Еуропалық сарапшы: «Қазақстан ИИ-ді асығыс енгізсе, ұлттық мүддеден айырылуы мүмкін»

Жаңалықтар
view 128
news

Фото: видеодан скриншот

Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) дамуы қызу талқыланып жатқан шақта, Еуропадан келген халықаралық сарапшы сақтыққа шақырды, деп хабарлайды Janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшысы, ЕО-ның «Жасанды интеллект туралы» заңын әзірлеген топ мүшесі Хенрик фон Шейль жасанды интеллектті бей-берекет енгізудің салдарына тоқталды.

Балаларға шектеу

Фон Шейльдің айтуынша, жасанды интеллект адамның ойлау жүйесін алмастыруға бейім.

«Адам ИИ-ді жиі қолданған сайын, өздігінен ойлану қабілеті төмендейді. Сондықтан Еуропада балаларға қатаң тыйым салынған. Мәселен, Нидерланды, Германия, Швецияда тілдік модельдерді 21 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат. Өйткені ерте қолдану адамның стратегиялық ойлауын тежейді», – деді сарапшы.

Деректер – жаңа капитал

Еуропалық маман Қазақстанға деректердің тағдырына қатысты да ескерту жасады. Оның айтуынша, АҚШ пен Қытай секілді алпауыттар жасанды интеллект арқылы деректерді жинап, болашақтағы табысты өз қолына шоғырландырып жатыр.

«Microsoft немесе Amazon-мен серіктестікке ешкім қарсы емес. Бірақ олар сіздің деректеріңізді қайда, қалай қолданатынын нақты бақылау қажет. Себебі деректер – болашақ капиталыңыз», – деді фон Шейль.

Заң жобасы – уақтылы қадам

Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда әзірленіп жатқан «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын құптап, оның өзектілігін атап өтті:

«Сіздер тәуекелдерді ескерген өзекті заң дайындап жатырсыздар. Бұл – дұрыс бағыттағы қадам», – деді ол.

Айта кетейік, Президент тапсырмасымен бұрынғы Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігі қайта құрылып, «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» болып жасақталды. Алғашқы нормативтік-құқықтық актілер қабылданып үлгерді.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, деректердің қорғалуы мен киберқауіпсіздік мәселесі толық шешілмейінше, цифрландыру елге шығын әкелуі мүмкін.

Еуропалық сарапшының бұл ескертуі – Қазақстанға жасанды интеллектке басымдық бергенде қауіпсіздік пен ұлттық мүддені бірінші орынға қою керектігін тағы бір мәрте еске салды.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *