелі – аталған ЖШС 2021 жылы учаскені басқа заңды тұлғаға 120 млн теңгеге жалға бергенінен байқауға болады.
– Қосшыда пайдаланылмай жатқан жерлер әлі де көп, – дейді Аслан Таймасов. – Бұл жерлердің жекеменшікке өтіп кету тарихы 2000-жылдардан басталады. Кезінде ауыл болғандықтан, жер кеңшардың иелігінде еді. Алғашқыда елді мекен маңайындағы жерлерді жеке компаниялар ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында алған. Бірақ ауылдың өсуіне байланысты ол мақсатта пайдалана алмайтын болғандықтан, өздері бас жоспар құрып, жерлерді бөліп, жеке тұлғаларға сатып жіберген. Қазіргі күні әрине біз ол жерлерге ешқандай талап қоя алмаймыз. Өйткені бәрі жеке адамдардың қолында. Кезіндегі ауылдың бас жоспары бойынша олар өз учаскелеріне тұрғын үй салып алды. Енді бізге 2022 жылы қаланың бас жоспарын жасауға бір жыл уақыт берілді. Ауыл мен қаланың жоспарлары өзгешелеу болуы мүмкін. Алдағы уақытта жаңа бас жоспар бойынша жекеменшіктегі учаскелер пайдаланылмай жатқан болса, біз олардың иелеріне талап қойып, мемлекетке қайтарып алу бойынша жұмыстар жүргіземіз.
Аслан Исағалиұлы халық арасындағы «мемлекет жерімізді тартып алайын деп жатыр» деген қауесет әңгіменің негізсіз, жалған екенін айтады. «Заң бойынша сатып алған жекеменшік жер учаскелеріне ешкім тиіспейді. Тіпті үй салып алғанымен, оның әлі күнге құжаты жасалмаған болса да, оны келіп ешкім бұзып тастамайды. Егер жол өтетін, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар салынатын орындар болса, Жер кодексінің талаптары бойынша келіссөздер жасалып, мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіледі», дейді ол.
Жоғарыдағы мемлекетке қайтарылған жер учаскесінен өзге, осы уақытқа дейін Қосшыдағы 30-40 гектардай жер мемлекет иелігіне өткен. Оның ішінде кейбірі сот арқылы жүзеге асса, арасында жер иелері өз еркімен қайтарған фактілер де бар көрінеді.
«Заң бойынша бизнеске коммерциялық мақсаттағы жерлер тек ашық аукцион арқылы беріледі. Тікелей жер комиссиясы арқылы немесе әкімнің жарлығымен жер беруге рұқсат етілмейді. Қосшы қала болғалы 2 жылдың ішінде ешкімге жер учаскесі берілген емес», деді әкімдік өкілі.
Естеріңізде болса, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жайылымдарын мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алып қою жөнінде тапсырма берді. Қала әкімдігі өкілінен осы тапсырманың орындалу барысы жайында да сұрадық.
– Қосшы қаласының өзінде ауыл шаруашылығы жайылымдары жоқ. Дегенмен өткен жылы қыркүйек айында іргеміздегі Тайтөбе ауылы Қосшы қаласының құрамына кірді. Ол жақта 7 мың гектардай ауыл шаруашылығы жерлері бар. Қазіргі күні біз оның мақсатқа сай пайдаланылу барысына тексеріс жүргізіп жатырмыз. Бұл – біраз уақыт алатын жұмыс. Прокуратура, жер инспекциясы және әкімдік үшжақты тізе қосып, олардың бәрін тексеріп, тиісті шешімдер шығарамыз, – деді Аслан Таймасов.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)