Мұрат Әбенов: «Алаяқтықтың 99 пайызына банк қызметкерлерінің қатысы бар»
Сурет: Ашық дереккөзден
Qasqa Jol YouTube арнасында қонақ болған Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов елді алаңдатқан онлайн-алаяқтық мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Әбеновтің айтуынша, бүгінгі күні қазақстандықтардың алданып қалуына ең алдымен банктердің өз қызметкерлері себеп болып отыр.

«100 пайыз алаяқтықтың 99 пайызында банк қызметкерінің соған тікелей қатысы бар. Міндетті түрде банктің ішінде сыбайласы болады. Мен заңға талай ұсыныс жасадым: СМС код емес, видео-биометрия арқылы растау керек дедім. Бір банктен кредит алса, екіншісі автоматты түрде тоқтатуы қажет дедім. Бірақ Ұлттық банк ештеңе істемей отыр. Себебі ешкім жауапкершілік алғысы келмейді», – деді депутат.
Әбенов Қаржы мониторингі агенттігін де сынға алды. Оның сөзінше, коронавирустың кезінде енгізілген онлайн қол қою тетігі алаяқтарға жол ашып берген.

«Бағдат Мусин министр болып тұрған кезде банктерге рұқсат берілді: үйден шықпай-ақ онлайн келісім жасауға болады деп. Бірақ кейін оны реттемеді. Содан бері адамдардың орнына басқа біреу жеке деректерін пайдаланып, несие алып жүр. Тіпті өліп қалған адамның атынан шот ашып, ақша аударған жағдайлар болды», – деді ол.
Депутат онлайн несие рәсімдеу ережесін түбегейлі өзгерту қажет екенін атап өтті.

«Менің ұсынысым – несие алар кезде әр адам банкке өзі барып, қолын қойып, суретке түсіп, қажет болса саусақ ізін беруі тиіс. Сонда ғана алаяқтықтың алдын аламыз. Жаңа заңға сәйкес, егер биометриясыз несие рәсімделсе, ол қарызды банк сотсыз-ақ жабуы керек. Сондықтан азаматтар жылап отыра бермей, бірден арыз жазуы қажет», – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
Депутаттың айтуынша, банктердің лоббиі мемлекет жүйесіне ықпал етіп отыр, ал оны тоқтатпайынша онлайн-алаяқтық мәселесі шешілмейді.
Пікірлер (0)