Орал: "Әділетті Қазақстан" ұраны сатылымда – 10 сотық, 5 миллион

Жаңалықтар
view 116
news

Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында жер телімін кезектен тыс алу қазір арман емес, арманнан да бетер дүниеге айналды. Әкімдік дерегіне сүйенсек, жеке тұрғын-үй салуға кезекте 90 мыңнан астам адам тұр. Осы жалпы кезекте тұрғандар жылына зорға дегенде бір-екі мың жер алып үлгереді. Алайда дәл осы кездері қаланың оңтүстігінде, «ОРАЛ» белгісі мен Круглоозёрное ауылы арасындағы 248,2 гектар ауылшаруашылық жері әп-сәтте жекенің қолына өтіп, 10 сотық телімдерге бөлініп, 5 млн теңге бағамен ашық саудаға шығып кетті. Сатылымды жарнамалаған бейнеролик Instagram-дағы @ipkubeev парақшасында жарияланды.

Бұл материалда жердің қолма-қол қомақты табыс әкелетін «қолдан жасалған шағын ауданға» айналу схемасын тарқатып, заңгерлер мен жергілікті шенеуніктердің жауапкершілігін талдаймыз. Сонымен қатар облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің жауапсыздығы жайлы «жақсылап» айтамыз.

2007-ден басталған ұзақ «көлеңке»

Әңгіменің басын мынадан бастайық:

2007 жыл, 7 маусым – сол кездегі Орал әкімі Сағынбек Мұташев №1266 қаулысымен Круглоозёрное маңындағы ауылшаруа­шылық алқапты жеке кәсіпкер Михаил Калентьевке береді.

Одан кейін 2007 жыл, 8 маусым – №2408 сатып-алу шарты жасалып, меншік құқығы бекітіледі.

Сосын 2011 жыл, 17 қаңтар – Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің №4 бұйрығы шығып, алқапқа мемлекеттік акт (№0212642) ресімделеді.

Соңында 2020 жыл, 26 наурыз – Михаил Калентьев 248,2 га жерді «Алек Кубеев» ЖК-не сатып, құны ондаған есе өскен активті өткізеді.

Содан бері төрт жыл өтпей жатып, жаңа иелер жерді әрқайсысы 10 сотықтан бөлшектеп, нарыққа «элиталық коттедж қалашығы» ретінде шығара бастады.

Бюджет ­– шығын, аралық делдал ­– табыс

Қазақстанда ауылшаруа­шылық жердің кадастрлық бағасы гектарына 40-60 мың теңгеден аса бермейді. Ал Oрал төңірегіндегі телімдер қазір гектарына шамамен 50 млн теңгеге бағалануда. Яғни 248 гектардан жекеменшік қожайын 12 млрд теңгеге жуық «курс айырмасын» қалтаға басты, ал жергілікті бюджетке түскені – кадастрлық тиын-тебен ғана.

Конституцияға қарсы қадам – заңгер сөзі

«Оралда жер жоқ екенін және жеке үй салуға жерге кезектегілердің 90 мың болғанын ескерсек, ауылшаруашылығы санатынан басқа санатқа ауыстырып, оны жүздеген учаскеге бөліп, сатуы – кәсіпкердің шағын аудан не ауылды «ҚОЛДАН ЖАСАУЫ» Конституцияға қайшы.», – дейді белгілі оралдық заңгер Бауыржан Зәки.

Жер кодексінің 97-бабы ауылшаруашылық алқапты тек ауылшаруа­шылық мақсатта пайдалануды талап етеді. 44-1-бапта жерді басқа санатқа ауыстыру үшін қоғамдық тыңдау өткізу және уәкілетті органның ашық шешім шығару міндеті жазылған. Бірақ 248 гектарды «тұрғын-үй» санатына өткізген қандай құжат бар екені ашық дереккөздерде көрсетілмеді.

Неге дәл қазір шу шықты?

@ipkubeev парақшасындағы жарнама Instagram қолданушылары мен жер кезегінде жылдар бойы күтіп отырған тұрғындарды ашындырды. Себебі бейнероликте дронмен түсірілген жайқалған дала көрсетіліп, «газ – су – электр дайын», «құжаттары толық», «10 сотық – 5 млн тг» деген жазулар пайда болады. Ролик жарияланған сәттен бастап небәрі бірнеше күнде 50-ге жуық телімге алдын-ала төлем жасалғаны туралы бейресми ақпарат тарады. Араға уақыт салып «әкімдік бәрін заңдастырып, инфрақұрылым тартып береді» деген уәде берілген. Бұл – жерді «арзан» санатқа алудың классикалық үлгісі.

Әкімдердің сүйкімсіз үнсіздігі

Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысын 2022 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. 2023-2024 жылдары ол бірнеше рет «жер тапшылығы – өңір үшін ең күрделі мәселе» дегендей мәлімдеме жасаған еді. Бірақ дәл өз облысында жүздеген гектар жердің осылай сатылып жатқанына орай бірде-бір баспасөз жиынын өткізген жоқ, тек «құзырлы органдар тексереді» дегендей бір ауыз сөзбен шектеліп отыр.

