Облыс әкімі «Алтын белгі - 2022» иегерлерін марапаттады
Саясат
291
Көкшетау қаласындағы «Bolashak sarayi» балалар мен жасөспірімдер сарайында биылғы мектеп бітіруші түлектердің арасында «Алтын белгі-2022» иегері атанған оқушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қатарластарынан озық шыққан түлектерді Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады.
«Құрметті түлектер, ұстаздар мен ата-аналар! Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен кұттықтаймын! Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Бүгінгі марапаттарыңыз – 11 жыл бойы алған білімдеріңіздің жемісі, бұл білікті ұстаздарыңыз бен жаупкершілігі мол ата-аналарыңыздың ортақ жеңісі.
Сіздер Жаңа Қазақстанды құруға қадам басқан алғашқы түлектердің бірісіздер. Сондықтан сіздерге үлкен үміт артып отырмыз. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Елімізді әр салада гүлденіру жолында сіздерге серік болатын, ол әрине таудай талап, терең білім, талмай іздену. Ел тізгінін берік ұстап, Жаңа Қазақстанның лайықты азаматтары боларыңа сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент жас ұрпақ тәрбиесіне білім беру ісіне ерекше назар аударып сіздердің сапалы білім алып үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр.
Құрметті түлектер! Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен жоғарғы көрсеткіштеріңмен ғана қуанта беріңдер. Біз сіздерді жоғары білімді жақсы азамат, білікті маман болып, болашақта өңіріміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіреміз. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Бәріңе ақ жол тілеймін», – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Аталмыш шараға облыс бойынша 270 оқушы қатысып, әкімнің қолынан «Алтын белгі» құрмет белгісімен және 100 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал биыл Қосшы қаласында 216 оқушы мектеппен қоштасса, олардың 202-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Олардан 15 оқушы «Үздік атестат» иегері атанып, 8 оқушы мақсат қылған «Алтын белгіні» ойдағыдай қорғап шықты. Қосшы қаласының абыройын асқақтатып, 11 жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың мәртебесін көтеріп, ата-ананың үкіленген үмітін ақтаған мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік оқушыларымызды атай кеткен жөн болар. Олар – Әдемі Мақсұтбек, Аружан Төлепберген, Шырын Тілеген, Анель Жексенбаева, Іңкәр Ғылымбеков, Балауса Дәлелхан, Әлима Қасым және Сымбат Жуманазарова.
Іс-шара барысында түлектер де ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдіріп, жүрекжарды тілектерін жолдады. Дарынды балалардың білім алуына, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасағаны үшін өңір басшылығына да ризашылықтарын аямады.
Ардақ ЗҰЛҚАЖАПҚЫЗЫ
Пікірлер (0)