«Өнер – халық қазынасы»: Қосшының мәдени-рухани әлеуеті асқақтады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов
Бүгінде Ақмола облысы бойынша ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында «Өнер – халық қазынасы» атты ауқымды халық шығармашылығы байқауы белсенді түрде өткізіліп отыр. Бұл мазмұнды мәдени іс-шара қазақтың ұлттық өнерінің бай мұрасын барынша дәріптеу мақсатында қолға алынған. 23 сәуірде Қосшы қаласы Қоғамдық мәдени-спорт кешенінің аумағында да дүркіреп өтті. Бір ғажабы, осы бір рухани сабақтастық пен мәдени үндестіктің жарқын көрінісін тамашалауға келіп, иін тіресе жүрген жұрт қатарында қисап болмады, деп жазады JANABASTAU.KZ.
Шығармашылық додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнер иелері анықталып, сахна төрінде өз шеберліктерін паш етті. Осылайша, құрылғанына бес жыл толып отырған жас қалада ән мен күй, би мен театр, дәстүр мен жаңашылдық үндесіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға мыңнан аса өнерпаз қатысқан.
Еске сала кетсек, Қосшы қаласы – еліміздегі ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан шаһарлардың бірі. 2021 жылғы 26 шілдеде президенттің №629 Жарлығымен қала мәртебесіне ие болған бұл аймақ бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ілгерілеп келеді. Ресми деректерге сәйкес, қалада 68 мыңнан аса адам тіркелген болса, бейресми көрсеткіш бойынша халық саны 100 мыңнан асады.

Осы орайда баса тоқтала кетер жайт, Қосшының алғашқы бес жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері түрлі мәдени, рухани, инфрақұрылымдық және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтіп келеді. Ал олардың жақсы өтуіне ұйытқы болып тұрған Қоғамдық мәдени-спорт кешені – қаланың мәдени өміріндегі басты нысандардың бірі. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл кешен спорттық, білім беру және мәдени демалыс бағыттарын біріктіретін әмбебап орталық саналады. Мұнда 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған концерт залы, көрме және конференция залдары, түрлі студиялар, коворкинг аймақтары мен оқу залы бар кітапхана қызмет көрсетеді. Сонымен қатар кешен аумағында спорт алаңдары, воркаут аймақтары, серуендеуге арналған аллеялар орналасқан. Балалар үшін робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді десек, сонымен қатар ересектерге арналған шығармашылық және демалыс кеңістіктері де қарастырылған.
Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі – оның ауқымдылығы мен мазмұн байлығында. Байқау тек сахналық қойылымдармен шектелмей, кешеннің ішкі және сыртқы аумағын толық қамтыды. Келушілерді кіреберісте «Ән-қанаты» және «Әуен» хор ұжымдары Сәуле Боранбаеваның «Самға, Қазақстан» әнімен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлайды. Сондай-ақ әртүрлі жас санатындағы қатысушылардың бір сахнада өнер көрсетуі – ұрпақтар сабақтастығының айқын дәлелі.

Биылғы байқаудың жаңалығы ретінде заманауи көрме залында көлеңке театрының қысқа қойылымы ұсынылды. Айта кетсек, бұл – 1 500 жыл бұрын Азияда пайда болған ерекше өнер түрі. Қытай мен Үндістанда кең тараған көлеңке театры уақыт өте келе Еуропа елдеріне де жетіп, әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Қосшыда бұл бағытты аниматор әрі актер Жақсығали Мұхит қолға алып, мемлекеттік грант аясында дамытып келе жатыр. Қойылымда адам өмірінің кезеңдері – дүниеге келу, өсу, қалыптасу сынды маңызды сәттер көркем тілмен бейнеленеді.
Ал көрме залында «Киелі өнердің өшпес ізі» атты халықтық және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Онда танымал шеберлер Бектас Кәрім, Асқат Бозымбай, Нұржан Ділманов, Гаухар Қанатбаева, Әлия Қалиасқарова, Әбілқайыр Оразақов, Ертай Сәрсенов сынды өнер иелерінің туындылары қойылған. Сонымен қатар жас шеберлердің де еңбектері көрермен назарына ұсынылып, шығармашылық сабақтастық жалғасын тапты. Келушілер көрмені тек тамашалап қана қоймай, шеберлік сағаттарына қатысып, өз қолымен бұйым жасап көруге де мүмкіндік алды.

Кеш аясында тарихи мазмұндағы «Тас дүкен» жәрмеңкесі де шебер ұйымдастырылды. Бұл бөлім Қосшы қаласының өткеніне үңіліп, Қосшығұловтар әулетінің кәсіпкерлік тарихын таныстырды. Артқа шегініс жасасақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында бұл әулет қазақ даласындағы ірі саудагерлердің бірі болған. Олар кірпіш өндірісі, тері өңдеу, көлік жасау ісімен қатар, шетелдік өнімдерді саудалаумен де айналысқан. Тіпті, олардың фабрикасында өндірілген тәтті өнімдер патша сарайының дастарханына дейін жеткен. Кешегі жәрмеңкеде сол кезеңнің атмосферасы қайта жанданып, ұлттық спорт пен дәстүрлі ән өнері көрініс тапты.
Музыкалық бағдарлама да ерекше мазмұнға ие. Құрамы тек ер балалардан құралған «Шертер», «Алтын перне» және «Әлқиса» домбырашылар ансамбльдері, сондай-ақ өнер орталықтарының тәрбиеленушілерінен құралған 100-ден аса жас оркестр «Ер Тұран» күйін орындап, көрерменді тәнті етті. Бұл – ұлттық аспаптық өнердің қуатын сезіндіретін әсерлі сәттердің бірі.

Сонымен қатар биыл күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай арнаулы көрме ұйымдастырылып, жас суретшілердің туындылары ұсынылды. Дәулескер күйшінің домбырашылар ансамблінің орындауындағы шығармалары рухани кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Жалпы алғанда, бұл ауқымды Гала-концертте 30-ға жуық шығармашылық ұжым өнер көрсетті. Олардың қатарында «Замандастар» халықтық хоры, «Есіл Нұра» фольклорлық ансамблі, «Qosshy band» вокалды-аспаптық тобы, «Тарту» ансамблі және отбасылық шығармашылық ұжымдар бар. Бұл – өнердің тек кәсіби деңгейде ғана емес, отбасылық дәстүр ретінде де дамып келе жатқанын айқын аңғартады.

Осыдан-ақ қазіргі Қосшының тек инфрақұрылымдық жағынан емес, рухани-мәдени тұрғыдан да қарқынды дамып келе жатқанын көруге болады. Қаланың мәдени орталығы әлдеқашан шығармашылық пен білімнің, демалыс пен дамудың ордасына айналған. Өйткені мұнда жас буынға да, ересектерге де тең мүмкіндік жасалып отыр.
Қысқасы, «Өнер – халық қазынасы» байқауы Қосшы қаласының мәдени әлеуетін тағы бір айқындап берді десек, артық айтқандық емес.

Пікірлер (0)