Ал Мұрат Байменов Орал қаласының әкімі болып 2024 жылдың қазанында тағайындалды. Жаңа қызметіне кіріскен алғашқы айда «жер кезегін қысқарту үшін инфрақұрылымдық жоба дайындаймыз» деген сыңайдағы әңгімені айтып еді, бірақ 248 гектар телімді сатуға мораторий жариялауды немесе жерді мемлекетке қайтаруды қолға алған жоқ. Әлеуметтік желіде тұрғындардың сауалына да жауап бермеді. Қысқасы, екі әкім де өз халықының орнына сатушы кәсіпкердің мүддесін «көздің қиығымен» қолдап отыр деген күдік қоюлана түсті.

15 сәуірдегі «кездесу» – көзбояушылық па?

Орал қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Жұматаев бастамасымен жерге қатысты көшпелі жиын өтті. Оған Amanat партиясы БҚО филиалы хатшысы Азамат Сафималиев, қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов, жер қатынастары бөлімінің басшысы Мирас Мұхитов, журналистер және прокуратура өкілдері қатысты. Алайда жиыннан кейін «хаттама әзірленеді» деген жалғыз сөйлемнен басқа ақпарат көрінбеді. Бұл – биліктің арасында тартылған жауапкершілікті бір-біріне ысырып, көпшілік назар басылғанша уақыт созудың әдеттегі тактикасы.

Экономикалық және әлеуметтік зардап

Бұдан өңірде қандай экономикалық, әлеуметтік мәселе туындауы, тіпті ушығуы мүмкін. Соған тоқталайық:

Бірінші – инфрақұрылым қысымы. Электр, су, кәріз желілері бұл аумаққа мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланбаған. Егер инвестор тартып берген күннің өзінде шығын ақыр соңында жер сатып алғандар мен қала бюджетінен өтелуі ықтимал.

Екінші – баспананың қымбаттауы. 5 млн теңгелік 10 сотық – орташа табысты жас отбасылар үшін қол жетпейтін шек. Жаңа «элит аудан» құрған алыпсатарлық қала ішіндегі бағаны да өсіреді.

Үшіншісі – әрине, әлеуметтік теңсіздік. Он-жүз мың тұрғын әділетті кезегін күтіп отырғанда, қолында қаржысы бар инвесторлар «арнайы экономикалық аймақ» секілді жеңілдікпен жер алып, бір күнде оңай олжаға кенелуі қоғамда наразылықты күшейтеді.

Заңды бұзу тізбегі қалай «жүзеге асты»?

- Ауылшаруашылығы санатындағы алқапқа қоғамдық тыңдау өткізілмеген.

- Жерді басқа санатқа ауыстыру туралы уәкілетті органның ашық шешімі жоқ.

- Жер телімдерін сату кезінде аукцион жарияланбаған, ал жеке кәсіпкер қолындағы активті тікелей сатқан.

- Жер кодексінің 6-бабында көрсетілген «жер – халыққа тиесілі» принципі өрескел аяққа тапталған.

Кінә кімде?

Болған жайтқа әрине, ең бірінші кінәлі адам – Нариман Төреғалиев. Себебі ол – облыс әкімі ретінде өңір жерінің сақталуына, жерді ұтымды әрі әділ пайдалануына жауапты тұлға. Оның үнсіздігі – рұқсаттың үндемей берілгенін дәлелдейді.

Екінші кінәлі адам – Мұрат Байменов. Ол – қалалық жер комиссиясының төрағасы. Кезекте тұрған 90 мың адамның мүддесін қорғаудың орнына, оларды «кабинеттен шығармай» қойған әкім ретінде есте қалды.

Одан кейінгісі – бұрынғы әкімдер мен жер қатынастары бөлімінің экс-басшылары. Өйткені бұлар да – мәміленің құқықтық негізін жасаған негізгі фигуралар. Аймақтағы бар дабыра – қазір мәселені біржақты халықтың пайдасына шешу үшін емес, «дау басылып, шаң-тозаң басылғанша» уақыт ұту үшін жүргізіліп жатқандай көрінеді.

Не істеу керек енді?

Заңдық-құқықтық негізде мына нәрселер орындалуы қажет: Прокуратуралық кешенді тексеріс жүргізіп, мәмілелерді сот арқылы жарамсыз деп тану; Телімдерді мемлекетке қайтарып, ашық аукционға шығару және кезекте тұрғандарға басымдық беру; Жерді сату-сатып алу кезінде алынған заңсыз табысты бюджетке қайтару; Облыс және қала әкімдерінің қызметтік жауапкершілігін орталық деңгейде қарау; Жер кодексіне түзету енгізіп, ауылшаруа­шылық жерді тұрғын-үй санатына ауыстыруға республикалық деңгейдегі қоғамдық тыңдау талап ету.

248 гектар – қағаздағы жай цифр емес, бұл – Орал қаласының және Батыс Қазақстан халқының келешегі. Бүгін ол жер сыбайлас мәміле арқылы жекенің меншігіне өткен болса, ертең дәл осындай схемамен басқа агрожерлер тағы да қолдан жасалған «шағын ауданға» айналуы мүмкін.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жергілікті халықтың сенімін ақтағысы келсе, бірінші кезекте 248 гектарды мемлекетке қайтаруға әрі жер кезегіндегі 90 мың адамның конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Әйтпесе «әділетті Қазақстан» ұраны Oрал топырағында тағы бір бос уәде болып қаларына анық көзіміз жетіп отыр...

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *