Левиафан: азаматтық қоғам дегеніміз не?
фотосурет ашық дереккөзден
Біз жиі оқи бермейтін көне кітаптарда алып теңіз құбыжығы жайлы сөз қозғалады. Есімі – Левиафан. Офиттердің диаграммасына сенетін болсақ, Левиафанның үлкендігі соншалық, ол күллі кеңістік атаулыны қамтып алады екен. Яғни, біз мекендейтін Жер планетасы оның жатын бөлмесі секілді. Көбінесе қарғысқа ұшараған адамдардың өлгеннен кейін жанын жегіш құбыжық ретінде сипатталады. Әрине, мұнан өзге Лотанның, Тиаматтың, тіпті Бабыл патшалығының метафорасы ретінде де қолданылған мәтіндер кездеседі. Бірақ айтайық дегеніміз бұл емес. Атақты философ Томас Гоббстың теңіз құбыжығымен аттас мемлекет мәселелеріне арналған кітабы бар. Атауы – «Левиафан немесе материя, шіркеулік және азаматтық мемлекеттің формасы мен күші». Кітапта Гоббс «...адамзат баласының ортақ қорқынышы болмаған жерде оларды біріктіретін ештеңе болмайды» дейді. Осы қорқыныш қана адамдардың бірігуі және мемлекеттердің пайда болуына бірден-бір ықпал еткен деп қорытады. Десе де, адамзат баласының ең түпкі сезімдерінің бірі ретінде есептелетін қорқыныштың үнемі үстем болуы жүрек иелеріне төбесінен аспан басып тұрғандай көңілсіз күй сыйлайды. Енді не істеу керек? Оларды біріктірген қорқыныш атаулы өз шекпенін ауыстырып, қайтадан олардың құқықтары мен қалауларын шектейтін болса ше? Сонда белгілі бір қоғам ретінде қалыптасқан саналы адамдар жиынтығы өз-өздерін ортақ қорқыныштан қалай құтқару керек, яки қорғау керек? Кім кімге бас-көз болу керек? Гоббстың тіліндегі «Бәрінің бәріне қарсы соғысы» барысында қандай әрекеттер жасау қажет? Міне, осы және өзге де сұрақтардың бір парасына «азаматтық қоғам» концепциясы жауап беруге тырысады. Азаматтық қоғам – ең әуелі сол қоғам мүшелерінің құқықтарын шектемейтін қоғам. Олардың қорқынышсыз және мұқтаждықсыз өмір сүруіне барлық мүмкіндіктер жасайтын қоғам. Өтірік пен жалғандықтан ада қоғам. Халық үшін қызмет ететін қоғам. Толығырақ айтсақ, азаматтық қоғам – құрамындағы мүшелердің арасындағы экономикалық, мәдени, құқықтық жəне саяси қатынастары дамыған, мемлекеттен тəуелсіз, бірақ онымен өзара əрекеттесуші қоғам, мемлекетпен бірлесе отырып, дамыған құқықтық қатынастар құрушы, жоғарғы дəрежелі əлеуметтік, экономикалық, саяси, мəдени жəне моральдық мəртебелі азаматтар қоғамы. Бүгінгі таңдағы көзқарас бойынша, азаматтық қоғам бұл айтылғандармен қоса, демократиялық заңдар, биліктің тармақтарға жіктелуі, заң жүзіндегі оппозицияның болуы, көппартиялық жүйе сияқты басқа да азаматтық өмірдің құндылықтарын, адамдардың саяси жəне əлеуметтік бостандықтарын жəне олардың ассоциацияға, топқа, партияға бірлесуін жүзеге асырушы тетіктерді қамтиды. Азаматтық қоғам заңды тіркелген, құрылымды бекітілген жəне психологиялық тұрғыда қамтамасыз етілген əлеуметтік-саяси қызметтің материалдық жəне идеялық плюрализммен ажырамас бірлікте. Ал адамның жеке өміріне ешбір қол сұғушылыққа жол берілмейді, ол тек заңды бұзып, оған қайшы келмесе болғаны. Яғни, адам құқығы басты орындағы мəселе. Міне, осылайша адамдар қауіпсіз һәм еркін өмір сүре алады деген сөз. Адамдар ең алғашқы мемлекеттерді қалыптастарған қорқыныш сезімін ұмытып, үстем тап өкілдерінің сыйлайтын