Ақмола облысының фермерлері Қосшыда бас қосты

Қосшы жаңалықтары
view 325
news

Фото: Үкімет

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қосшы қаласында Ақмола облысының фермерлерімен кездесті. Бұл туралы Қосшы қаласының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси "Jana Bastau" газеті жазды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Айта кетсек, Ақмола облысы – еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі. Өңір экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 15%-ды қамтиды. Былтыр мұнда 7,6 млн тонна астық жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Бұл көрсеткіш – республикадағы жалпы өнімнің төрттен бірінен астамы.

Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру да қарқын алып келеді. Былтыр майлы дақылдар көлемі алғаш рет 500 мың гектарға жетіп, 2,5 есе ұлғайды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, биыл бұл көрсеткішті 580 мың гектарға дейін арттыру жоспарланған. Жалпы егіс көлемі 5,6 млн гектарды қамтиды.

Кездесуде Салық кодексіндегі жаңа нормалар мен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бұл жоспар саладағы жүйелі мәселелерді, әсіресе, өндірістің барлық кезеңіндегі қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталғанын атап өтті. Жобаны іске асыруға 374 млрд теңге қарастырылған.

Наурыз айынан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын «Игілік» және «Береке» несиелік бағдарламалары іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға арналған. «Игілік» бағдарламасы орта шаруашылықтарға (100-500 ірі қара, 500-1000 ұсақ мал), ал «Береке» ірі шаруашылықтарға (500 ірі қара және 1000 ұсақ мал) бағытталған. Алдағы уақытта басқа мал түрлеріне де жеңілдетілген несиелер қарастырылмақ.

Серік Жұманғарин импортқа тәуелді азық-түлік өндірісін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу негізгі басымдық болып қала беретінін алға тартты. Оның айтуынша, 2026 жылы мал шаруашылығын елдің бәсекелестік артықшылығына айналдыруға ерекше назар аударылады.

Кездесуде диқандар бірқатар ұсыныс айтты. «Отан» агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр жер ресурстарына байланысты тиімділіктің нақты көрсеткішін белгілеуді және оны мемлекеттік қолдау көрсету кезінде ескеруді ұсынды. Сондай-ақ жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қажет. Ал бұл оның рентабельділігін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аграрлық селекциялық жұмыстарды, атап айтқанда, қолдан ұрықтандыру ісін дамытуға, отандық және импорттық асыл тұқымды малды субсидиялау шарттарын теңестіруге баса назар аударылды. Оның айтуынша, отандық асылтұқымды мал сырт жердікінен кем түспейді және жергілікті жағдайға толықтай бейімделген.

Бизнес өкілдері нақты мәселелерді қозғады. «Логос грейн» тобының директоры Арман Құдайбергенов ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаушыларға ҚҚС өтеу тетігі бойынша сұрақ қойып, астықты экспортқа жеткізуге көліктік субсидия төлеу мерзімін нақтылады.

«Agro Milk Projekt» ЖШС директоры Юрий Швец 2024 жылы ӘКК арқылы жеңілдікті несиеге сүтті мал сатып алып, 400 басқа арналған ТСФ құрылымын өз бетінше тұрғызғанын айтты. Жақын арада кәсіпорын кеңейтіліп, тағы 300-ге жуық сүтті мал сатып алуды жоспарлап отыр.

Құрылыс-монтаж жұмысын жеңілдікпен несиелеу мүмкіндігі мәселесі де көтерілді. Барлық сұраққа аграршылар толық жауап алды.

Жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин өңірдегі бірқатар кәсіпорынды аралады. Соның бірі – «Алтын Қазық» ЖШС. Кәсіпорын шикізат өндіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды. Оның құрамында бордақылау алаңы, сою цехы, ветеринарлық зертхана, көкөніс қоймасы және шұжық өндірісі бар. Жалпы жер көлемі – 12 мың гектар, оның 1 мың гектары – суармалы. Жылына 10 мың тоннаға дейін ет өнімін өңдейді. Қазір кәсіпорын Қатарға өнім экспорттап, БАӘ нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «IL-TOV» ЖШС (Aitas тобы) зауытында тауық етін терең өңдеу жолға қойылған. Оның ішінде мұздатылған жартылай фабрикаттар да бар. Кәсіпорын жылына 3 346 тонна өнім шығарады. Алдағы үш жылда өндірістік қуатты ұлғайту көзделіп отыр.

Жақын арада ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлері үшін де несие беру бағдарламалары кеңейтіледі.

Серік Жұманғарин импортқа тәуелділік сақталатын азық-түлік өндірісін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді тереңдету басымдық ретінде қалып отырғанын баса айтты. Мемлекет бүгінде саланы қолдау құралдарын күшейтіп отыр. Бұл ретте 2026 жылы мал шаруашылығын еліміздің бәсекелестіктің артықшылығы ретінде дамытуға басты назар аударылды.

 Ғани АТЫМТАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *