Қосшы мектептерінің жеткен жетістіктері үлкен

Редакция таңдауы
view 401
news

Міне, кезекті оқу жылы да аяқталып, балалар каникулға шықты. Енді өткен оқу жылының нәтижесін қортындылаумен қатар, келер жылғы білім беру маусымына даярлық басталып та кетті. Одан бөлек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын Ақмола облысында жүзеге асыру жоспары бекітілді. Сол себепті Қосшы қаласы білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовке жолығып, өткен жылдың қорытындысы, оқу сапасы, білім беру ісіндегі басқа да ұйымдастырушылық мәселелері жөнінде сұрап білген едік.

– Қанат Есенбекұлы, биыл, міне оқу жылы да аяқталды. Жыл қорытындысы бойынша қандай жетістіктерге жеттіңіздер? – Балалардың шығармашылық өсуі мен өз-өздерін дамыту үшін жағдай жасау білім беру жүйесінің өзекті міндеттерінің бірі болып саналады. Пәндік олимпиадалар, зияткерлік жарыстар, сырттай интернет – конкурстар, ғылыми-практикалық конференциялар, ғылыми жобалар байқаулары, шығармашылық конкурстар, спорттық іс-шаралар дарынды балаларды анықтауға және қолдауға, олардың шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытуға ықпал етеді. Биылғы 2022-2023 оқу жылы бойы өткен барлық іс-шараларда біздің оқушыларымыздың жетістіктері жарқын және елеулі болды. Атап кетсек, жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында: 5-6 сынып оқушылары арасында – 2 облыстық, 1 республикалық орын, 7-8 сынып оқушылары арасында – 8 облыстық, 9-11 сынып оқушылары арасында – 3 жүлделі облыстық орын алдық. Одан бөлек облыстық «Ғылыми жобалар», «Зерде» байқауыларынан 4 жүлделі орын әкелдік. Биылғы оқу жылында гуманитарлық бағыт бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен ақын-жазушылар оқулары байқауларынан да, тәрбие саласында да жеңістер аз болған жоқ. Облыстық «Абай оқулары» байқауынан – 1,2,3-орындар, «Махамбет оқулары» байқауынан – 1,2,3- орындар, «Үздік Ұланбасы-2023» – 2- орын, «Жас құтқарушы» – командалық 2-орын, ұлттық мектеп лигасы бағдарламасындағы 5-6, 7-8 сынып оқушылары арасында шахматтан облыстық жарыста – 2-орын, жастар спартакиадасы бағдарламасындағы жеңіл атлетикадан ұзындыққа секіру бойынша – 3-орын, жастар спартакиадасы бағдарламасындағы жеңіл атлетикадан 3-орын, басқа да іс шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға иеленіп, қала мектептерінің абыройын асқақтата түстік. Мұғалімдердің де жүлделі орындары аз болған жоқ. Мысалы, облыстық «Үздік психолог» байқауы бойынша II дәрежелі диплом, облыстық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы бойынша – III дәрежелі диплом, Республикалық «Үздік педагог» конкурсында бас жүлдені иелендік. – Білімнің сапалы болуы мұғалімдердің біліктілігімен қатар оқу орындарының материалдық жағдайына байланысты. Осы орайда, мектептердің базалық деңгейі жайлы айтсаңыз? – Қосшы қаласында 4 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оқу орындарының материалдық жағдайына тоқталатын болсақ, қала мектептері информатика, лингафонды-мультимедиалық, жаңа модификациялы кабинеттерімен толық жабдықтылған. Сонымен қатар, ағымдағы оқу жылы «КазИнтерСервис» компаниясымен келісімшарт жасалынып, ІТ мектеп-лицейі «STEAM» зертханасымен жабдықталуда. – Қазір жаһандану заманы, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында семинар, жиындар жиі бола ма? Мектептердің бәсекелестігі, педогогтердің біліктілігі, республикалық, халықаралық деңгейдегі кәсіби шеберліктері туралы не айтасыз? – «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» демекші, ұстаздарымызды дамыту мақсатында облыс орталығына біліктілікті арттыру курстарына жіберуімен қатар, олар қалалық білім беру ұйымдарында «Өрлеу» орталығының ұйымдастыруымен өтетін түрлі шараларға қатысады. Қосшы қаласы білім бөліміне қарасты мектептерінде бүгінгі күні 652 мұғалім еңбек етеді, оның ішінде 2022 жылы біліктілікті арттыру курстарынан 276 мұғалім өтті. 2023 жылы 422 мұғалім өтініш білдіріп, бүгінге дейін 121-і курсты оқып шықты. Білім ошақтарының бәсекелестігі мен біліктілігін арттыру мақсатында қала мектептері ұстаздарының республикалық, облыстық, қалалық деңгейде тәжірибе алмасуларға қатысу дәстүрі қалыптасқан. Сонымен қатар Ақмола облысы білім басқармасының және Қосшы қаласының білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес семинарлар, байқаулар, жиындар, әдістемелік отырыстар өткізіліп отырады. – Енді оқушыларға ойыссақ, 11 сыныптар ҰБТ тапсырады. Асқақ арманға қанат қағуға оқушылар дайын ба, үміт ақтала ма? Биыл қанша оқушы алтын белгі иегері атанады? – Бүгінде мектеп бітіруші түлектер де, олардың ата-аналары да алаң көңіл десек, артық айтқандық емес. Мектеп