Мұнай таусылғанда қалай күн көреміз?
Фото: mangystaumedia.kz
Шалқыған даласы шежіреге толы Маңғыстау өңірінде қазақ сахарасына тән бар сипат, бар қасиет жинақталғандай. Құпиясын бойына бүккен өлкеде тарих тұңғиығынан тамыр тартқан өзгеше мұралар да, туризмге сұранып тұрған табиғат та, төрт түлікті түгел өргізіп, агроөнім өндіруге де мүмкіндік мол. Бір салаға байланудың заманы озған. Әсіресе, мұның тыңнан түрен салған, құмнан мұнай сорған аймақта маңызы зор. Ерте ме, кеш пе, «қара алтынның» қоры сарқылады. Яғни, экономиканы әртараптандыру – заман талабы. Елімізде бұған алғышарт та, мүмкіндік те, ресурс та жетеді. Бұл туралы мұнай-газ саласына еңбек сіңірген қызметкер, ардагер мұнайшы Өрен Сағындықов мәлімдеді.
Бұл туралы janabastau.kz kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Саналы ғұмырын мұнай саласына сарп еткен ардагер-мұнайшы Өрен Сағындықов діни, рухани, тарихи жәдігерлер мен сәулет ескерткіштерін туристік инфрақұрылымның маңызды нысанына айналдыруға болады деп есептейді. Ал өңірде ондай жерлер жетіп-артылады. Үстірт, Бозжыра, Қарынжарық және т.б. Бұған қоса, Маңғыстау облысында жүн, тері өңдеудің қалыптасқан керемет үлгісі бар. Бір кездері Өрен Сағындықұлы өңдеу өнеркәсібінің тамырын басып көріпті.
«Қаламқас мұнай-газ кен орнында жұмыс істеп жүрген кезімде Маңғышлақ станциясынан екі-үш адам бірігіп тері илейтін шағын цех аштық. Ешкімге жар салмай-ақ өзіміз жүргіздік. Былғарыдан жасалған куртка шығардық, өзім соны 5-6 жыл кидім. Қосымша жұмыс көздерін ашқан жақсы ғой. Қазір біреу маған енді қайтадан неге ашпайсың деуі мүмкін. Бірақ оның машақаты, қиындығы көп, Үкіметтен қолдау керек. Міне, ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін орындар болса. Ертең мұнай таусылғанда өмір сүру керек қой», - дейді ардагер-мұнайшы.
Мұнай-газ саласының ардақты ардагері қара алтынның қоры таусылатынын білгенін, бірақ өзіне, балаларына, тіпті немерелеріне жетіп қалар деп ойлағанын айтады. Осы орайда, ол өңірдің даму болашағын заманауи тренд – жан-жақтылықпен байланыстырады. Агроөнеркәсіптік кешенмен қатар, туризмге жылы шырай керек деген пікірде.
«Экономиканы әртараптандыру дегенде өңірдегі туризм жайлы айтылып жүр ғой. Шынымен де маңғаз Маңғыстау туризмге сұранып-ақ тұр. 360 әулиенің мәңгілік мекенінде көретін, баратын жерлер аз емес. Бір ғана Бозжыра шатқалының атағы алысқа кеткен. Алайда туризм қызыл сөзбен, жалаң ұранмен дамымайды. Оған жақсы жол, сапалы инфрақұрылым керек. Мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Туристерге арнап сервистің де сапасын арттырмаса болмайды», - дейді көріп-білгені мен теріп-түйгені көп ардагер.
Пікірлер (0)