«Оның екі ауыз сөзі мен үшін мемлекеттік қай марапаттан да қымбат» – Нұрғали Нүсіпжан
Фотосурет: әлеуметтік желіден
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің тұсауын кешкен алғашқы әнші екенін жазып, шығармашылық жолында ықпалын тигізген тұлғаларға жазба арнады.
"Иә,бисмилләхи-рахмани-рахим. Жазып та келем, айтып та жүрмін. Тұла бойы талантқа тұнған тау тұлғалардың тәлімін алып, тәрбиесін көрдім. Бірінші бақытым – Ахмет Жұбановтың шәкірті атанғаным.Екінші бақытым – Дінмұхаммед Қонаевтай бірегейдің ілтипатын көріп, ыждаһатпен қараған ықыласына бөлендім. Үшінші бақытым – консерваторияда оқи жүріп Шәмші Қалдаяқов әндерінің кіндігін алғаш кескен адаммын. Төртінші таудай бақытым – Нұрғиса Тілендиевпен 51 жыл дос болдым. Нұр Ағаның:
"Адалым-ау, Жалғызым-ау" деп еркелеткен екі ауыз сөзі мен үшін мемлекеттің қай марапаттан да қымбат, қастерлі әрі қадір екенін астын сызып және бір айтқым келеді. Өміріме мән берген, сән берген асыл азаматтардың бекзат болмысына басымды иіп, мәңгілік тағзым етемін. Ғұмырыма жетер ғибрат берген ұлы ұстаздарымды теңіз түбіндегі інжу-маржандарға теңер едім. Олар ғасырда бір туатын ғұламалар, өмірге екі келмейтін ғажап жандар. Мен сол АҒАЛАРДЫҢ аманатын арқалап қалған адаммын. Бақытымды да, бағымды да еңбектен тапқан ермін, еліммен біргемін-жұртымның ортасындамын. Теңіз ойдың түбінен сөз маржанын терген серігім бар. Ауырғанда арқа сүйер, қиналғанда қалқан болар адамды бұйыртқан Аллаға-тәубәмді қабыл алып, иманымды беріктегені үшін қарыздар қазақпын. Аллаға-тәубәмді қабыл алып, иманымды беріктегені үшін қарыздар қазақпын. Бүгінім үшін Аллаға шүкір етемін, болашағым үшін де Аллаға тәуекел етемін. Қара орман қазағым аман болсын, Алла-Тағаллам алты алашты іштегі даудан, сырттағы жаудан сақтағай. Менің барым да, нарым да өздеріңіз айналайын ағайындарым, тілеулестерімді іні, қарындастарым деп қабылдаған адаммын бір сөзбен айтқанда мен халқыммен баймын", – деп жазды әнші.
Пікірлер (0)