Қазақ тілін қажеттілік туған соң үйрендім – Қосшы тұрғыны Юлия Ким
Фото: Юлия Кимнің жеке мұрағатынан
Қосшы қаласының тұрғыны Юлия Ким қазақ тілін үйренуді кездейсоқ емес, саналы қажеттілік деп санайды. Оның айтуынша, бірнеше тілді меңгергенімен, өз елінің мемлекеттік тілін терең білмеу үлкен олқылық болған. Бүгінде ол қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолданып, ұлттық мәдениетті де тереңірек түсіне бастағанын айтады, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Оның сөзінше, қазақ тілін үйренуге деген шешім бір сәттік емес, ішкі қажеттіліктен туған.
Біріншіден, менің ойымша, саналы қажеттілік туындады. Мен корей, ағылшын, орысша білемін, бірақ өз Отанымның тілін білмеген едім. Міне, енді оны Тіл орталығына барып, үйреніп жүрмін, – дейді ол.
«Тілдерді оқыту орталығында оқу үдерісі қалай өтіп жатыр? Қандай қиындықтар мен қызықты сәттер бар?» деп сұрадық біз кейіпкерімізден.
Ол тіл үйрену үдерісінің аса күрделі болмағанын атап өтті. Қазіргі форматтың ыңғайлы әрі түсінікті екенін айтады.
Маған бұл формат ұнайды. Ешқандай қиындықтар жоқ, – дейді Юлия Ким.
Бүгінде ол қазақ тілін тек оқу барысында ғана емес, күнделікті өмірде де белсенді қолданады.
Дүкенде, автобуста, әріптестеріммен сөйлескенде қазақ тілін қолданамын. Сонымен қатар қазақ тіліндегі музыканы да жиі тыңдаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Юлия Ким қазақ тілін меңгеру арқылы ұлттық мәдениетке деген көзқарасының да тереңдей түскенін жеткізді.
Мен әрқашан қазақ дәстүрлері мен мәдениетін құрметтедім және құрметтей беремін. Бірақ қазір мәдени кодты тереңірек түсіне бастадым деп ойлаймын, – дейді ол.
Сонымен қатар Юля Қосшыдағы Тілдерді оқыту орталығының жұмысына оң баға беріп, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту қажет екенін айтты. Әсіресе, балаларға арналған топтарды көбейту маңызды деп есептейді.
Тілдерді оқыту орталығының жұмысын жақсы деп бағалаймын. Дегенмен балаларға арналған топтар ашылса, тіпті жақсы болар еді, – дейді кейіпкеріміз.
Сөз соңында ол қазақ тілін үйреніп жүрген немесе үйренгісі келетін жандарға өз кеңесін берді.
Қателіктер жасаудан қорықпаған жөн және тілді үйрену мүмкіндігін пайдалану қажет, – деп сөзін түйіндеді ол.
Ғани АТЫМТАЙ
Пікірлер (0)