Болашақ Нобелистерді мақсатты түрде даярлау қажет
Руханият
480
Нобель науқаны – дүрбелеңге толы науқан. Төрткүл дүние демін ішіне тартып, жыл сайын қазанды күтіп, сарылады. «Күтіңдер» дегендей Швед академиясы да асықпайды. Бәрін сараптап, жіпке тізгендей етіп, әрқайсына жеке-жеке тоқталады. Жылдың басында ұсынылған кандидаттар жылдың соңына дейін үш кезеңнен өтіп, ақтық мәреге жер сүзе жақындайды.
Салман Рушди – тегі индиялық, Британ жазушысы. 1981 жылы «Іңір балалары» атты романы үшін Букер сыйлығын алды. «Сайтанның саздары» (ма, сандырағы ма?) атты төртінші романы қоғамдық наразылық тудырып, Иранның бас имамы Хомейни оның басын алуға пәтуа шығарған болатын. Осы даудан кейін Британ әкімдігі оны өз қамқорлығына алды. Күні бүгінге дейін ол шығармаларын біріккен корольдік атынан жазып келеді. 1983 жылы Ұлыбританияның Корольдік әдебиет одағына мүше болды. Бірақ оның басына тігілген пәтуа әлі күшін жойған жоқ. Осы жолғы Нобельге басқан қадамы да саяси жағдайдың «былығы» болуы әбден мүмкін. Егер Рушди Нобель сыйлығын алса, Ислам әлемі біріккен корольдікке ультиматум жасауы да ғажап емес. Себебі «Сайтанның саздары» атты кітабы тікелей діннен шыққан, пайғамбарды келеке еткен және оның ілімін «өтірік» деп тапқан арандату кітабы еді. «Тапсырыспен жазылған болуы да мүмкін» деген болжам бар.
Жазушы ретінде Салман Рушди – образды ойлау мен көркем эстетикалық талғамның жазушысы, араб поэтикасын жетік меңгере отырып, «Мың бір түн» бояуларын өз шығармаларында сәтті пайдаланған талғампаз автор. Содан болар, әлем оқырмандары оның шығармаларын саяси агитезасын алып тастап оқығанды жақсы көреді. Ал Нобель бергісі келсе британдықтар мен шведтердің өз қолында.
Сергей Жадан – украиналық ақын, прозаик, эссеші. Биылғы Нобель сыйлығы рейтингіндегі ең жас жазушы. Оның рейтинг бойынша алға шыға беруін сарапшылар тікелей Украинадағы соғыспен байланыстырады.
Бірақ Сергейдің соңғы он жыл бойы басқа мемлекетте тұратынын [Бельгия] және осыған дейін де бірнеше рет Нобельге ұсынылғанын ескерсек, ешқандай саяси мән таппайсыз.
Керісінше, оның прозадағы лексикалық тіліне сүйсінетін пост-кеңестік жазушылар «Ворошиловград» атты романына жоғары баға беріп, «күллі бір ұрпақтың манифесті» деп төрге шығарды. Оның шығармаларында құлаған Кеңес өкіметі және одан қалған «жаралы ұрпақтың» қоғамда өзін таппауы сөз болады. Сергей Жадан –биылғы бәйгенің басты фигурасы. Сергей Нобель алар болса, жас жағынан Киплингтің рекордын жаңартып кетуі мүмкін.
Харуки Мураками – жапониялық постмодернист жазушы, аудармашы, қысқа әңгімелер шебері. Оның кітаптары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған. Бүгінгі әлем әдебиетіндегі ең табысты әрі ең танымал авторлардың қатарында. Оның осы танымалдылығы оған Нобель алуына кедергі болады деген пікір бар. Бірақ соған қарамастан Нобельге қатарынан жетінші жыл ұсынылып жатқан Мураками-сан оқырманның тілегімен алда келеді. Оның жазуы да, Нобельге деген талпынысы да, жүгіруі сияқты, алдыңғы орынды алмаса да, артта қалмайды.
