Қосшыда жұмыссыз жастарға мүмкіндік ұсынылды
Редакция таңдауы
122
Қосшы қаласында алғаш рет «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Мақсаты – жастарды уақытша және маусымдық жұмыстарға орналастыруға жәрдемдесу. Жобаға қатысуға ниет білдірушілер қажетті құжаттарды тапсыра бастады. Орындар шектеулі.
Бүгін Қосшыда «Жасыл ел» еңбек жасағының салтанатты ашылуы өтті. Қала әкімі Гайдар Қасенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова жастарға сәттілік тілеп, қолдау көрсететінін айтты. Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын 2005 жылы бастаған. Аталмыш жоба тазалықты сақтап қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
– «Бұл бағдарлама аясында барлық өңірлерде NEET санатындағы және жұмыссыз жастарды, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарды, техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін жұмыспен қамту арқылы еңбекке баулу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосшы қаласында алғаш рет жүзеге асырылатын бағдарламаға екі ай көлемінде 66 адам жұмылдырылады», – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Еңбек жасақтары жастарды маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысуда. Айта кету керек, өңірдегі 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастардың саны жылдан жылға артып келеді.
– «Қалалық бюджеттен 5 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жұмыс істейтін жастардың әрқайсысына 70 теңге төленеді. Жас ерекшеліктеріне қарай айына 24 сағат, 36 сағат, яғни күнделікті 3-4 сағат жұмыс жасайтын болады. Биыл жұмыспен 60-тан астам адамды қамтысақ, келесі жылы 2-3 есеге арттырамыз деген жоспарымыз бар», – деп толықтырды Асхат Налшыбек.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары қаладағы мәдени орындарды, саябақтарды, скверлерді, өзен жағалауларын тазалауға, тал отырғызуға өз үлестерін қосады, яғни көгалдандыруға, абаттандыруға, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Жастар үшін бұл үлкен тәжірибе алаңы болады.
– «Жоба жайлы әлеуметтік парақшалардан білдім. Шыны керек, мен сияқты студенттерге жұмысқа орналасу қиын. Ал, адал еңбегіммен тапқан ақшама анама және ініме сыйлық алсам ба деп жоспарлап отырмын. Құжаттарымды жинай бастадым», – деген ойымен Әсел есімді жерлесіміз бөлісті.
Айтарымыз, «Жасыл ел» бағдарламасы «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік береді. Сіз де жасақта жұмыс жасағыңыз келсе, тиісті құжаттарды қалалық жастар ресурстық орталығына тапсырсаңыз болғаны.
Жанар АХМЕТОВА
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)