Қосшыда «Жаңа қала – Таза қала» экоплоггингі өтті (ФОТО)
Фото: Ағыбай Аяпбергенов
Бүгін Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Жаңа қала – Таза қала» атты ауқымды экоплоггинг ұйымдастырылды. Қала аумағын тазалауға бағытталған бұл іс-шара тек сенбілік форматымен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үндеген мазмұнды бастамаға айналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Акцияның басты ерекшелігі дәстүрлі тазалық жұмыстарын саламатты өмір салтымен ұштастыруында болды. Плоггинг деп аталатын бұл бағытта қатысушылар жол бойындағы қоқысты жүгіріп жүріп жинайды. Осылайша, бір жағынан денсаулықты нығайтса, екінші жағынан қоршаған ортаны тазартуға үлес қосады.

Іс-шараны Ақмола облысы мен Қосшы қаласының әкімдіктері ұйымдастырды. Оған «AMANAT» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, еріктілер және белсенді жастар қатысты. Сонымен қатар Ақкөл, Шортанды, Аршалы, Целиноград және Қорғалжын аудандарынан келген жастар да акцияға үн қосып, жалпы қатысушылар саны мыңнан асты.

Жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, белгілі спортшы Темір Сыпатаев, «Жасыл ел» штабының өкілі Мәдина Ізбасарова, «Esbol Qory» төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі Жандос Ақтаев және Қосшы қаласы Жастар ресурстық орталығының маманы, эко-белсенді Иназ Каукенова сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.

«Таза Қазақстан – өзімізден басталады!» ұранымен өткен акция бұқаралық жаттығумен басталды. Оны бодибилдингтен бірнеше дүркін ел чемпионы Елена Матвиенко жүргізді. Кейін қатысушылар 10 топқа бөлініп, алдын ала белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Әр топқа жетекшілер бекітіліп, жұмыс жүйелі ұйымдастырылды.

Бұл Қосшы қаласында жүргізіліп жатқан көктемгі абаттандыру жұмыстарының бір бөлігі ғана. Қазір қалада көшет отырғызу, жасыл желектерді күтіп-баптау, су айдындарын тазарту және балалар алаңдарын ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде 30 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Расында да, бұл іс-шара бір күндік сенбілік емес, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертетін маңызды қадам болғаны анық.

Пікірлер (0)