Сәлім Бәрәкат – күрд сириялық жазушы, ақын. 1951 жылы Сирияның солтүстігіндегі Қамысты деген ауданында дүниеге келген. Ата-анасы күрд ұлтынан. Дамаскіде араб тілін зерттеген. Кейін 1972 жылы Бейрутқа көшіп барып, бес өлеңдер жинағы мен екі романын шығарған. 1982 жылы Кипрға келіп, танымал палестиналық акын Махмуд Дарвиш басқарған «Әл-Кармель» әдеби журналында қызмет атқарады. Онда жүріп тағы жеті роман, екі өлеңдер жинағын жазып тастайды. 1999 жылдан бастап Щвецияда тұрады. Оның еңбектері араб, күрд, ассирия, армиян мәдениетін тығыз зерттегенімен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында түріктердің күрд халқына жасаған саяси озбырлығын сөз ете отырып, Ататүріктен кейінгі Түркия мемлекетін «жоғалған Эдем» деп кінәлайды. Батыс Еуропа, Таяу Шығыстың белгілі ғалымдары Сәлім шығармашылығына оң бағасын беріп, оны «құбылыс» ретінде қарастырып отыр. Биылғы әдебиет саласы бойынша «Нобельдің бестігінен» түспей келе жатыр.
Стивен Кинг – америкалық жазушы, сценарист, қысқа әңгімелердің шебері. Жетпіс бес жастағы «қорқыныш королінің» Нобельге аса әуестігі жоқ еді. Биыл аз роман жазғаннан ба, әлде жылдам Нобель алу керек болды ма, әйтеуір рейтинг тақтасынан оқ бойы оза шауып тұр. «Форбес» журналының айтуынша, Стивен Эдвин Кингтің дәл қазіргі қаржылық жағдайы 50 млн АҚШ долларына бағаланады екен. Соған қарамастан жазушы Нобельден де дәмелі екенін жасырмайды. Оқырмандары көп, атағы да аспандап тұр. «Әдебиетке оқырмандар назарын тартқаны үшін» деп берсе де, жарасымды.
Ал ендігі сұрақ; қазақ Нобель алуы үшін не істеуі керек? Бұл тұрғыдан орыстардан үйренеріміз көп. Ресейдің атақты сыншысы, жазушы Дмитрий Быков осыдан оншақты жыл бұрын Нобельді зерттеуге ден қойып, оған тіпті арнайы ютуб бағдарламасын да ашқан болатын. Кейін ол жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауып, телеэкраннан орын тепті. Онда Нобельді зерттеуге отызға тарта мамандар шақырылып, елуге тақау бағдарлама түсірілді. Жалғыз сұрақ сол: «Нобельді қалай алуға болады?». Былай қарасақ олар Нобелистерді қолдан соғып жатыр. Соның нәтижесінде биыл Нобель кандидаттығында Ресейден он шақты үміткер бар. Алдағы жылдары Ресей бұл көрсеткішті ұлғайта түспек.
Бізге де көп шаруаны қоя тұрып, Нобелистерді мақсатты түрде даярлауды қолға алу керек. Бір Нобель керек болса, қазаққа керек. Басқа сала болмаса да, қазақ әдебиетінің, қазақ тарихының, қазақ пәлсапасының бір Нобель алуға хақысы бар. Оған әсіресе 60-70 шы жылдардағы қазақ әдебиетіндегі шығармалар сай. Жақсылап аударып, құнттап, жарнамасын жасап жіберсе, әлем әдебиеті сөрелерінен жарқ ете қалар күн де алыс емес. Ал жас авторлар мақсатты түрде Нобель талаптарына сай жұмыс істесе, алдағы Нобель солардікі.
автор: Жантас Еркінұлы
30/09/2022
Оқи отырыңыз
Руханият
Тоныкөк (еркін әдеби нұсқа)
Пікірлер (0)