«Күдікті – өгей әкесі»: Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы босанып қалды

Жаңалықтар
view 371
news

Фото: tafimed.ru

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы сабақ кезінде іші ауырғанын айтып, жылаған. Кейін дәрігерлер оның жүкті екенін және толғағы келгенін анықтаған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір жас ананың да, баланың да жағдайы қалыпты.

Оқиға 13 қазан күні болған. Мұғалімдер қызды бірден аудандық ауруханаға жеткізген. Сол жерде дәрігерлер оқушының жүктілігі 39 апталық екенін айтып, оны облыс орталығына жөнелткен. Қыз сол күні ұл баланы дүниеге әкелді.

Нәрестенің салмағы 2,7 кг. Ана мен бала қазір Облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында.

Жасөспірімде ешқандай асқынулар болған жоқ, бала да аман-есен. Оқушыны облыстың бас акушер-гинекологы қарап шықты. Ата-анасы сәбиді өз қарауына алмақ, — деді Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, оқушы – тәртіпті, белсенді, сабақты жақсы оқитын бала болған. Ол қоғамдық шараларға үнемі қатысып, ұстаздар күніне арналған концертте де өнер көрсеткен. Қыздың жүкті екенін ешкім байқамаған, ал оқиға күні сабақ үстінде іші ауырғанын айтып жылағаннан кейін ғана дәрігерге жеткізілген. Медициналық тексеру барысында оның толғағы келгені анықталған.

Бір қызығы, оқушы қыркүйек айында жоспарлы медициналық тексеруден өткен, бірақ жүктілік сол кезде анықталмаған.

Оқиғаға байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрды. Ал Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, күдікті тұлғаны қамауға алды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Бейресми деректерге сүйенсек, күдікті ретінде қыздың өгей әкесі ұсталған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *