Мәйіт үш апта жатқан: Атырауда пәтерден ер адамның денесі табылды
Фото: ашық дереккөз
Атырауда пәтерлердің бірінен ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, марқұмның денесі шамамен үш апта бойы жатқан. Мәйіт Береке шағынауданындағы №24 үйден анықталған.
Көршілердің айтуынша, осы уақыт ішінде подъезде өлік иісі тарап, әлі күнге дейін толық кетпеген.
Иіс бүкіл подъезге жайылды. Өз күшімізбен адамдар жалдап, тазалаттық. Хлоркамен, “Белизнамен” жудық, бірақ иіс бәрібір қалды. Біз маман емеспіз, қалай дұрыс тазалау керегін білмейміз, – деді тұрғындардың бірі.
Марқұм туралы мәліметтер де белгілі болды. Отбасы таныстарының айтуынша, ол балалар үйінде тәрбиеленген. Екі әпкесі бар, бірі ауданда, екіншісі қалада тұрады. Ер адам мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алған соң жалғыз тұрғанымен, туыстарымен байланысын үзбеген. Соңғы уақытта оны ешкім көрмеген, жақындары басқа қалада жұмыс істеп жүр деп ойлаған.
Сондай-ақ марқұмның екінші топ мүгедегі болғаны айтылды. Денсаулығына байланысты тұрақты жұмыс табу қиын болғанымен, өз бетімен өмір сүруге тырысқан, үйленбеген.
Әпкесі іздей бастағанда ғана бір сұмдықтың болғаны белгілі болды. Ұзақ уақыт бойы бұл жағдайды ешкім білмей жүрді, – деді отбасы таныстары.
Қазіргі уақытта ресми органдар өлімнің нақты себебін жариялаған жоқ. Ал тұрғындар пәтер мен подъезге толық санитарлық өңдеу жүргізу мәселесі әлі шешілмегенін айтып отыр.
Пікірлер (0)