Облыс әкімі Қорғалжын тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады
Фотосурет: Aqmola_region
Қорғалжын ауданында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Мерекелік шара аясында театрландырылған көрініс, марапаттау рәсімі, спорттық жарыстар және концерт ұйымдастырылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жергілікті тұрғындарды көктем мерекесімен құттықтап, Наурыз мейрамы жаңару, бірлік пен берекенің нышаны екенін атап өтті. Ол Қорғалжын ауданында ұлттық дәстүрлер ұлықталып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуға да ерекше мән берілетінін жеткізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ақмола облысының дамуына ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Астананы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстыратын автожолдың құрылысы басталады.
Бұл күре жол Жантеке мен Сабынды ауылдарының үстімен өтеді. Бұл өз кезегінде өңірдің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Ауданда маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деп атап өтті облыс әкімі.
Мереке аясында өңір басшысы Қорғалжын ауданының 100 жастағы тұрғыны Макен Баспаеваны құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде ғасыр жасаған кейуана алғысын айтып, батасын берді.
Сондай-ақ, облыс әкімі ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс хат табыстап, аудандық мәдениет бөліміне жаңа автокөліктің кілтін тапсырды.
Марат Ахметжанов мәдениет, тарих және қазақ халқының дәстүрлеріне арналған тоғыз киіз үйді аралады.
Мерекелік шара спорттық жарыстармен және концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында өңір басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты.
Пікірлер (0)