Марқұм Мәдина Ералиеваның күйеубаласы әншінің көз жұмған сәтін есіне алды
Сурет: видеодан скрин
«Қазақтың ақ баяны» атанған Мәдина Ералиеваның жол апатынан қалай көз жұмғаны туралы күйеубаласы Оралбай Әбдіқадыр баяндап берді, деп хабарлайды janabastau.kz KYN.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл қайғылы оқиғаны ол “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтты. Сөзінше, сол күні Мадина көлікті өзі айдаған.
“Ол күнді еске түсіру маған да қиын. Өйткені мен жанында болдым. 27 қараша күні Қазалыдан шықтық. Оразаның бірінші күні болатын. Аудан әкімінің үйіне қонаққа келіп, содан шыққан едік. Оразада ауыз бекітетін болған соң ешкім ештеңе ішпеді. Шай ішіп, жолға шықтық. Жаңбыр жаумаса да жердің беті мұз болатын. Аудан орталығының МАИ басшысы "Бауырым, сен рөлге отыр" деді. Қасымда Болат пен Мадина бар. Көлікте үш адам болдық. Мадина "Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді. Қарсы болғанымызға қарамай, өзі отырды. Жол бойы тек өзінің ғана әндерін қайта-қайта тыңдап отырды”, – деді ол.
Айтуынша, көлік сайға қарай аунап түскен. Бәрі есін жиып, көліктің ішін қараса Мадина жоқ болған.
“Мен артқы орындықта отырдым. Сағатқа қарасам, түнгі 2:20 болған. Шамамен 20 км жүрдік. Көліктің іші жылы, ән тыңдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Мәдина мен Болат әңгімелесіп келе жатты. Бір кезде жолдың ойық тұсы болу керек, көлік дірілдеп кетті. Жер шаң болып жатыр екен. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темір жәшіктің ішіне салып, біреу аунатып жібергендей болды. “Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді. Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар екен, дереу көлік тоқтатайық деп ойладық. Жолға шықсам, жасыл түсті Жигули кетіп бара жатыр екен. Жағдайды түсіндірдік те, Мадинаны салонға жатқыздық. Көз жұмарында Болатқа "қара, балама қара" деген бір-ақ сөз айтқан. Сондай жазатайым жағдай болды",– деді Оралбай Әбдіқадыр.
Пікірлер (0)