қорқынышына тап келмес үшін азаматтық қоғам қазіргі таңдағы ең оңтайлы шешімдердің бірі. Әлеуметтік философиялық тұрғыдан, «азаматтық қоғам дегеніміз...» деп тағы бірнеше гипотезаларды ұсына беруімізге болады. Бірақ ең маңыздысы біз оны қалай түсінеміз?! Қазіргі таңда өз сөзін өзі ұқпайтын адамдардың арасында бір жанға сөз ұқтыру қаншалықты қиын екенін сіз жақсы білесіз, құрметті оқырман. Әрине, көп ретте сарапшылар мұны екі нәрсеге бөлетіні жасырын емес. Атап айтар болсақ, жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Рас, жеке адамның мүддесінің қандай болатыны түсінікті. Ол әрине өмірлік мақсаттарға жету, мамандық алу, үйлену, бақуатты өмір сүру секілді тұрмыстық жеке мақсат-мүдделерді құрауы мүмкін. Ал қоғамның мүддесі ше? Негізі, қоғамның мүддесі жеке мүддеден биік тұруы қажет. Ал қоғам мүддесі деген не? Ол – анығына келгенде, мемлекеттің қалыптасуы. Кез келген адам қоғамда болып жатқан процестерге бей-жай қарамауы тиіс. Ол қандай процестер болуы мүмкін? Біздің өмірден түйген топшылауымызды таразыға салар болсақ, жеке дара адам болып жатқан оқиғаларға қоғамдық-саяси көзқарасын білдіргенімен, соншалықты нәтижеге жете алмауы мүмкін. Сол үшін не істеуі керек? Мұнан шығатын тұжырым: адамдар топтасып, қоғамдық бірлестіктер, қозғалыстар немесе мүдделері мен көзқарастары бір-біріне жақын партия құруы мүмкін. Мұндай жағдайда, тарихтан көрініп тұрғандай, адамдардың жеке мүддесі қоғам мүддесіне ұласады. Ал азаматтар қоғам мүддесі үшін ортақ көзқараспен жұмыс істеген жағдайда мемлекет те дамиды, демократиялық құндылықтар да нығаяды. Жеке тұлға негізі топтасқан азаматтарды соңынан ертуі мүмкін. Бірақ мұның барлығы заң аясында өрбіп, дамып жатса, онда демократиялық құндылықтардың дамығаны. Адамдардың саналы түрде ортақ мақсатқа бірігуі қоғамда азаматтық белсенділіктің артуына себепкер болады. Ал азаматтық белсенділіктің артуы қоғамның, мемлекеттің құқықтық тұрғыда дамуына алып келеді. Жалпы біздің Конституциямызда басты міндет етіп, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл мемлекет үшін, жалпы биліктегі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты және үлкен жауапкершілігі бар құндылық. Ата Заңымызды Қазақстанда тұратын азаматтардың саяси ой бостандығы мен құқықтары, бәрі атап көрсетілген. Ата Заң азаматтардың еркін өмір сүруіне кепілдік беріп отыр. Сондықтан да азаматтық қоғамның қалыптасып, нығаюына ең алдымен азаматтардың өздері себепкер бола алады. Азаматтардың қозғалыс, бірлестік немесе партия құрып, өз көзқарасын білдіруі немесе халық пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас, мұның барлығы азаматтық қоғамның негізгі белгілерінің бірі. Бірақ, қалай айтқанда да, азаматтардың саяси мәдениеті заң шеңберінен асып кетпеуі керек. Сонда ғана біз зайырлы, құқықтық-әлеуметтік мемлекет құра аламыз. Конституцияда атап көрсетілгендей, «ең қымбат қазына — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ал мемлекет қашан да тұрақты түрде азаматтардың еркін әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан азаматтық қоғам мен мемлекет бір-бірін толықтырып қатар дамып отырса, елдің іргесі бекиді, тәуелсіздік нығаяды.
Файзулла ТӨЛТАЙ, ақын
Пікірлер (0)