Ардақ Назаров әлем чемпионы емес, «мешкобой» болған – журналист
Фотосурет: ашық дереккөзден
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өзін аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы деп атайтыны белгілі. Ал журналист Гүлбану Әбенова оның чемпиондығына күмән келтіріп, спорттық карьерасына талдау жүргізіп көрді. Нәтижесін ол өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Журналист жазбасының толық нұсқасы мынадай:
«Ардақ Назаров бүкіл жерде өзін 3 дүркін Әлем чемпионымын деп таныстырады және көп сұхбаттарында ешқашан жеңілмегенмін, 2 рет қана тең түскенмін дейді. Бұл расында солай ма?
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін, ашық дерек көздеріне жүгінейін. Әлемдік аралас жекпе-жек лигаларының жекпе-жектерінің есебін жүргізетін, солар басшылыққа алатын әлемдік Tapology.com мен Sherdog.com сайттарынан Ардақ Назаровтың жекпе-жек рекордтарына көз жүгіртейік. Оған көз салсақ, кейіпкеріміз 20 рет жеңіп, бақандай 3 рет ұтылып, 1 ретінде ғана тең түскен.

Депутат Назаров 2005 жылы Кореяда Әлем чемпионы болдым дейді. Әлемдік сайттардың статистикасы бойынша, 2005 жылы Назаров (рекорды 15-1) Du Hyung Kim (5-1) деген спортшымен жекпе-жекке шығып, бірінші айналымда-ақ төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп, үйге қайтқан.
Ол турнирде одан басқа 2 қазақ Төлеген Ақылбеков пен Дәнеш Дүнгенбаев, қырғызтандық Замир Сырғабеков пен қазіргі UFC чемпионы Валентина Шевченколар жеңіске жеткен.
Сонда Назаров қалай чемпион боп жүр? 11-0 болғанға дейін тек ДЕБЮТАНТТАРДЫ немесе карьерасын енді бастағандарды ҰТҚАН.

11-0 болған кезде М1 Global ұжымында алғашқы жеңілісіне ұшыраған. Қарсыласы – рекорды 2-0 армян Karen Grigoryan.
Одан бөлек, Назаров Грейси командасының өкілі Брендон Гарнерді ұттым деп сұхбат беріп жүр. Бұл жекпе-жек 2007 жылдың 26 қазанында болған. Бұл жекпе-жекте Ардақ Назаров (16-2) Гарнермен (4-1) әрең тең түскен болатын.

Назаровтың соңғы жеңілісі – 2010 жылдың 9 қазанында болды. Ол жолы Назаров (19-2-1) америкалық Lance Wipf-тен (7-3) жеңілген болатын.
Жоғарыда келтірілген статистикаға қарап, қорыта келгенде, қазіргі кездегі депутат Ардақ Назаров өзі айтып жүргендей ешқандай да әлемнің 3 дүркін чемпионы емес, жекпе-жек тілімен айтқанда, бар болғаны «МЕШКОБОЙ» болғанын көрсетеді. Кәсіби деңгейі қазір еліміздегі Alash Pride, Naiza, OCTAGON лигаларында жүрген ортаңқол спортшылардан төмен болмаса, артық емес».
Пікірлер (0)