Моноқалалық метафизика немесе нүктенің шашырауы
Руханият
336
Өткен ғасырдың соңғы демінен үзіліп шығып, осы ғасырдың тініне сіңген постмодернизмнің арқасында біздің қиялымыз бен ақылымыз модерндік құндылықтардан өз алдына енші алып жатқандығы жасырын емес. Бұрынғыдай көзін тырнап оянған таңнан бастап, еңсесін көтере алмай құжырасына құлаған кешке дейін тынымы мен тынысы аз мегаполистерде өмір сүру жүрегін көтеріп жүрген адамдар үшін айтарлықтай арман болмай қалды. Керісінше, мегополистердің етегін бойлай жайлаған моноқалаларға ойысу процесі күн санап өсіп келеді. Неге? Әрине, мұның активті және пассивті бірнеше себебі болуы мүмкін. Десе де, сол бірнеше себептердің бірі орталықтандыру қажеттілігінің төмендеуі десек, артық айтқанымыз емес. Мұны біз философиялық тұрғыда «нүктенің шашырауы» деп білеміз. Яғни, модернистік қоғамдағы мегаполиске ағылған халықтың ендігі кезекте тұрған мекендерінің өзі бір-бір нүктеге айнала алады. Кешегі шашауы шықпаған нүктенің сәулелері бұл кезеңде өз алдына жекелей нүкте, дәлірек айтсақ, абсолют бола алады. Міне, осындай шашыраған нүктенің бір сәулесі – Қосшы қаласы.
Интеллигенция ауылда туып, моноқалада тұрады
Француз қоғамында «Таланттар ауылда туып, Парижде өледі» деген тәмсіл бар. Бұл дегеніміз жоғарыда айтқан мегополистің мәселесі. Ауылдың топырағына алпыс екі тамырын сүңгітіп, мәуелі бәйтерекке айналған таланттардың жап-жасыл жапырағы иісі бұрқыраған өнер ордалары мен ғылым ордалары. Жемісі еңбектері һәм шығармалары. Ал бұл киелі мекендердің барлығы алып шаһарларда екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті де кешегі қара домалақ баланың өмір сапары көбіне көп мегополистерге жалғасып жатты. Олар сол мекендерде өсті, өнді, көркейді. Ал қазір ше? Жоғарыда айтқан тәмсілімізді сәл өзгертіп, «интеллигенция ауылда туып, моноқалаларда тұрады» десек, қазіргі қоғамның бір қырын ашқандай боламыз. Жаны «жаймашуақ жазды» қалайтын зиялы қауым өкілдері мегополистерден жырақтап, шағын қалаларда кең тыныстайтын болған. Бұл олардың шығармашылығы үшін таптырмайтын жер, аяулы мекен. Моноқалаларда тұрып-ақ, республиканың түкпір-түкпіріндегі халықты ағарту жұмыстарына ықпал етіп отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтандық деп есептелетін көптеген зиялы қауым өкілдерінің ақиқатында тұрғылықты жайы – Қосшы қаласы. Республикаға танымал көрнекті ақындардан бастап, күйшісі, суретшісі, ғалымы, барлығы дерлік осы қалада тұрады. Қалам мен оның жазуына серт еткендер маңдай тері мен көз майы тамған Қосшы қаласына жанашар һәм адал болатыны екібастан белгілі деп ойлаймын. Демек бұл қаланың және оның халқының дамуына және тағы да дамуына интеллигенцияның үлесі бір төбе.Қосшының «жаңа бастауы»
Азаматтық қоғамның барометрі ретінде есептелінетін газеттің қай заманда болмасын орны ерекше. Тегінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен сөзді ескерсек, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ендеше ол халықпен бірге болуға тиісті, жұртшылыққа ақпарат беруші, елдің сауатын ашушы құрал. Мәселенки, 1911-1913 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақстан» деп аталатын газеттің №1 санында «Газет деген не зат» деп аталатын көрнекті Алаш қайраткері, ақын Ғұмар Қараштың мақаласы жарияланды. Ол мақалада газет жайлы мынандай үзінді келтіреді: «казит (газет – ред.) – біздің басшымыз, казит – біздің достар алдында көркіміз. Дұспандарға қарсы құралымыз, казит – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, казит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз». Көрнекті қайраткер Ғұмар Қараштың сөзінен түйетініміз, жаңадан бастау алған «Jańabastau» газетінің арқалаған жүгі ауыр һәм жауапты. Барлық ауыртпалық пен жауапкершілікті мойнымызға алып, азаматтық қоғамды бірге қалыптастырамыз дегенге сенімім мол. Бәлкім, ғылым мен технология дамыған заманда сарғайған парақты газеттің қауқары қаншалықты деп ойлауыңыз мүмкін. Уақыт пен кеңістіктің ішінде өз симуляциясын ақиқат деп ұғатын индивид үшін үш өлшемді әлемнің «қара айнасы» біздің өміріміздің ең үлкен бөлшегіне айналған шығар. Десе де, дәл осы газетті ұстап отырып, саусақтарыңыздың ұшындағы соғып тұрған жүректі тек сіз бен сіздің «Жаңа бастауыңыз» сезеді. Газетімізге тайға таңба басқандай болып түсетін ақиқатты жақтаушы қол ұстасқан әріптер мен дыбыстар алдымызда тұрған алыс-алыс сапарымыздың шам шырағы, қадірлі досы, мейірбан сырласы. Міне, сіздердің қадірлі достарыңыз, «Жаңа бастау газеті» №6 санынан бастап жаңа форматта ұсынылып отыр. Сіз бұл жақтан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, танымдық, ғылыми, ағартушылық бағытта мақалалар мен ақпараттарды оқитын боласыз. Осылайша, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бір атаның баласындай Әл-Фараби бабамыздың «қайырымды қала тұрғындары» концепциясын бірге жасаймыз деген ойдамын. Сөз соңында«Жаңа бастау» газеті мен Қосшы қаласы егіз ұғым. Бірі қала ретінде тұсауын кессе, бірі газет ретінде тәй-тәй басып келеді. Қазақ атамыз «болар баланың бетін қақпа, белін бу» дейді. Газетіміздің де, қаламыздың да бетін қақпай, белін буып, телқозыдай бірге өсіріп һәм дамытсақ, біздің де, сіздің де қазақ алдындағы борышымыздың өтелгені деп білемін. Қосшы қаламыздың жаңа бастауы, алғашқы қадамы құтты, тарих жолындағы сапары сәтті болғай. Бәріңізді бізбен бірге болуға шақырамын, құрметті оқырман!Файзулла ТӨЛТАЙ,
ақын, «Jańa bastau» газетінің бас редакторы
Пікірлер (0)