«Материал 20 том болды»: Шерзаттың соты ашық өтетін болды

Жаңалықтар
view 297
news

SMARTNEWS.KZ коллажы / Дана Асылбек

Адвокаттар істің мән-жайын айтып, соттың қай уақытта басталатынын жеткізді, деп хабарлады janabastau.kz SMARTNEWS.KZ-ке сілтеме жасап.

Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот қашан басталатыны, іс қалай жүріп жатқаны жөнінде адвокаттар елге есеп берді.

Адвокат Саида Тәуекелова жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. "Сот ашық түрде өтеді. Сот отырысы ақпанның аяғында немесе наурыздың басында басталады деп күтеміз", – деді ол.

Оның айтуынша, іс материалдары – қазақ тілінен орыс тіліне аударылған 10-20 том. "Процеске қатысушылардың барлығы олармен 1-2 айда танысады", – деп қосты Тәуекелова.

Қылмыстық кодекстің 105-бабы “Өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Оның денесі Талғардан табылды. Туыстары суицид нұсқасына сенбейді.

Адвокаттар Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты істің барысы туралы сұрақтарға да жауап берді. "Біз істі тереңірек зерттеуге көмектесетін сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз", – деді адвокат Ерлан Адаев.

 Адвокаттар тергеу "заңға сәйкес қатаң түрде жүргізіліп жатқанын, құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмегенін" түсіндірді. "Біздің топ заңның сақталуын, барлық тергеу әрекеттерінің ашықтығын және әділ нәтиже беруін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді", – деп атап өтті Адаев.

Айтуынша, Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен отбасы күзеттің қорғауында. Олармен еріктілер мен психологтар жұмыс істейді. "Біздің мақсатымыз – отбасын біріктіру үшін қауіпсіз орта құру", – деп қосты Тәуекелова. Заңгерлер адамдарды жалған ақпараттан аулақ болуға және тек тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырды. "Арандатушылыққа берілмеңіздер. Істің аяқталуына қарай біз сіздерді хабардар етіп отырамыз", – деп сендірді Адаев.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *