Нұрәли Әлиевке тиесілі болған «Транстелеком» тағы дау тудырды

Жаңалықтар
view 75
news

Фотосурет: gov.kz

Бұған дейін 75%-ы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиевке тиесілі болған интернет-провайдер «Транстелеком» қазақстандықтарды жаңылыстырып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі KazTAG-қа сілтеме жасап.

Интернет мәселесіне қатысты шағым түсіруге тырысқанда, «Транстелеком» операторға қосылуға мүмкіндік бермей, тек дауыс хабарламасын қалдыруды ұсынады. Компания пайдаланушыға кейін хабарласамыз деп уәде бергенмен, ол орындалмайды. Яғни, провайдер азаматтарды алдап отыр, – деді бүгін «Транстелеком» пайдаланушысы редакцияға.

Ал редакция оқырманның бұл сөздерін растайтын дәлелдерге ие. Сонымен қатар, Астанадағы «Транстелеком» интернетіндегі ақаулар үшінші күн қатарынан жалғасып келеді.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы 31 мамырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның және оның қазіргі жұбайы Қайрат Шәріпбаевтың балалары туралы айта келе, клептократтардың елден 150 млрд доллар шығарып алғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар ол Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиевке қатысты мәселе көтерген болатын.

Стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» ұлттық компаниясы «Қазақстан темір жолының» құрамынан Нұрәли Әлиевке іс жүзінде тегін берілгенін қалай бағалайсыздар? 210 млрд теңге тұратын және жыл сайынғы табысы 80-90 млрд теңгені қамтитын ұлттық мүлік небары 18,45 млрд теңгеге сатылған. Сонымен қатар, «Транстелеком» 2015 жылы Нұрәли Әлиевке 587 млн теңге, 2016 жылы 940 млн теңге, 2017 жылы 500 млн теңге көлемінде дивиденд төлеген. 2022 жылы төленген дивидендтер көлемі 2,4 млрд теңгені қамтыған. Осындай заңсыз төленген қаржыны қалай қайтаруға болады? – деді сонда депутат.

2023 жылғы 5 шілдеде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сол кезде Нұрәли Әлиевке тиесілі «Транстелеком» өзге операторлармен келісімшартты бұзуға шақырғанын, ал оның заң бұзушылық екенін хабарлаған болатын. Журналист Әсет Матаев та сол кезде «ескі Қазақстан» ықпалының күшеюі мемлекеттілікке қауіп төндіретінін айтқан еді.

Биыл 12 ақпанда KazTAG агенттігі Нұрәли Әлиев «Транстелеком» акционерлік қоғамының басшысы қызметінен кетіп, компания сатылғанын хабарлады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *