Макрон шұғыл түрде Еуропа елдері басшыларын жинады: кездесуде не айтылды
Фото ашық дереккөзден
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа елдерінің басшылары саммитінен кейін АҚШ және Украина президенттерімен сөйлескенін мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz
Еуропаның бірқатар елі мен институттарының жетекшілері, сондай-ақ НАТО-ның бас хатшысы 17 ақпанда Парижде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын, соның ішінде Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруді тоқтататын бейбіт келісімге Еуропа елдерінің қатысуын талқылады. Бұған дейін АҚШ тарапы ЕО елдерінен әрқайсысы бұл келіссөзге қандай үлес қоса алатынын сұраған болатын.
Париждегі кездесуді Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырды. Дональд Трамп әкімшілігінің соңғы мәлімдемелері мен әрекеттері Еуропа елдерінің басшыларын алаңдатып қойған. Еуропа елдері АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Еуропаның мүдделерімен есептесе ме, жоқ па деген сұрақ бәрін ойландыра түскен. Кездесуге Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания, Польша, Дания және Нидерланды басшылары, сондай-ақ Еурокомиссия мен Еуро кеңесінің басшысы, НАТО бас хатшысы Марк Рютте қатысты. Бастамас бұрын Эммануэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен, әңгіменің мазмұны туралы хабарланған жоқ.
МАКРОН НЕ ДЕЙДІ
Макронның айтуынша, еуропалықтар өзінің қауіпсіздігі мен қорғанысына көбірек инвестиция салуы керек.
Еуропаның бірнеше көшбасшысымен кездескеннен кейін мен АҚШ президенті Дональд Трамппен, содан кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлестім. Біз Украинада берік әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Ол үшін Ресей өзінің агрессиясын тоқтатуы керек. Украиндар үшін күшті әрі сенімді қауіпсіздік кепілдіктері болуы тиіс. Әйтпесе, бұл атысты тоқтату Минск келісімдері сияқты аяқталады деген қауіп бар, - деді ол.
Сондай-ақ, француз көшбасшысы бұл үшін еуропалықтар өздерінің егемендік, қауіпсіздік және бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын жүзеге асыруды жеделдеткісі келетінін айтты.
Пікірлер (0)