Мұхит Амантаев қазақ боксшыларының нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеді
Фотосурет kaz.caravan.kz сайтынан алынды
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бапкер Мұхит Амантаев қазақ боксшыларының Олимпиададағы көрсетіп жатқан нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
”Біздің боксшылар созылып, лағып жүреді. Мінез жоқ. Бірінші раундтан бастап өзіңнің жеңіске деген құштарлығыңды көрсету керек. Сонда соңында лоторея сияқты күтпей, мен үш раунд бойы бокс көрсеттім деп, сенімді тұрасың. Бұйырмады дейсіңдер, қашан болады сонда? Келесі олимпиадаға сендер барасыңдар ма, бармайсыңдар ма. Ол үлкен сұрақ. Өзбек боксшылары өте мықты. Дәл мен ойлағандай әрекет етіп жатыр. Жұлқынады, ұрады, мінез көрсетеді. Олар ең аз дегенде 3-4 алтын алады. Екі боксшылары да екі дүркін олимпиада чемпионы болса, сендер өзбектерге жақын арада жете алмайсыңдар. Өзбектер озып кетті”, — дейді ол.
Мұхит Амантаев қазақ боксы жемқорлықтың кесірінен кері кетіп жатқанын да жасырмады.
”Қазақ боксы туралы айтайын. 12-13 жастағы спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жерде бас төрешілік ететін адамды моншаға апарып күтуің керек, ол біздің балалардың жеребесін жеңіл жасап беру керек, бас төрешіге ақша жинауың керек… Осылай жалғаса береді. Ал, біз Қазақстанның болашағы басталатын жерде таланттарды өлтіріп жатырмыз. Нағыз мықты жігіттердің жеңісін алып, көкесі бар, әкесі олигарх балдарға береді. Осындай әрекеттермен біз қазақ боксын өлтіріп жатырмыз”, — дейді бапкер.
Пікірлер (0)