бітіріп, мамандық таңдар алдындағы ең үлкен сын – ҰБТ тапсыру уақыты жақындап келеді. Биылғы 2022-2023 оқу жылы Қосшы қаласы бойынша 269 оқушы мектеп бітіріп, олардың 257 Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірді, соның ішінде 12 «Алтын белгі», 15 үздік аттестат үміткерлеріміз де бар. Үмітті ақтау жолында Мектеп – Оқушы – Ата-ана болып еңбек етудеміз. Әрбір түлекке сәт-сапар тілеп, таңдаған мамандықтарына сай, алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, қала намысын асқақтата беріңдер дегіміз келеді. – Оқу аяқталса да, сіздер балаларды назардан тыс қалдырмайсыздар. Жаздық лагерь, тағысын тағы шаралар өтіп жатады. Биылғы жоспарларыңыз қандай? – Оқу жылы аяқталғанымен, мектеп алаңы жазғы сауықтыру лагерлерімен алмасады. Жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі, балалардың шығармашылық дамуы, олардың рухани әлемі мен интеллектін байыту мүмкіндігі болып табылады. Каникул – сабақтан бос уақыт, балаға ерекше назар аударатын және әлеуметтік қорғауға алынатын «аймақ». Каникул кезеңінде балалардың жазғы сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, мектептен тыс ұйымдардың қызметі туралы Ережеге (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысы), осы Қағидаларға және балалар сауықтыру лагерінің Жарғысына (Ережесіне) және 2020-2023 жылдарға арналған каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы 2020 жылғы 14 қаңтардағы №1 өкімге сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар шілде және тамыз айларында бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылармен екі апталық айлық «Балақайлар мектебін» өткізілуі жоспарланған. – Қосшы қаласында мектептердің жетіспеушілігі жиі айтылып жүр. Биыл қандай мектептер іске қосылып, сапалы білім беруге кіріседі? – Иә, бүгінгі күні қаламызда үш ауысымды оқыту мәселесі бар. Осы мәселені жою аясында жалпы жобалық қуаты 3 900 орындық 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2023 жылдың қыркүйек айында Республика көшесіндегі жобалық қуаты 1 200 орындық және Болат Өтемұратов қоры арқылы 1 500 оқушыға арналған жаңа мектептердің тапсырылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы жобалық қуаты 1 200 орындық Абай көшесі бойындағы мектептің тапсырылуы және 2024-2025 жылы Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында үш «жайлы мектептің» құрылысы жоспарланған. Жаңа білім беру объектілерін салу және тапсыру үш ауысымды оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. – Жаңа мектептер іске қосылса, креативті, жас мамандарды жұмысқа алу жүзеге аса ма? Көп жастарды жұмыс тәжірибесі жоқ деп жұмысқа алмайды... – Жаңа мектептерге мұғалімдерді, жас мамандарды жұмысқа алу мәселесі Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға таға- йындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21ақпанындағы № 57 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Яғни жұмысқа қабылданған әрбір педагог конкурстық негізде қабылданады. Конкурсқа қатысу алгоритміне сәйкес, бос орынға конкурс жарияланған күннен бастап, олар Enbek.kz порталына тіркеліп, өз түйіндемесін жүктей алады. Осы бұйрықтың 3-тарауындағы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату ережесінде көрсетілгендей, 118 тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде қағаз түрінде тапсырады. – Балабақшалар жайлы айтсақ, Қанат Есенбекұлы, өзіңіз бір жиында «Біздің балабақшаға, тіпті Астанадан бүлдіршіндер келеді» дедіңіз. Ресми деректерге қарасақ, 29 балабақша бар. Осы төңіректе айтып берсеңіз? – Қаламызда мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуді 31 мектепке дейінгі балалар мекемесі жүзеге асырады. Атап айтқанда, 420 орындық 2 мемлекеттік балабақша және 3 263 балаға арналған 29 жекеменшік балабақша. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында тәжірибе алмасу мақсатында әртүрлі форматта тәрбиешілер мен меңгерушілер үшін қалалық семинарлар өткізіліп отырады. Мәселен, 2023 жылдың 26 мамыр күні облыстық білім бөлімі және әдістемелік кабинет орталығының жоспарына сәйкес, қаламыздың «Алтын дән» мемлекеттік және «Балбала» жекеменшік балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымда жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы баланың танымдық қабілеттерін арттыру» тақырыбында облыстық семинар-практикумы өтті. Онда Ақмола облысына қарасты қала, аудандарының балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері келіп тәжірибе алмасты. Өткізілген іс-шара өз мақсатына жетіп, жоғары деңгейде бағаланды. – Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Рамазан БАУЫРЖАН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *