Мәскеуде бас штаб генералының көлігі жарылып, қаза тапты
Фото: Russia's Investigative Committee/REUTERS
Мәскеуде Ресей Федерациясы Қарулы күштері бас штабы Жедел дайындық басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қаза тапты. Тергеу деректеріне сәйкес, оның көлігіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғы қойылған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Сарваровтың көлігі Мәскеудегі Ясеневая көшесіндегі автотұрақта шамамен таңғы 7:00-де жарылған. Ресейдің құқық қорғау органдарына жақын «База» және «Mash» Telegram-арналарының деректеріне қарағанда, жарылыс жүргізуші көлікке отырып, бірнеше метр жүрген кезде болған. Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, көлік астына қойылған қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылған.
Тергеу кісі өлтірудің әртүрлі нұсқаларын пысықтап жатыр. Соның бірі – қылмыстың украин арнайы қызметтерінің ұйымдастыруы, – деп мәлімдеді Тергеу комитеті.
Кісі өлтіру және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Проект» басылымының деректері бойынша, Фанил Сарваров осетин-ингуш қақтығысы, Чешенстандағы соғыс, сондай-ақ Сириядағы операция мен Украинаға басып кіру кезінде жүргізілген әскери әрекеттерге қатысқан.
Пікірлер (0)